Еліміздегі кәсіби клубтардың медиа қызметінің жарнамасы жер жарғанымен отандық тілде ақпарат таратуы ақсап тұр. Кез келген клубтың сайтын не болмаса әлеуметтік желідегі парақшасын ақтара қалсақ орыс тіліндегі мағлұматтар сайрап тұр.  Ал қазақ тілі өкінішке қарай мәртебесін жоғалтқан. Түйіткілді мәселені спорт шолушы Асқар Хамиденмен бірге ақтардық.

– Асеке, бірнеше жыл «Астана»  футбол клубының медиа қызметінде жұмыс істедіңіз. Отандық футболдың қыр-сырын білесіз. Бүгінде аладоптың айналысындағы ақпараттың орыс тілінде берілетінін жиі байқап жүрміз.  Жалпы бұқаралық сипаты басым футболдың өз тілімізге деген құрметі төмен деп ойламайсыз ба?

– Осы салада яғни «Астана» футбол клубында 5 жылға жуық қыз­мет ат­қар­дым. Төңкеріс жаса­масақ та көп нәрсені өз­гертуге тырыстық. Жалпы тек футболда ғана емес Қазақстандағы кәсби клубтардың дені орыс тілінде ақпарат таратады. Шыны керек ел спортында қазақ тіліне деген құрмет жоқ. Оны жасырудың қажеті шамалы. Біздің елдің бір кереметі ұлтына не болмаса нәсіліне қарап бөліп жармайды. Сондықтан басшылық қызметте кез келген ұлт өкілі отыра алады. Дегенмен біздің елдің «нанын» жегендіктен тілге деген құрмет биік болуы тиіс. Бірақ барлығы біз ойлағандай емес.  Құжаттардың өзі өзге тілде жазылады. Мысалы, шетелдік ойыншылардың келісім-шарты ағылшын және орыс тілдерінде толтырылады. Одан бөлек ішкі чемпионаттардағы протоколдың өзінде қазақ тілін байқамайсыз.  Қазір «Астана» футбол клубының баспасөз қызметіне нақты жауап бере алмаймын. Бірақ мен қызмет еткен жылдары барлық ақпарат 100 пайыз қазақ тілінде жарық көрді. Себебі 80 пайыз ақпараттың негізгі тол­қыны орыс не ағылшын тілінде, футболшылар мен бапкерлер де орысша, ағылшынша сұхбат береді. Сондықтан көп жағдайда біз жұмыс істеген уақытта басшылық бекітетін сұхбаттар мен ақпарат­тарды қазақ­шаға уақытылы аударып отырдық. Бүгінде көп клубтар келісім шартпен яғни аудармашыламен жұмыс істейді. Спорттың терминін жалпы журналистиканың қыр-сырын білмегендіктен, ұсынған ақпараты мағынасын жоғалтады. Негізінде бізде көп клубтың басшылығы өздеріне, футболшы­ларға ыңғайлы болуы үшін орыстілді журналисті жұмысқа алуға тырысады. Ал қазақ тіліне көп жағдайда көңіл бөлгілері келмейді. Сондықтан бізге жалпы мемлекеттік деңгейде бұл жұмысты Қазақстан кәсіпқой лигасынан бастауы керек. Олар міндетті түрде қазақша ақпарат тарату туралы арнайы регламент енгізуі керек деп ойлаймын. Сол кезде еліміздегі футбол клубтарының басшылықтары ойланатын болады

– Әңгімеңізден  салалық журналистика оның ішінде спорт тақырыбында қалам тербейтін тілшілер кәсіби клубтарға жете алмай жатыр деген ойды байқап отырм…

– Иә, шынында солай.

– 5 жыл кәсіби клубта қызмет атқардыңыз. Жалпы клубтардағы медиа қызметкерлердің жағдайы біркелкі деп ойлайсыз ба?

– Бұл – клубтың қаржылық деңгейіне, содан кейін басшылығына байланысты. Мысалы «Астананың» қаржылық әлеуеті өзге клубтардан жоғары болды. Соған сай жетістігі де жақсы болды. 6 жыл қатарынан ел чемпионы болып, Еурокубоктық бәсекелердің топтық кезеңінде тұрақты қатысты. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық. Сондықтан «Астана» футбол клубына тағар кінәміз жоқ.   Ал өңірлердегі жағдай құбылмалы. Біреуінің жалақысы мардымсыз, біреуінде басшылық тарапынан қолдау жоқ. Сондықтан біркелкі деп айта алмаймын.

– Отандық футболдағы пиар қызметі жеткілікті ме?

– Жеткіліксіз. Ел клубтарының бір сыпырасына ғана көңілім толады.   Өз жанкүйерлері мен футболшыларды байланыстыра отырып керемет дүниелерді ұсынып жүр. Клубтарға қаржылық жағдайды реттеу үшін пиардың маңызы ерекше. Пиардың нәтижесінде өз өнімін бренд ретінде ұсына алатын «Қайрат» пен «Ақтөбені» ғана айтсақ болады. Қалған клубтар бұл мәселеде кемшін түсіп тұр.    

Сұхбаттасқан

Ерасыл ШӘРІБЕК