Фото: David Ramos/Getty Images

Бүгін, 16 сәуірде Чемпиондар лигасының ширек финалдық кездесулері өтті. Барселона қаласындағы ойында париждік «ПСЖ» футбол клубы жеңіске жетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Испаниялық «Барселона» футбол клубы Чемпиондар лигасының ширек финалдық кезеңі аясында франциялық «ПСЖ» командасына қарсы қарымта матч өткізді. Барселонадағы ойын 1:4 есебімен аяқталды. Матчтың алғашқы голын «Барселона» ойыншысы Рафинья соқты. Алайда испаниялық команданың қорғаушысы Рональд Араухо 29-минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Қарсыластарының 10 ойыншымен қалғанын сәтті пайдаланған париждіктер «Барселона» қақпасына 4 гол соғып, жартылай финалға жолдама алды. Гол авторлары: Дембеле (40-минут), Витинья (54-минут) және Мбаппе (61 мен 89-минутта).

Айта кетейік, осы матчпен қатар өткен кездесуде «Боруссия Дортмунд» өз алаңында испаниялық «Атлетико Мадридті» 4:2 есебімен шығып 1/2 финалға өтті. Сонымен қатар ертең «Бавария» – «Арсенал» және «Манчестер Сити» – «Реал Мадрид» матчтары өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!