Электронды сауда әлемдік экономиканың ғана емес, Қазақстан экономикасының да басты қозғаушы күштерінің біріне айналды. Бұрын ғаломтор арқылы киім-кешек пен тұрмыстық техниканы ғана сатып алатын қазақстандықтар бүгінде азық-түліктен бастап күнделікті тұтынатын ұсақ- түйекке дейін онлайн тапсырыс береді.
Қазақстанда электронды сауда пандемия кезінде бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсті. Егер 2021 жылы электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесі небәрі 3,6% болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш бірден 12,5%-ға жетті. Яғни, өсім 8,9% тармақты құрады. Ал 2023 жылдың қорытындысында үлес 13%-ға дейін көтеріліп, өсім қарқыны баяулағанымен, нарықтың тұрақты даму кезеңіне өткенін көрсетті.
2024 жылдың қорытындысында ішкі электронды сауда көлемі 3,2 триллион теңгені құрап, бөлшек сауда айналымының 14,1%-ын қамтамасыз етті. Бір жылдың ішінде нарық 33%-ға өсіп, қосымша 800 миллиард теңгеге артқан.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша маркетплейстерді ескере отырып, электронды сауда нарығының көлемі 3,8 триллион теңгені құрады. Оның ішінде электронды коммерция платформалары арқылы жүзеге асқан сауда айналымының үлесі 86% немесе 3,2 триллион теңге болса, меншікті интернет-ресурстар арқылы өткізілген тауарлардың көлемі 531 млрд теңгені, яғни 14%-ды құрады.
Бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші – маркетплейстер. Кейінгі бірнеше жылда олар интернет арқылы сауда жасаудың басты алаңына айналып, кәсіпкерлер мен тұтынушылардың күнделікті өміріне етене енді. Қазақстанда мұндай модель 2018 жылдан бастап белсенді дами бастады. Қазіргі уақытта еліміздегі экономикалық белсенді 9,5 миллион адамның шамамен 5 миллионы электронды коммерция саласына тікелей немесе жанама түрде қатысады.
Әлемдегі электронды сауда көшбасшылары
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы сауда саласының келбетін түбегейлі өзгертті. Бүгінде интернет арқылы сауда жасау әлем тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Сарапшылардың мәліметінше, қазір әлем халқының шамамен 33%-ы, яғни 2,8 миллиардқа жуық адам интернет дүкендер арқылы сатып алады.
Қытай қазір электронды коммерция саласында әлемдегі ең ірі нарыққа ие мемлекет саналады. Елдегі Alibaba, JD.com және Pinduoduo секілді алып платформалар миллиардтаған долларлық сауда айналымын қалыптастырып отыр. Қытайлық маркетплейстердің жылдық сауда көлемі шамамен 3 триллион АҚШ долларына жетеді. Бұл әлемдік онлайн сатылымның жартысына жуығын құрайды.
Қытайдағы электронды коммерцияның басты ерекшелігі – мобильді сауданың жоғары деңгейде дамуы. Тұтынушылардың шамамен 70%-ы барлық сауданы смартфон арқылы жүзеге асырады. Қытайлық платформалар ЖИ-ді кеңінен пайдаланып, әрбір сатып алушының қызығушылығына сәйкес жеке ұсыныстар қалыптастырады. Бұл тұтынушылардың маркетплейсте ұзақ уақыт қалып, көбірек сатып алуына ықпал етеді.
Электронды коммерция саласындағы тағы бір ірі нарық – АҚШ. Елдегі интернет сауданың жылдық айналымы 1 триллион доллардан асады. Америкалықтардың басым бөлігі тапсырысты әлемдегі ең танымал маркетплейстердің бірі – Amazon арқылы береді. Статистика бойынша платформаның сайтына ай сайын шамамен 2,5 миллиард адам кіреді. Amazon-нан кейін АҚШ-та Walmart пен Apple интернет дүкендері де кеңінен қолданылады. Америкалық электрондық коммерцияның негізгі артықшылығы – дамыған логистика. Көптеген өңірде тұтынушылар тапсырысын бір күннің ішінде, кей жағдайда бірнеше сағат ішінде ала алады.
Еуропада электронды коммерция ең жоғары дамыған мемлекеттердің бірі – Ұлыбритания. Ел тұрғындарының шамамен 87%-ы қажетті тауарларын интернет арқылы сатып алады. Мұндай жоғары көрсеткішке жеткізу қызметінің сапасы, сенімді төлем жүйелері және электронды сервистердің дамуы ықпал еткен. Ұлыбританияда сатып алушылар арасында Amazon UK, Tesco және Sainsbury’s интернет платформалары кеңінен танымал.
Электронды коммерция қарқынды дамыған мемлекеттердің қатарында Оңтүстік Корея да бар. Бұл елде халықтың 94%-ы интернетті тұрақты пайдаланады. Оның ішінде шамамен 70%-ы дүкен аралап уақыт жоғалтқаннан гөрі қажетті тауарын интернет арқылы сатып алғанды жөн көреді.
Дәстүрлі сауданың дәуірі аяқталды ма?
Интернет арқылы сатып алу қалыпты құбылысқа айналып, дәстүрлі дүкендер бұрынғыдай тұтынушыны тарта алмай жатыр. Соның салдарынан көптеген елде бөлшек сауда нысандары жабылып, сауда орталықтарының қызметі қайта қаралуда.
Forbes басылымының мәліметінше, өткен жылы АҚШ-та шамамен 15 мың дүкен жұмысын тоқтатқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш. Әсіресе Нью-Йорк, Балтимор және Чикаго секілді ірі қалаларда ондаған жыл бойы жұмыс істеген сауда үйлер жабылудың алдында тұр. Қаржы сарапшылары бұл құбылысты «бөлшек сауданың ақырзаманы» деп сипаттайды. Өйткені тұтынушылардың басым бөлігі қажетті тауарларын интернет арқылы сатып алуға көшкен.
Бүгінде әлемде әрбір үшінші тауар онлайн сатылады. Өткен жылдың қорытындысында электронды коммерция жалпы бөлшек сауда айналымының шамамен 21%-ын құрады. Сарапшылардың болжамынша, келесі жылы әлемдік электронды сауда көлемі 8 триллион долларға жуықтайды.
Электронды сауданың қарқынды дамуы дәстүрлі базарлардың болашағына қатысты түрлі пікірдің тууына себеп болды. Дегенмен сарапшылар офлайн сауда толықтай жойылады деген пікірмен келіспейді. Олар электронды коммерцияны сауда жүргізудің баламалы арналарының бірі ретінде қарастыруды ұсынады. Айтуларынша, дәстүрлі сауда орындары мен интернет-дүкендер бірін-бірі алмастырмайды, керісінше қатар дамиды. Себебі тұтынушылардың бір бөлігі тауарды көзбен көріп, сапасын тексеріп барып сатып алуды жөн көреді. Сондықтан базарлар мен дүкендер алдағы уақытта да өз маңызын жоғалтпайды.
Сондай-ақ мамандардың айтуынша, болашақта сауда орталықтары тек тауар сататын орын емес, адамдар демалатын, уақыт өткізетін қоғамдық кеңістікке айналады. Мұнда мейрамхана, кинотеатр, ойын-сауық орталықтары мен түрлі мәдени іс-шара басымдыққа ие болады. Ал сатып алу процесі онлайн және офлайн форматтың үйлесімі арқылы жүзеге асады.Осылайша, цифрландыру дәуірінде электронды сауда бұрынғыдан да күшейе түскенімен, дәстүрлі сауда нысандары мүлде жоғалып кетпейді. Олар заман талабына сай жаңарып, тұтынушыларға жаңа қызмет түрлерін ұсынатын көпфункциялы орталықтарға айналмақ.
Қазақстандағы электронды сауда жаңа кезеңде
Онлайн сауданың дамуы еңбек нарығына да оң ықпал етті. Кейінгі жылдары электронды коммерция экожүйесінде шамамен 300 мың адам жұмыспен қамтылған.
Қазір Қазақстандағы танымал платформалардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Market, Ozon, Wildberries және Teez бар. Соның ішінде Kaspi.kz ішкі нарықтағы ең беделдісі. Платформа төлем жүйесін, банк қызметті, маркетплейс пен логистиканы біріктірген цифрлық экожүйеге айналды.
Статистикаға сәйкес, маркетплейстердегі сатылымның 62%-ы электр техникасы, смартфондар және жеңіл өнеркәсіп тауарларының үлесіне тиесілі. Қалған 38%-ын күнделікті тұтыну тауарлары, оның ішінде косметика, тұрмыстық химия, азық-түлік және басқа да өнімдер құрайды.
2025 жылы e-grocery сегменті, яғни азық- түлікті интернет арқылы сатып алу тұрақты әрі толыққанды нарыққа айналды. Бұл бағыттағы ең танымал платформалар болып Kaspi, Яндекс Еда, Magnum тіркелген. Олардан кейін Glovo мен Arbuz қызметтері келеді. Бұл көрсеткіштер онлайн сауданың халықтың күнделікті тұрмысына толық енгенін аңғартады.
2024-2025 жылғы статистика бойынша онлайн саудада ең жоғары сұранысқа ие санат – телефондар мен түрлі гаджеттер болды. Ал екінші орында тұрмыстық техника орналасқан. Үздік үштікті киім, аяқ киім және спорт тауарлары түйіндеді.
Сонымен қатар қазақстандықтар онлайн платформалар арқылы компьютерлер, ноутбуктер және бағдарламалық қамтамасыз ету, үй мен саяжайға арналған тауарлар, автокөлікке қажетті бұйымдар, жиһаз, азық-түлік өнімдерін де белсенді сатып алған. Сонымен қатар маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдері енгізіліп, отандық өнімдердің көрінуін арттыру жұмыстары жүргізілуде.
Олжас Бектенов электронды саудадағы ең өзекті мәселелердің бірі – маркетплейстердегі тауар сапасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген платформада сатылатын өнімдердің түпнұсқалығы туралы толық ақпарат көрсетілмейді. Мұндай жағдай бір жағынан тұтынушылардың құқығына қауіп төндірсе, екінші жағынан заңды әрі адал кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етеді.
Үкімет электронды коммерциямен қатар дәстүрлі сауда жүйесін де цифрландыруды көздеп отыр. Министрліктің тапсырмасына сәйкес, еліміздегі базарлар, сауда орындары және үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін кезең-кезеңімен цифрландыру бойынша ұсыныстар дайындалуы тиіс. Бұл көлеңкелі сауда көлемін азайтып, есептілікті жеңілдетуге және кәсіпкерлер үшін бірыңғай цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бюджет үшін де маңызы зор
Электронды коммерция тек тұтынушылар үшін ғана емес, мемлекеттік бюджет үшін де маңызды табыс көзіне айналды. Бүгінде маркетплейстердің арасында ең көп салық төлейтін компания – Kaspi.kz. Ал үздік бестікке Wildberries, Ozon Қазақстан, OLX, Flip.kz интернет дүкендері кіреді.
Маркетплейстердің дамуы, ең алдымен, шағын және орта кәсіпкерлікке оң әсерін тигізуде. Статистикаға сәйкес, маркетплейстер арқылы жүзеге асатын бөлшек электронды сауданың 96,1%-ы шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесіне тиесілі. Оның ішінде 79%-ы – орта кәсіпорын, 17,1%-ы – шағын кәсіпорын, 3,9%-ы – ірі компания.
Заңдағы жаңа түзетулерге сәйкес, Қазақстан аумағында қызмет көрсететін шетелдік маркетплейстер салықтық тіркеуден өтіп, заңнамада көзделген міндеттемелерді орындауы тиіс. Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға бағытталған. Мәселен Satu. kz, Wildberries және Lamoda халықаралық тәжірибеге сүйенетін платформалар ретінде жұмыс істейді. Олардың Қазақстанда филиалдары, серіктестері немесе қоймалары болғанымен, басқару құрылымдары шетелдік компаниялармен байланысты.
Электронды сауда саласындағы маңызды өзгерістің бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда жұмыс істейтін маркетплейстер мен сатушылар қазақ тілінде қызмет көрсетуге міндеттелетінін мәлімдеген болатын. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 25-бабына сәйкес, интернет арқылы сатылатын кез келген тауардың атауы, бағасы, негізгі сипаттамасы және сатып алу шарттары туралы ақпарат тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс. Министрдің айтуынша, тұтынушы өзіне қажетті ақпаратты түсінікті әрі сенімді түрде алуы керек. Сондықтан электронды сауда платформалары Конституция мен қолданыстағы заң талаптарына сәйкес мемлекеттік тілде толыққанды қызмет көрсетуге кезең-кезеңімен көшеді.
Арыз-шағым азаймай тұр
Электронды коммерцияның дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар белгілі бір қауіптерді де қатар алып келді. Соның ішінде ең өзектісі – сатып алынған тауардың сапасына қатысты мәселелер. Тұтынушы тауарды қолмен ұстап көрмейтіндіктен, кей жағдайда сипаттамасы мен сапасы сәйкес келмейтін өнімдерге тап болады. Осындай жағдайлар азаматтардың шағымдарының көбеюіне әсер етіп отыр.
Өткен жылы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жалпы саны 83 мың өтініш түскен. Оның ішінде 18 мыңға жуығы электронды сауда саласына қатысты болған. Комитеттің мәліметінше, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тұтынушыларға жалпы құны 2,8 миллиард теңгенің тауары қайтарылып немесе ауыстырылған. Бұл туралы ҚР тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Шәкәрім Хайдар толығырақ баяндады.
– 83 мың өтініштің жалпы алғанда былай 37 пайызы бойынша тұтынушылардың құқықтары қанағаттандырылған және тура сол көлемде, яғни 32% көлемінде тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 22-23%-ы арасында әкімшілік рәсімдік кодекс шеңберінде бірлескен жұмыс жүргізу үшін өтініштің мәніне қарай беиінді мемлекеттік органдарға жолданды, ал қалған өтініштер қалыста қалған және тұтынушылардың өздері кері қайтарып алған өтініштердің саны, – дейді сарапшы.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, азаматтардың басым бөлігі Instagram, WhatsApp, Facebook, Telegram және басқа да әлеуметтік желілер арқылы жасалған сатып алуларға қатысты шағымданады. Мұндай сауда түрі классикалық маркетплейстерден ерекшеленеді және олардың қызметіне тікелей қатысы жоқ. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, мұндай мәселелерді жедел шешу үшін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті арнайы байланыс арналарының жұмысын жолға қойған. Қазір азаматтар электрондық пошта немесе WhatsApp чаттары арқылы өтініш жолдап, жедел кеңес ала алады.
Онлайн сатып алу тұрғындардың уақытын үнемдеп, кәсіпкерлерге жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда саланың тұрақты дамуы үшін тұтынушылардың сенімін арттыру, сапасыз өнімдердің жолын кесу және сатып алушылардың құқықтарын тиімді қорғау ерекше маңызды.
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
