Көкпар спорты. Фото: ulttyqsport.kz

Бүгін, 20 наурызда көкпардан АҚШ пен Қазақстан құрамаларының кездесуі өтеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ құрамасының жетекшісі – америкалық ковбой Лэдд Хауэлл. Қазақстан құрамасын белгілі көкпаршы Құрманбек Тұрғынбек бастайды.

Наурыз қарсаңында ұйымдастырылған додаға Лэдд Хауэллмен бірге америкалық кәсіби ковбой Кейси Филд те қатысады. АҚШ-тан келетін топ құрамында журналист, фотограф әрі режиссер Джейсон Мотл да бар. Шара аясында Ұлттық спорт түрлері бойынша да жарыстар өтеді.

«Бұл көкпар тартудың – әлем елдеріне кеңінен тарап, ұлттық өнерден халықаралық дәрежедегі спортқа айнала бастағанын көрсетеді», – делінген V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, көкпар, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрі таныстырылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!