Елордада самбо күресінен өткен «Sambo liga» турнирінен ағайынды жас спортшылар жүлдемен оралды. Мықтылық пен ептілік сыналатын сайыста Рамазан Кәрімханов ІІ орын, Азамат Кәрімханов ІІІ орын иеленді.

Спортшылардың кішісі Рамазан Қызылжарма ауылындағы №144 мектептің 4-сыныбында білім алса, үлкені Азамат «Орда» колледжінде денешынықтыру мамандығында оқиды. Екеуін де самбо күресінен жоғары дәрежедегі жаттықтырушы Әйгерім Жалғасова 5 жасынан бастап спортқа баулыған.

– Самбо көптеген ұлттық күрес түрлерінің әдіс-тәсілі жинақталған спорттың бірі. Мұнда шабуыл жасау мен қорғанудың мыңдаған әдісі бар. Күрестің бұл түріне інім екеуміз бала кезден қызықтық. Алғашында дзюдоға қатысқаныммен, кейін самбомен айналысуды жөн көрдім. Қазіргі уақытта елімізде өтетін чемпионатқа іріктеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Азамат Кәрімханов.

Бүгінде ағайындылар ҚР спорт шеберлігіне үміткерлікке құжат тапсырды. Спорт биігіне ұмтылған жастардың бағындырар белесі көп деген сенімдеміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!