Жуырда байрақты бәсеке – бокстан әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы араға 10 жыл салып, 4 алтын медаль иеленді. Бұл жүлденің маңызы мен мәні зор. Себебі, дода бокстағы басты бәсекелес ел – Өзбекстан мемлекетінде өтіп, жарыс барысында түрлі оқиға орын алды. Алайда ең маңыздысы, «аталған дода отандық спорттың даму көрсеткішін байқатты ма?» және «Бапкер көмегі қандай?» деген сауалға жауап іздеу.
Расында, бапкердің маңызы ерек. Себебі, боксшылардың жемісті нәтиже көрсетуі тікелей бапкердің қарым-қабілетіне байланысты. Бұл ретте жыл басында ғана ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне келген Мырзағали Айтжановтың еңбегі ерен. Шебер бапкер аз уақытта құраманы жарысқа әзірлеп, спортшылардың мүмкіндігін ашты. Кезекті нәтижеден соң оны 2013 жылғы жетістікті қайталаған майталман маман ретінде әспеттеуде. Ол да жөн мақтау. Өйткені, 10 жыл бұрын Алматыдағы боксшылардың аламанында да жерлестеріміз М.Айтжановтың жетекшілігімен жүрді. Сол қазақстандық боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп, бокс жанкүйерлерін шаттыққа бөлеген еді. Сондықтан Мырзағали Айтжановтың шеберлігі қазаққа жеңіс сыйлады десек, артық емес.
Есімізде болса, бұған дейін Токио Олимпиадасында боксшыларымыз сәтсіздікке ұшыраған еді. Жанкүйерлер көңілтолмастық білдіріп, кәсіби мамандар бап келіспегенін сынағаны бар. Аталған олқылықтан соң федерация басшылығы жыл басында бас бапкерді ауыстырды. Тіпті, Литвадан арнайы маман шақырып, боксшылардың физикалық дайындығын шыңдауға тапсырма берілді.
Нәтиже жаман емес. Соңғы жұдырықтасуға көз салсақ, боксшылар бұрынғыдай үшінші раундта шаршап қалмайды. Керісінше, өте сергек және белсенді қимылдағанын көреміз. Демек, сырттан келген шебердің көмегі тигені сөзсіз. Оған қоса құрамадағы әр спортшының жеке бапкері, спорттық дәрігер, массажист, психолог, диетолог сияқты мамандары болуы да нәтижеге кепіл болғандай. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов қойған тактика да өз жемісін бергенін айта кеткен жөн.
Сонымен, «Бапкерлер еңбегі ақталды ма, нәтиже қандай? Иә, нәтиже көңіл қуантады. Олай дейтініміз, жарыс Өзбекстанда өтіп, шаршы алаңдағы басты қарсыластарымыз өзбектер болуы жүктің жеңіл емесін көрсеткен. Жартылай финалдан бастап қазақ боксшылары сенімді жұдырықтаса бастады. Бес боксшы финалға шықты. Қолаға қол созым жерде 2021 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Серік Теміржанов пен Қамшыбек Қоңқабаев, Сағындық Тоғамбай секілді боксшылардың сәтсіздігі жанкүйерге жақпады.
Ташкент төріндегі дүбірлі додада жігіттеріміздің төрт алтын медаль алуын кездейсоқтық емес деп айтар едім. Жасыратыны жоқ, тек Нұрбек Оралбайдан ешкім алтын жүлде күткен жоқ. Ал Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергеновтердің жеңіс тұғырынан көрінуіне шүбә болмаған.
Келер жылы Париж Олимпиадасы өтетіні белгілі. Боксшылардан бұрын бапкерлерге оңай тимейді. Шамасы, Санжар Тәшкенбай 51 кило салмақта бағын сынайды, Сәкен Бибосынов екеуінің арасында жеңімпаз анықтау керек болады. Теміртас Жүсіпов 48 келі салмақта қалатынын айтты. Махмұд Сабырхан Серік Теміржановтың салмағына ауысса, ол жақта да бәсеке қызайын деп тұрғандай. Не дегенмен, үлкен жеңіс әлі алда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!