Спортта көпжыл­дық жаттығу мен жүйелі қозғалыстың алар орны ерекше екені анық. Себебі, қиындығы мен қызығы мәндес өнерді бір күнде игеру, бір айда үйрену мүмкін емес. Ал жаттығу бар жерде бапкердің білігі, тәжірибесі басты рөл ойнайтыны аян. Бүгінгі кейіпкеріміз қазалылық бокс бапкері Азамат Құтпанбетовтың да ұстанымы
осыған саяды.

Жас болса да бапкерлік бағытында біршама жетістікке жеткен жас талант Сыр өңірінің абыройын асқақтатып келеді. 1990 жылы Бекарыстан би ауылында дүниеге келген Азамат Сағындықұлы мектеп қабырғасында жүріп қазақша күреспен шұғылданған. Спортқа деген қызығушылық бала кезден бойына дарып, өмірлік жолын да осы саламен байланыстыра білген еді. Нәтижесінде Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға қабылданып, студент кезінде кикбоксингке ден қойды. Талай талантты бапкерден тәлім алған жігерлі жас аталған спорт түрінен республикалық, облыстық жарыстардың жүлдегері атанды. 2010 жылы аталған білім ордасынан дене шынықтыру пәні мамандығын алып шықты.
– Менің ойымша, адам қандай спорт түрімен айналысса да ол оны тек жақсылыққа тәрбиелейді. Бауыржан Момышұлы атамыздың жақсы сөзі бар «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Спорт та адамды қатаң тәртіпке тәрбиелейді. Сондықтан спорттың жаманы жоқ. Оны адам жан дүниесімен қалауы керек. Шәкірттеріме де ыңбек пен құлшыныстың шығармайтын биігі жоқ екенін насихаттап, үнемі ізденісте болуын талап етемін, – дейді Азамат Құтпанбетов.
Аға буынның ақыл-кеңесіне құлақ асқан ол жаттықтырушылықтың да қыр-сырын меңгеріп ғана қоймай, әлемге белгілі спортшылар дайындауға бел буады. Сондықтан арман жетегімен туған топы­рақ­та­ғы ауыл мекте­бінде бапкерлік жұмысқа кірісіп, шә­кірт тәр­бие­леуге барын салған-ды. Үздіксіз жұмыс істеу, балалардың құлшынысы жемісті қадамға жетелеп, биік белесті бағындыруға ықпал етті. Бүгінде Азаматтың тәрбиесін көрген қыз-жігіттер айтарлықтай жетістікке жетіп, ел намысын асқақтатуда. Әсіресе, гүрзі жұдырықты боксшыларының орны бір төбе. Жадырасын Сәбит, Нұрлыбек Хамит, Ержан Өтеміс және Жаннұр Әділбек сынды шәкірттері бокстан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында топ жарғанын айта кеткен жөн секілді. Мұның өзі жас болса да бас болған бапкердің еңбегі.
Бала күнінде көшедегі ойыннан спортты артық көрген Азаматтың бүгінде еткен еңбек, төккен тері ақталып келеді. Шәкірттері біршама белестерді бағындырып үлгерді.
– Бапкер болу – бөлек өнер. Табан ет, маңдай терің ақталып, оқушыларыңның биік белесті бағындырғаны кез келген ұстазды қуантпай қоймасы анық. Спорт мектебіндегі балалардың жұдырықтасу өнеріне деген ынта-пейілі ерекше. Жаттығудан қалмайды. Тапсырманы да тыңғылықты орындап отырады. Осындай жүйелі жұмыс болғанда ғана нәтиже күтуге болады. Алда енді әлемдік аренада ел мерейін үстем ететін азаматтар дайындау ниетіміз бар, – дейді тәжірибелі жаттықтырушы.
Осылайша, республиканы мойындатқан маманға небәрі бірнеше жылда жан-жақтан ұсыныс түсе бастады. 2015 жылы Әйтеке би кентіндегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне бокс бапкері қызметіне орналасты. Жұмысына жан-тәнімен кіріскен Азамат аз уақытта жоғары нәтижеге қол жеткізе бастады. Мұнда оның Оңталап Ерхан, Мадияр Қалижанұлы секілді жеткіншектері республикалық ашық турнирлерде де атой салды. Бүгінде олардың жыл сайынғы түрлі байрақты додалардағы жеңісі мен жүлделері жұртшылықты қуантып келеді.

P.S. Спортта бағалана бермейтін таланттың бірі – бапкер. Жеңіске жеткен спортшының бар нәтижесі талапшыл ұстаздың тыңғылықты тәлімінен туатынын ұмытпаған жөн. Оның үстіне мұндай жауапты жұмысты еңсеруге жастардың жұмылуы саланың келешегіне деген сенімді арттырары анық.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!