Өткен жылмен салыстырғанда қытымыр қыстың мінезі биыл қаттырақ. Мұны күздің соңғы айында анық аңғардық. Былайша айтқанда саршұнақ аяз мезгілінен ерте түсті. Жылдың қорытынды айы желтоқсанда аяз тіпті күрт күшейеді. Бұл туралы «Қазгидромет» орталығының мамандары хабарлады.

Суықтың символы саналатын қыстың алғашқы айының бірінші он күндігінде Қызылордада аяз қатты байқалады. Алдын-ала болжам бойынша қаһарлы мерзім желтоқсан айында қылаң береді. Бұл айда елдің өзге өңірлерінде жауған қардың әсерінен аймақта сары аяз сақылдайды. Түнде -30, күндіз -20 градус аяз түспек. Синоптик Әйгерім Жүкелованың болжамынша, 8-9 желтоқсан күндері -28 градусқа дейін аяз байқалады, ал, екінші он күндікте күн қайта жылынып, қолайлы ауа райы болады. Қаңтар мен ақпан айында ауыспалы ауа райы күтілуде.
Жалпы, болжам бойынша желтоқсан айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы норма шамасында, республиканың қиыр батысында, солтүстігінде нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.
Желтоқсан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде – нормадан көп, еліміздің шығыс бөлігінің басым аймағында, орталықта, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста норма шамасында болады деп болжануда.
Ақпанда мол қар жауып, қатты жел мен боран күтілуде. Осы ретте солтүстік-батыс жартысында ультраполярлық суық ауа массаларының енуімен бірқалыпты аязды, ауа температурасы климаттық нормадан 1…2°С төмен ауа-райы күтіледі, ал еліміздің оңтүстік-шығыс жартысында оңтүстік циклондардың жиі шығуымен температуралық фон климаттық нормаға жуық болады.
Күнтізбелік көктемнің басталуы құбылмалы болады. Нағыз қысқы жиі жауын-шашынды, қатты желді күндер көктемгі жылы және ашық күндермен алмасып тұратын болады.
Ауаның орташа температурасы наурызда нормадан 1°С жоғары оңтүстік-батыста және елдің оңтүстігінде, қалған аумақта климаттық мәнге жуық болады деп күтіледі. Жауын-шашын мөлшері батыста, солтүстікте, шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы және тау бөктері аудандарында нормадан жоғары, қалған аумақта нормаға жуық болады деп болжанды.
Мамандардың пайымынша, биыл қыс өткен жылмен салыстырғанда мінезді болады. Мұндай сәтте халық арасында ауру да белең алады. Шынында қыс мезгілінің сұлулығы ғана емес, айтпай әкелетін аурулары да біршама. Көптеген жандар иммунтапшылығы мен әртүрлі вирустардан тұмауға ұшырап жатса, кейбірінің суық ауа-райынан аллергиясы өрши түседі. Неге температураның төмендеуінен жағымсыз симптомдар пайда болады? Мұндай сәтте мамандар кеңесіне құлақ асқанымыз абзал.
– Аллергиялық реакция пайда болса, гистаминге қарсы препараттар (дезлоратиодин секілді) ішу керек. Бірақ суық күнде шығатын аллергиядан мәңгілікке айықтырар дәрі жоқ. Сол себепті бірінші жоспарға суық тиюмен күресіп, иммунитет көтеру үшін жұмыс жасау керек. Жылы киіну керек. Серуендеудің алдында бетке майлы крем жағып алған дұрыс. Аллергия тудыратын азық-түлік пайдаланбауға тырысқан жөн. Оны мен қоса спортпен шұғылданып, жүйкеңізге көп салмақ салудан аулақ болыңыз, – дейді жоғары дәрежелі дәрігер, аллерголог-иммунолог Ирина Токарева.
Қыстың көркі қар болғанымен шаһарды жауын-шашыннан тазалау күрделі мәселе. Әсіресе шет аймақтардың жолы қалың мұзға оранып, көктайғаққа ұласады. Қызмет көрсетуге тазалық мекемесінің толық мүмкіндігі жетпейді. Осы мәселемен бетпе-бет келетін басқа да елдердің тәжірибесіне зер салсақ.
Америкалық көлік жүргізушілері «3 сағат» ережесін өте жақсы біледі. Бұл ереже бойынша көшелер қар тоқтағаннан кейін 3 сағаттың ішінде толықтай тазалануы тиіс. Ол үшін солтүстік штаттарда TowPlow деп аталатын көлік пайдаланылады. Тұмсығында қар күрегіш аспабы мен артында тіркемесі бар әлгі көлік жылдамдығын арттырғанда, тіркеме жанына қарай бұрылады да, нәтижесінде бір уақытта екі қатар жол қардан аршылады. Үйеңкі елінің тұрғындары үшін де қалың қар таңсық емес. Сондықтан қыстың гүні канадалық көшелерге қар ерітетін химиялық реагенттер аямай төселеді. Олар қармен араласқан соң пайда болған «ботқаны» арнайы көліктер дереу қар еріткіш қондырғыларға апарады. Онда тазартылған әрі ерітілген қар суы кәріз суларымен бірге қосылады. Айтпақшы, Канада – қар еріту технологиясын әлемде бірінші болып қолданған мемле­кеттердің бірі. 1970 жылдары мобильді қар еріткіш қон­дыр­­ғыларды тұңғыш рет Торонтода пайдалана бастаған. Кей кісілер «Қарды ерітудің не қажеті бар? Қала сыртына апарып немесе өзенге тастап жіберуге де болады ғой» деп ойлауы мүмкін. Алайда көліктердің газы мен химиялық реагенттердің ерітіндісі сіңген қарды тазаламаса, мұның соңы көктемде нағыз экологиялық катаклизмге соқтырады. Қаланы қардан тазалауға тек осы саладағы ресми орган өкілдері ғана емес, жергілікті тұрғындар да жауапты. Мәселен, АҚШ пен Канададағы жекеменшік үйлердің иелері өз аулаларының алдындағы тротуарды қар мен мұздан аршып отыруға міндетті. Ал 24 сағат ішінде талапты орындамағандар 100 долларға дейін айыппұл төлейді. Егер үйіңіздің маңынан өтіп бара жатқан біреу мұзға тайып жығылып, жарақаттанатын болса, бұл оқиға сіздің кінәңізден деп есептеліп, тағы да ақшалай шығынға ұшырайсыз. Бізге де осындай жаңашылдықты жатырқамау керек.

Ерасыл ШӘРІБЕК