Кейінгі жылдары елдегі футболға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұны ұлттық құраманың, клубтық ойындар арасындағы бәсекелестіктен анық байқауға болады. Одан бөлек әлемнің алпауыт командаларына ауысып, ел мерейін үстем етіп жүрген аяқдопшылардың жетістіктері қуантатыны тағы бар. Бұл – Қазақстандағы футболға деген жаңа кезеңнің басталғанын айқындайды.

Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені қазір біздің елде Испания үздіктерінің бірі «Атлетико Мадрид» клубының академиясы бар. Арманын алысқа тастаған жеткіншектер сол мектепте жаттығу жасап, академиядан түлеп ұшуға жақын. Бүгінде мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 116 бала жаттығады.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев осы аталған бірегей жоба – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.

Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.

Президентке академия орнын таңдауда балаларды шыңдай түсетін табиғат факторлары ескерілгені айтылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді.

Алматы облысының Талғар ауданындағы таудың таза ауасы мен жағымды климат бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.

Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франциско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты.

Иә, мұның барлығы кейінгі буынға жасалып жатқан дұрыс инвестиция. Елімізді әлемге танытатын спорттың түрі санаулы болса, бірден-бірі осы – футбол. Ендеше, елде әлемді аяғына телміртетін жастардың өсіп-жетілуіне жағдай жасасақ жаман болмаймыз.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!