Өткен жылы спортшылар пандемияға байланысты жарыстардан шет қалды.  10 айдан аса уақытқа созылған үзілістен соң дзюдошылар өткен аптада әлемдік жарыстың татамиіне көтерілді. Катардың астанасы Дохада әр салмақ дәрежесі бойынша ең үздік 36 балуанның басын қосқан Мастерс турнирі дүркіреп өтті. Сол жарыстың қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте біраз өзгеріс болды.

Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасында ең үздік нәтиже 60 кило салмақта күш сынасып жүрген Елдос Сметовке тиесілі. Парсы шығанағында қандасымыз сәтсіз өнер көрсеткенімен, бұған дейін жиған ұпай қоры әлемдік рейтингтегі өз орнын сақтап қалу үшін жеткілікті болды. Бүгінгі таңда Елдос бесінші сатыға нық табан тіреп тұр. Оның қоржынында 5 218 ұпай бар. Дәл осы салмақта өнер көрсететін Ғұсман Қырғызбаев үздік ондықты қорытындылауда. Дохадағы сәтсіздіктен кейін ол екі сатыға төмендеді. Ғұсман 4 186 ұпайды еншілеуде. Қазіргі кезде екеуінің де Токиоға баруына тамаша мүмкіндігі бар. Алайда Олимпия ойындарына бір салмақ дәрежесінде жалғыз ғана балуанның белдесетінін ескерген жөн. Яғни алдағы турнирлерде қос қандасымыздың арасынан кім көп ұпай жинаса, ғаламдық додаға сол барады.

66 кило салмақта да қос мықты өзара тіресуде. Алайда дәл қазіргі кезде Елдос Жұмахановқа қарағанда Ерлан Серікжановтың көрсеткіші біршама жоғары. Бұл күндері Ерлан (3 583 ұпай) 11-орында тұрса, Елдос (2 457 ұпай) 25-сатыға сырғып түсті. Сондай-ақ «ТОП-10» дзюдошының қатарына тағы екі жерлесіміз еніп отыр. Олар – Жансай Смағұлов (2 930 ұпай) пен Ислам Бозбаев (2 526 ұпай). 73 кило салмақта күресетін Жансай Мастерс турнирінде тәуір нәтиже көрсетіп, бесінші орынды иемденді. Соның арқасында бірден жеті сатыға жоғарылап, қазіргі кезде 19-орынды еншілеуде. 90 кило салмақта күресетін Ислам өз орнын сақтап қалды. Ол 20-орынды қанағат тұтуда. Сонымен қатар Дидар Хамзаның да (2 010) Олимпиадаға қатыссам деген үміті бар. 81 кило салмақта өнер көрсететін дарынды жас 28-орынға тұрақтады. Бірақ алдағы уақытта Дидар намысын қамшылап, қарқынын күрт күшейтуге тиіс. Өйткені бір топ дзюдошы оны өкшелеп келеді. Егер Дидар алдағы жарыстарда да дәл қазіргідей күресетін болса, Жапониядағы жарыстан шет қалуы да мүмкін.

Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміздің қарқыны бәсең. Әсіресе бізді алыптардың жағдайы алаңдатады. Мәселен, 100 кило салмақта Айбек Серікбаев (893 ұпай) 49-орында тұрса, Виктор Демьяненко (514 ұпай) 65-сатыда. Аса ауыр салмақтағы еліміздің ең мықты балуаны Ерасыл Қажыбай (1 151 ұпай) небәрі 38-орынды қанағат тұтуда. Байыптап қарасаңыздар, олардың жиған ұпайлары да тым мардымсыз. Әрине, осындай баяу жүріспен алыптарымыздың Жапонияға жете алмайтыны анық.

Ал қыз-келіншектердің жай-күйі жайында әңгімелеудің өзі қиын. Дәл қазір тек Отгонцэцэг Галбадрах қана Олимпиада жолдамасын иелік ете алады деп нық сеніммен айтуға болады. 48 кило салмақта белдесетін ол 3 353 ұпай жиып, әлемдік рейтингте 13-орынды еншілеуде. Қалғандары түрлі додаға үздіксіз қатысқанымен, алғашқы айналымнан аса алмай жүр. Тоқетерін айтсақ, Галбадрахтан басқа Қазақстанның қыздар құрама командасының өзге мүшелері, тіпті «ТОП-40» дзюдошының қатарына да ене алатын емес.

Ал қазіргі кезде спорттың бұл түрінде қай мемлекет спортшысының қарқыны күшті деген сауал туындаса, оған айтар жауабымыз дайын. Мәселен, әлемдік рейтингте «ТОП-10» дзюдошының қатарында Жапонияның тоғыз бірдей өкілі бар. Осы жайттың өзі-ақ күншығыс елінің қыздары әлі де тұғырдан таймағанын аңғартса керек. Әрине, оған таңдануға болмас. Себебі Жапония – дзюдо күресінің отаны. Сондай-ақ жапониялық балуандар қандай жарысқа қатысса да, үнемі биік тұғырлардан көрінеді.

Грузия мен Ресей құрамалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісуде. Олардың әрқайсысының алты балуаны жоғарыдағы тізімде. Израиль мен Нидерланд дзюдошыларының да жағдайы жаман емес. Мықтылар қатарында аталған мемлекеттен бес балуаннан бар. Оңтүстік Корея – 4, Моңғолия, Бразилия, Әзербайжан, Канада, Түркия – 3, Қазақстан, Өзбекстан – 2, Испания, Тайпей, Италия, Швеция, Косово, Бельгия, Германия, Болгария, Куба, Сербия, Мажарстан, Чехия, Португалия және Украина – 1.

Әлемдік рейтингте көш бастап тұрған дзюдошылар

60 кило: 1. Рюдзю Нагаяма (Жапония), 2. Роберт Мшвидобадзе (Ресей), 3. Наохиса Такато (Жапония).

66 кило: 1. Мануэль Ломбардо (Италия), 2. Важа Маргвелашвили (Грузия), 3. Дзёсиро Маруяма (Жапония).

73 кило: 1. Соичи Хасимото (Жапония), 2. Рустам Оруджев (Әзербайжан), 3. Ан Чанг Рим (Оңтүстік Корея).

81 кило: 1. Маттиас Касс (Бельгия), 2. Саги Муки (Израиль), 3. Шота Грига¬лашвили (Грузия).

90 кило: 1. Николос Шеразадашвили (Испания), 2. Ноэль ван ’тЭнд (Нидерланд), 3. Иван Филипе Силва Моралес (Куба).

100 кило: 1. Варлам Липартелиани (Грузия), 2. Петер Палчик (Израиль), 3. Жорже Фонсека (Португалия).

+100 кило: 1. Лукас Крпалек (Чехия), 2. Инал Тасоев (Ресей), 3. Гурам Тушишвили (Грузия).

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!