Қазақстанда маусым айында шамамен 20,1 мың тонна балмұздақ өнімдері өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116%-ға, ал мамыр айымен салыстырғанда 99%-ға көп. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Data Hub зерттеуіне сілтеме жасап хабарлайды.
Зерттеу мәліметіне сүйенсек, қазіргі өндіріс көлемі бұрынғы көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары. Мәселен, ол соңғы бес жылдағы маусым айының орташа деңгейінен 2,5 есе көп және кем дегенде 2010 жылдан бергі осы кезеңдегі ең жоғары көрсеткіштен (2016 жылғы шілдедегі 10,8 мың тонна) 85%-ға артық.
Балмұздақ түрлері арасында ең жоғары өсім пломбирде тіркелді. Оның өндірісі 10,2 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 3,6 есе, ал мамыр айымен салыстырғанда 2,9 есе артқан.
Сонымен қатар сүтті балмұздақ өндірісі де айтарлықтай өсті. Оның көлемі бір жыл ішінде 75%-ға, ал бір айда 57%-ға көбейіп, 7,5 мың тоннаға жетті.
«Өндірістің ақшалай көлемі де едәуір артқан. «Балмұздақ өндіру» қызметімен айналысатын кәсіпорындардың жалпы өндіріс көлемі 24,3 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш өткен аймен де, өткен жылмен де салыстырғанда шамамен екі есе жоғары болды. Жалпы, еліміздегі балмұздақ өндірісі соңғы уақытта тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2024 жылдың соңынан бері өндіріс көлемі ай сайын өткен жылдың сәйкес кезеңінен жоғары болып отыр. 2025 жылы орташа жылдық өсім 32% болса, 2026 жылы әзірге бұл көрсеткіш 60%-ды құрады», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, балмұздақ өндіруші кәсіпорындар негізінен Алматы облысында жаңа өндірістік құрал-жабдықтарға қомақты инвестиция салды. Осы серпіннің нәтижесінде Қазақстан өткен жылы тарихта алғаш рет балмұздақ экспорттаушы елге айналды. Жыл қорытындысы бойынша шетелге экспортталған балмұздақ көлемі импорттан асып түскенін бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлаған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
