Күрес – күш жетілдіретін спорт түрі. Ұлттық спорт «қазақ күресінің» дамуы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен астасып жатыр. Бозкілемнің белді балуаны, облысымыздың мақтанышы, 2011 жылғы «Жас Барыс» республикалық турнирінің жеңімпазы, Дүниежүзілік көшпенділер ойынының 2016 жылғы күміс жүлдегері, 2017 жылғы «Қазақстан Барысы» Еламан Ерғалиев ұлттық спортты дәріптеп жүр. Осы орайда балуанның өміріндегі жаңалықтармен танысып, емен-жарқын сұхбат құрған болатынбыз.

– «Қазақстан Барысы» атанған Еламан қазір қайда жүр?
– Бүгінде дзюдодан ұлттық құрама сапындамын. Былтыр қараша айында дзюдодан өткен ел чемпионатында 100-ден ауыр салмақ дәрежесінде І орын иелендім. Бүгінде Алматы қаласында оқу жаттығу жиыны өткізілуде, дайындық үстіндеміз.
2017 жылы «Әскер Барысы» сайысында жеңімпаз атанғаныңыздан хабардармыз. Сонда әскери салада да қызмет етесіз бе?
– Иә, «Қазақстан Барысына» «Әскер барысының» атынан шыққан едім. Енді, сол жылы толық әскери қызметкер болған жоқпын, бірақ әскер қатарына жұмыспен тіркелдім. Қызылорда облысының атынан қатыстым. Мақсат Исағабылов, Нұрым Сәлімгереев, Айбек Серікбаев сияқты мықты, белді балуандар болғандықтан, маған сол жақтан ұсыныс түсті. Балуандар сайысында Алла бұйыртып, «Әскер Барысы» және «Қазақстан Барысы» атандым.
Биыл елімізде «Дүниежүзілік көшпенділер ойыны» өтеді. Қазақ күресі бойынша қатысуыңыз мүмкін бе? Жалпы алдағы уақытта сізді қандай спорттық додалардан көре аламыз?
– Иә биыл, алғаш рет елімізде көшпенділер ойыны болғалы жатыр. Біріншіден, сайыстың елі­мізде өтетініне қуаныштымын. Мен бұл жарысқа 2016 жылы Қырғызстанда қатысқаным бар. Ол кезде финалда орыс балуанына есе жіберіп, күміс жүлде иелендім. Бірақ биылғы жарысқа қатысамын деп айта алмаймын. Себебі арнайы чемпионатта жеңіске жетіп, іріктелген осы сайысқа белгіленген балуандар бар, солар күресуі керек деген ойдамын. Жалпы қазіргі жоспарым дзюдо күресінің төңірегінде. Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін жарыстарда бақ сынап, шетелде және Қазақстанда өтетін дайындық кезінде өзімді шыңдаудамын. «Қазақстан Барысы» сайысы жақындағанда екі күрес түрін қатар алып жүремін. Сәуір айының аяғында Тәжікстан астанасы Душанбеде өтетін жарысқа қатысамын. Алға қойған жоспар әзірге осы.
Еліміздегі қазақ күресінің қазіргі даму деңгейі, спортшыларды қолдау туралы не айтасыз?
– Еліміздегі қазақ күресі жақсы дамып келе жатыр деп толық айта аламын. Аллаға шүкір, мемлекет тарапынан да бүкіл жағдай жасалып жатыр. Материалдық та, рухани жағынан да қолдау жақсы. Күресем деген адамға шектеу жоқ. Кез келген спорт түрінен еңбек етем, спортпен айналысам деген адамға қолдау жоғары. Жалақы көлемі де артты. Ел ішіндегі, шетелдегі жарыстарға шығуда да қиындық жоқ. Спортшыларды өте жоғарғы деңгейде қолдап жатыр. Тек бізден керегі – нәтиже. Көк туымызды желбіретсек, мемлекеттен көрсетілер қолдаудың деңгейі жоғары.
Мықты спортшының жетістігі тынымсыз еңбек пен жаттықтырушыға байланысты. Бапкеріңіз туралы да білгіміз келеді?
– Мықты спортшы болу үшін ең алдымен – еңбек, одан бұрын – тәртіп керек деп айтқым келеді. Қайтпас қайсарлық, маңдай тер, жеңіске деген ынта болу керек деп ойлаймын. Осылар болмаса жақсы нәтижеге жету қиын. Қазіргі уақытта менің жеке бапкерім – Қален Қалиұлы. Қызылорда қаласында дзюдодан жаттықтырушы. Бүгінгі таңда менен бөлек 3 спортшысы толықтай Олимпиадаға үміткер. Алла қаласа Париж Олимпиадасына барғалы отырмыз. Осындай құрамада еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Спортта табандылық, тәртіп және еңбекқорлық керек деп ойлаймын.
Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Мақсат ҚОСЫМБАЕВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!