Жуырда ел мерейін асырған айтулы дода – Қазақстан мен Солтүстік Ирландия құрамалары арасында кездесу өтті. «Астана Арена» стадионында ұйымдастырылған аяқдоп додасын тамашалауға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, спортшыларға жанкүйер болды.

Расында, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кезекті ойын тартысты өрбіді. Құрама сапындағы Бақтиер Зайнутдинов, Нұралы Әліп, Асхат Тағыберген секілді саңлақтар H кіші тобынан суырылып шығуға барын салуға мәжбүр. Өйткені, бұған дейін Финляндиямен өткен ойында қапы қалып, жеңісті қолдан бергеніміз бар. Оның үстіне Ирландия ежелгі қарсылас. Бұрынғы кездесудің бәрінде басымдық көрсетіп жүрген еді. Содан болар, «Астана Арена» стадионындағы тартысқа қазақстандық команда ерек дайындалғаны көрінеді.

Ойынның алғашқы минутынан отандастарымыз озық шықты. Алдымен Бақтиер Зайнутдинов қақпаны нысанаға алған, әйтсе де тепкен добы бағанадан сәл қиыс кетті. Мұнан соң Нұралы Әліп алаң ортасынан доп алып, бірнеше ойыншыдан сытылып шықты. Тіпті айып алаңына дейін енді. Бірақ соққысын дарыта алмады. 27-минутта Абзал Бейсебеков Максим Самородовқа әдемі пас шығарды. Ал екіншісі, өз мүмкіндігін мүлт жібермей, Қазақстанды алға шығарды. Сәлден соң Абзалдың алыстан бағыттаған добы қақпаға кіре жаздады. Мұнан соң Максим де алыстан соққы жасап көрді. Алайда қорғаушыларға тиіп, доп кері серпілді. Осыдан кейін біздің жігіттер шабуылды үдете түсті. Тайм соңына дейін Тағыберген, Оразов, Самородов үштігі қонақтарды біраз әбігерге салды. Оның үстіне Абзал мен Бақтиер қос қапталдан үздіксіз пас асырумен болды. Дегенмен ойынның бірінші бөлігінде басқа өзгеріс көрмедік.

Ойынның екінші бөлігінде алаңға Абат Айымбетов, Исламбек Қуат және Аслан Дарабаев шығып, орталық алаңды серпілтті. Дегенмен Адиев шәкірттері есепті еселей алмады. Есесіне өздеріне гол да жібермеді. Әйткенмен, бұл таймда қонақтардың басымдығы айқын білінді. Алаңға тыңнан қосылған Томпсон, Смит пен Чарльз ұлттық құрамаға біраз қиындық тудырды. Әсіресе, 54-минутта Маккан Щацкий қорғаған қапаға гол соғып, таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды. Бірақ оның соққысын Марат Быстыров дер уақытында тоқтатып үлгерді. Ал 80-минутта Қуат алыс бұрышты көздеген, алайда Бэйли Пикок-Фаррелл қолын тосып, допты алаң сыртына шығарып жіберді. Ойынның бітуіне санаулы минут қалғанда Зайнутдинов бұрыштамадан доп асырған, алайда Тағыберген бұл мүмкіндікті  пайдалана алмады.

Осы ойыннан кейін ұлттық құрамамыз 12 ұпай еншілеп, топтағы орнын нығайта түсті. Өз тобымызда төртінші орынға түскенмен, көш басындағы командалармен арамызды 1 ғана ұпай бөліп тұр.

Шыны керек, қазір Н тобындағы жағдай шиеленісіп кетті. Өйткені Дания сырт алаңда Финляндияны 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Словения Сан-Мариноға жауапсыз 4 гол соқты. Осы есептен кейін Дания мен Словения 3 ұпайдан жинап, 13 ұпаймен көш бастаса, Финляндия мен Қазақстан 12 ұпаймен үшінші және төртінші орынға жайғасты. Дегенмен Еуро-2024 жолдамасынан үміт үзбейміз. Ұлттық құраманың әлі 4 ойыны бар. Мүмкіндік те жоқ емес. Алғашқы айналымда жеңген Солтүстік Ирландияны қайта сүріндірдік. 6 турда да гол соқпаған Сан-Мариноныны қайта ойсыратарымыз айтпаса да түсінікті. Тек Словенияда кеткен есені қайтара алсақ, олжа. Себебі Даниямен ойын қиынға соғады. Олар бізді екі рет ұтқан фин футболшыларын алғашқы және қарымта ойында да қапы қалдырды. Оның үстіне бірінші айналымдағы нәтиже үшін тісін қайрап отырған болар.

P.S. Бұл жеңіспен тоқтауға болмайды. Алдағы айларда тағы да тартысты дода көрсетіп, шеберлік таныту қажет. Сонда ғана Еуропа чемпионатының іріктеу сатысына тікелей жолдама алуға мүмкіндік бар. Спортшылардың ынтасы мен жанкүйерлер қолдауынан байқағанымыз, жеңісті күн алыс емес секілді.

А.АҚТАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!