– «Сұмырай Абай! Оңбаған Абай!»

Күн сайын терезенің ар жағынан естілетін осы сөздер Зейнеп Ахметова өз естеліктерінде баяндаған бір оқиғаның өзегіне айналған. Бірде Бауыржан Момышұлы келінімен шай ішіп отырғанда, көрші әжей немересін ұрсып, «Абай» есімін ауыр сөздермен қайта-қайта қорлайды. Мұны естіген батырдың қабағы бірден түйіліп, әлгі әжейдің әрекетіне қатты налиды.

Арада біраз уақыт өткенде олар әжейді көшеден кездестіреді. Сонда Бауыржан Момышұлы оған: «Не балаңның атын өзгерт, не тіліңді тый. Әйтпесе атып тастаймын», – деп қатаң ескерту жасайды. Бұл – жай ғана реніш емес, есімнің қадірі туралы ұлттың танымынан туған ұстаным еді. Өйткені қазақ үшін балаға ат қою – жай таңдау емес, аманат. Ал ұлы тұлғаның есімін беру – сол атқа лайық тәрбие мен жауапкершілікті қатар арқалауды меңзейді.

Жоғарыда жазылған оқиғаны қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеген Зейнеп Ахметова өз еңбектерінде келтіреді. Бір қарағанда бас қатыратын дүние емес, бірақ мәніне келсек, астарында үлкен мәселе бар. Расымен, біз балаға есім бергенде сол аттың салмағын сеземіз бе? Әлде сәнге еріп, мағынасына үңілмей, әдемі естілсе болды деп қоя саламыз ба? Нақтырақ тарқатайық.

Адам дүниеге келгенде ең алғаш берілетін сый – есім. Ол өмір бойы адамның маңдайына жазылатын белгі, мінезіне әсер ететін рухани жүк, ұлтпен байланысын айқындайтын құндылық.

Ал бүгін ше? Біз есімнің мәнінен бұрын сәніне қарап кеткен жоқпыз ба?

Есім – адамның тағдырын толық анықтайды деу ғылымда дәлелденбеген. Бірақ есім адамның өзін қабылдауына, қоғамның оған көзқарасына, ұлттық болмыстың сақталуына әсер ететіні даусыз. Сондықтан бұл мәселе тек отбасының емес, тұтас қоғамның мәдени деңгейін көрсететін өлшемге айналып отыр.

Қазақ баласына атты ешқашан кездейсоқ қоймаған. Әр есімнің артында тілек жатқан. Ұл туса – ел қорғайтын ер болсын деп Ержан, Батырхан, Алмас, Темір секілді аттар берілген. Қыз туса – көркі мен мінезі қатар жарассын деп Айнұр, Күмісай, Назгүл, Ақмарал деп атаған.

Кейде тағдырды алдау үшін де ерекше есімдер таңдалған. Бұрын сәби шетіней берген отбасылар баласын Тұрсын, Тоқтар, Жүрсін, Аманкелді, Сағындық деп атаған. Мұндай есімдер баланың аман қалсын деген үміттен туған.

Күлмеңіз. Кейде тіпті көз тимесін деп Жаманбай, Тышқанбай, Көтібар деген бүгінгі көзқараспен тосын көрінетін есімдер де қойылған. Бұл баланы кемсіту емес, бәле-жаладан сақтау, баланың қамын ойлау мақсатында қойылатын. Демек, қазақ үшін есім – сән емес, сенім еді.

Бүгінде жағдай мүлде басқа. Әлеуметтік желілерге қарасаңыз, жаңа туған сәбилердің есімдері бір-біріне ұқсас. Әли-Нұр, Әлихан-Нұр, Айша-Рабия, Медина-Фатима, Әмір-Али, Мұхаммедәли, Әмірхамза… Қосарланған есімдер көбейді. Кей отбасы мұны тіл-көзден сақтайды деп есептейді. Басқалары мұсылманша есім қою сәнге айналғандықтан таңдайды.

Бірақ мұндай таңдаудың бәрі саналы шешім бе? Кей дінтанушылар қос есім қоюға шариғат тыйым салмайтынын айтады. Алайда қазақтың дәстүрлі дүниетанымында баланың көтеретін жүгі де ескерілген. «Есімі ауыр болмасын» деген сөз бекер айтылмаған.

Әсіресе кейінгі жылдары балаларға Пайғамбарлардың, сахабалардың немесе Алланың көркем есімдерінің өзгеріссіз берілуі жиілеп кетті. Бұрынғы қазақ мұндайда сақтық танытқан. Мәселен, Рахман демей – Рахманқұл, Рахым демей – Рахымжан, Әзиз демей – Әзизбек, Қадыр демей – Қадыржан, Кәрім демей – Кәрімбай деп жалғау қосқан. Мұның астарында ұлылықты өзіне телімеу, құрметті сақтай отырып, адамға лайықтау қағидасы жатқан.

Қазір бұл үрдіс өзгерді. Кейбір ата-аналар Алланың көркем есімдерін толық күйінде беріп жатады. Дін мамандарының өзі бұл мәселеде әртүрлі пікір айтады. Бірі кейбір есімдерді тек «Абд» сөзімен бірге қолданған дұрыс десе, енді бірі мағынасына мұқият қарау қажеттігін ескертеді.

Ендеше ата-ана мұндай маңызды таңдауды әлеуметтік желідегі кеңестерге сүйеніп емес, білімді адамдармен ақылдасып жасағаны жөн емес пе?

Әрине ғылым «есім адамның тағдырын толық өзгертеді» деп кесіп айтпайды. Бірақ психологтардың айтуынша, адам өз есімін күніне ондаған рет естиді. Сондықтан есім – адамның өзіндік «Менінің» ажырамас бөлігі. Канадалық психолог Альберт Мехрабян есімдердің қоғамда қалай қабылданатынын зерттей келе, кейбір есімдердің адамдарда сенімділік, мейірімділік немесе бедел туралы алғашқы әсер қалыптастыратынын айтқан. Яғни, адамды алғаш көргенде оның есімі де белгілі бір әлеуметтік сигнал ретінде қызмет етеді.

– Есім – адамның тұлғасын толық айқындайтын фактор емес. Дегенмен, ол адамның өзіне деген көзқарасына және қоғамның оны алғаш қалай қабылдайтынына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан балаға есім таңдағанда оның мағынасына, айтылуына және өмір бойы бірге жүретінін ескерген жөн, – дейді психолог.

Сондықтан есімнің дыбысталуы ғана емес, қолданылуы да маңызды.

Статистикаға көз жүгіртсек, кейінгі жылдары Қазақстанда ең жиі қойылатын есімдердің қатарында Әлихан, Әмір, Мұхаммед, Омар, Айлин, Айша, Медина, Раяна секілді аттар көш бастап келеді. Бұл қоғамдағы діни және жаһандық ықпалдың күшейгенін көрсетеді.

Ал қазақтың төл есімдері ше? Бүгінде Сырым, Едіге, Жәнібек, Қобыланды, Айтолқын, Айсұлу, Домалақ, Ақзер, Кенже, Қарлығаш іспеттес ұлттық бояуы қанық есімдерді сирек естиміз. Тіпті кейбір ата-ана баласының есімі өзгелерден ерекше болсын деп еш мағынасы жоқ жаңа есім ойлап табады. Біреуі әншінің құрметіне, енді бірі футболшының атымен, тағы бірі кино кейіпкерінің есімімен атайды. Мәселен, «Экспо», «Олимпиада» және тағы да осы секілді мағынасы болса да, адамға қоюдың мәні жоқ есім таңдаған жас ата-аналар бар.

Бір қуантары, бүгінде Ұлболсын, Ұлжалғас, Ұлжан және сол секілді ер баланы қыз арқылы ардақтайтын есімдер сиреп келеді. Бұл да бір мәселе еді, себебі мұндай есіммен өскен қыз өзін жасқаншақ сезініп, өзіне деген сенімі төмен болады. «Мені қаламады, ұл бала болып туылу керек еді» деген қате пікірде өмір сүреді.

Ал бала сол есіммен өмір сүретінін ойландық па? Бала дүниеге келгенде бесік, киім, арба таңдау үшін апталап ізденетін ата-аналар бар. Бірақ сол баланың өмір бойы бірге жүретін есіміне кейде бірнеше минут қана жұмсайды. Біреудің кеңесімен немесе әлеуметтік желідегі сәнге қарап шешім қабылдайды.

– Жаңа туып жатқан сәби ештеңеден хабары жоқ, өзін қалай атаса да бәрібір, ол біліп жатқан жоқ, бірақ есейе келе бала өз атының қандай мағынаға ие екенін білуге талпынады. Сондықтан ат қоюдағы үлкен жауапкершілік ата-анада. Баласының өмір бойы көтеріп жүретін есімі болғандықтан алдымен ата-анасы бұған бейжай қарамай, барлық жағын ескеруі керек, – деген екен Зейнеп Ахметова сұхбаттарының бірінде.

Қазақта «атың шықпаса, жер өрте» деген мәтел бар. Демек есімнің өзі адам өмірінде ерекше орын алған. Батырлардың, билердің, хандардың атын атаудың өзі жауапкершілік саналған. Өйткені есім құр дыбыстардың жиынтығы емес, ол – тарихтың, тәрбиенің, ұлттық кодтың бір бөлшегі.

Есім – ата-ананың баласына айтқан алғашқы батасы. Сол батаның ішінде үміт бар. Тілек бар. Сенім бар.

Ендеше біз баламызға қандай есім беріп жатырмыз? Оның мағынасын білеміз бе? Сол есімді күн сайын құрметпен атай аламыз ба? Әлде ертең көрші әжей секілді ұлы адамның атын ұрысқа араластырып, өзіміз байқамай киелі ұғымды қадірсіз етеміз бе?

Сол себепті есім таңдағанда жүрекке ғана емес, тарихқа да, дәстүрге де, дінге де, ақылға да жүгінген жөн. Өйткені жақсы есім – жақсы тілек. Ал жақсы тілек – ұрпаққа қалдырылған ең қымбат мұра.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!