Жуырда БАҚ пен әлеуметтік желіде Қазалы ауданында тұратын 85 жастағы марафоншы тұралы ақпарат тарады. Онда қазалылық қарияның әлі де спортпен айна­лыса­тыны айты­лып, күнде­лікті спорт дағдысы баяндал­ған екен. Қарт марафон­шының ширақ қимылы­ның сырын білу оқырманға қызық болары сөзсіз. Сондықтан, спортшы туралы аз-кем тарқата кетейік.

Шынында, Аққоян Рсалиев ұзақ қашықтыққа жүгіруді жастайынан бастаған. 40 жыл теміржол саласында тер төккен қария спорттан бір сәтке де қол үзбеген. Бірер күн бұрын ғана Алматыда өткен дәстүрлі жалпыхалықтық марафоннан жүлделі оралып отыр. Жасы ұлғайса да, ширақ болудың сыры неде?
Сексеннің бесеуіне келсе де, өзін сергек сезінетін Аққоян Рсалиевтың ондаған медалі бар. Үйінің төрінде ілініп тұр. Ал мойнынан тастамай жүргені бірер күн бұрын Алматыда еншілеген жүлдесі екен. Зейнетке шыққалы 18 рет марафонға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген. Спортшы мұндай жетістікке күнделікті жасаған жаттығудың нәтижесінде қол жеткізгенін жасырмайды. Сөзінше, спортшының әкесі теміржолда таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істеген. Ал әкесіне тамақ апару Аққоян Рсалиевке жүктелген көрінеді. Осылайша, бала спортшы Бекбауыл елді мекенінен Үлкенсай мекеніне дейін 20 шақырым жаяу қатынаған. Ал 5 сыныпта ересектермен қатар еңбек етіп, табыс тауып, кейін өзі де кәсіптік училищеде білім алып, 40 жыл машинист болды.
Қызметте жүріп те тән саулығына ерекше қараған. Қазір ардагерлер арасында ұйымдастырылатын қол күрес, шахмат, дойбы, мылтық ату спорт түрлерінен бақ сынайды. Сондай-ақ, Алматы марафонының дәустүрлі қатысушысы. Аққоян Рсалиевтің жаттығу жүйесі де қарапайым. Таңертең ерте тұрып, 30 шақырымға дейін жүреді. 3 айналым жасаған соң гимнастикаға ден қояды.
«Шаршамау үшін өзімнің дистанциямды ұстаймын. Өйткені дистанцияға отырсам, 3 шақырым «уклонда» тез жүгіремін, 4 шақырым түзу жолда уақытты теңгеремін. Сағатқа қарап отырамын. 18 жыл марафонға қатыстым. 4 рет бірінші орын. Қалғандары – үшінші екінші орындар», – дейді қария.
30 шақырымды алқынбай бағындыратын ақсақалды шетелдегі спорттық шараларға да шақырып тұрады екен. Осыдан 3 жыл бұрын Түркияның Анталия қаласында алтыннан алқа тағынуы соның дәлелі болса керек. Қарт марафоншы жастарға да ерекше көңіл бөледі. Стадионда солармен бірге жаттыға жүріп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды.
Кент тұрғындары да 85 жастағы қарияның ширақ қимылы мен спортқа деген ынтасына таңданысын жасырмайды. Көбі азаматтан үлгі алып, талай жастың спортқа бет бұрғанын айтуда.
«Стадионның көркін ашатын – Аққоян аға. Кейде Аққоян ағамен бірге жаттығамыз. Қандай жылдамдықпен жүгіріп, тепе-теңдікті қалай сақтау керектігін айтып кеңес береді», – дейді кент тұрғыны Айдос Мейірімхан.
Аққоян Рсалиев жеті жасынан спорттың футбол, күрес, бокс, шахмат түрлерімен шұғылданған. Өзінің жүгіруге деген қызығушылығы мектеп қабырғасында басталған. Әскерде десантшы болуының да бір себебі дене дайындығына байланысты болғаны анық. Қазір де немересіндей спортшылардың ортасынан жиі төбе көрсетуі саламатты өмір салтына құрылған өнегелі өмір жолын жастарға үлгі етсем деген ниетінен екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!