Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы, 21 жастағы Михаил Шайдоров пен ҚР Туризм және спорт министрлігі арасындағы келісімшарт дауы оң шешімін тапты. Спортшы ведомство ұсынған жаңа келісімге қол қойды. Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Михаил Шайдоров – қазақстандық спорттың аңызы, өз есімін тарихқа алтын әріптермен жазған тұлға, біз оны әрдайым толық қолдаймыз. Көпшілік белсенді талқылап жатқан келісімшартқа келер болсақ, Михаил оған қол қойды. Бұл процесс толықтай құқықтық өріс аясында өтті. Тараптар өзара ортақ мәмілеге келіп, барлық тармақтарды талқылады, бүгінгі таңда құжатқа қол қойылды», – деді Серік Жарасбаев.
Вице-министрдің сөзінше, келісімшарт аясындағы міндеттемелер бойынша тиісті төлемдердің барлығы толық көлемде жүргізіледі. Сондай-ақОлимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жаңа шартқа қол қойып, АҚШ-қа аттанбақ Михаил Шайдоров 5 маусым күні өзінің командасымен бірге алдағы маусымға дайындықты жалғастыру үшін АҚШ-қа ұшып кетеді. Жақын арада спортшы министрлікке арнайы келіп, келесі олимпиадалық циклге дайындық пен елімізде мәнерлеп сырғанауды дамыту мәселелерін бірлесе талқыламақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров 2026 жылдың соңына дейін есептелген жаңа келісімшартта «2030 жылғы Олимпиадада міндетті түрде медаль жеңіп алу» туралы қисынсыз талап болғанын мәлімдеген еді. Осы тармақты заңдық тұрғыдан қайта қарауды сұрағандықтан және шенеуніктер мамырдың ортасында ғана байланысқа шыққандықтан, құжатқа қол қою созылып кеткен. Тіпті спортшы бес ай бойы жалақы алмағанын, Спортты дамыту дирекциясы тек қаңтар мен ақпанның 22-сіне дейінгі аралықты ғана төлегенін айтқан болатын. Бұған қоса, ол 2025 жылы Әлем чемпионатының күмісін алып, нормативті орындаса да, «ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігін әлі күнге дейін ала алмай жүргенін жеткізген еді.
Өз кезегінде Спортты дамыту дирекциясы жарты жылдық кешігу туралы ақпаратты жоққа шығарып, қаңтар-ақпан айларының ақысы толық төленгенін мәлімдеді. Алайда мекеме басшысының міндетін уақытша атқарушы Оралхан Балмағамбетов наурыз бен сәуір айларындағы кешігулердің объективті себептермен, дәлірек айтқанда спортшының жаңа шартқа қол қоймауымен байланысты болғанын мойындаған еді. Ендігі кезекте тараптардың ортақ келісімге келуі бұл түйткілдің түйінін толық шешті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
