Hоbbit есімі алыс жақын елдерге мәлім. Компью­терлік CS:GO ойынының еліміздегі су жаңа жеңімпазы. Hоbbit-тың ел чемпионатынан бөлек түрлі жетістіктері жетерлік. Атап айтсақ, PGL Krakow Major 2017 әлем чемпионы, IEM Katowice 2021 әлем кубогының жеңім­пазы және Gambit Esports киберспорт ұйымының құрамындағы Dream Hack сериясының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Абайдың балалық шағы Екібас­тұз­да өтті. №22 және Зерде гимна­зия­сында білім алған, одан кейін ел­ордадағы «Көлік және комму­никация» колледжіне, ал оны бітірген соң «Тех­никалық физика» мамандығы бойын­ша ЕҰУ-ге оқуға түседі.

– 4 семестр оқығаннан кейін академиялық демалыс алып, спортпен айналысуды таңдадым. Қазір мен спортшы болған­дықтан Қазақ­станды әлемдік аренада танысты­рамын. Менің тамаша қызым бар, әйелім бар», – дейді Абай Хасенов.

Кибер­чемпионның болашағы компью­терлік клубта­рдың бірінде басталған.

– Аза­мат ағам мені өзімен ойнауға ертіп барды. Сонда бәрі қызық болды. Алғашқы ойыным – Counter-Strike. Қатты ұнап, жарысқа дейін жалғасын тапты, – деп еске алды Абай.

Біздің қоғамда егде жастағы адамдар балалардың компьютерлік ойындарды ойнауға деген құштарлығын сирек қолдайды. Көбінесе мұндай хоббиге қарсы болады. Алайда Хасеновтар отбасында ұлының осы бағытта дамуға деген ұмтылысына қаржылық жағынан да толық қолдау болды.

– Шындығында балалардың 24⁄7 режиміндегі ойынға деген құмарлығын қолдамаймын. Замандастарымның жан-жақты дамуына және ең жақсы орындайтын бағытты таңдауын қолдаймын. Мысалы, өзім де спортпен шұғылдануға тырыстым. Футболды жақсы көретінмін, тоғызқұмалақ ойнадым. Тіпті бірінші категориям бар. Бірақ компьютерлік ойында көбірек жетістікке жететінімді түсіндім. Бойымдағы талантты сезіндім, қалада да, елде де үздіктер қатарында болдым, сондықтан әлі де осы жолдамын, – дейді киберспортшы.

2016 жылы Абай «Гамбит» командасына ауысты. Бұл ауысым ТМД елдеріне үлкен жаңалық болды. Өйткені Абайдың ауысым эспорт тарихындағы ең қымбат трансфер болды.

– «Тенгри» ұлттық ұйымында жүрген шағымда керемет ұсыныс түсті. Ұсынысқа сай нәтижеміз жоғары болатын.  «Гамбит» командасы нәтижеге көңіл бөліп, (айтпақшы, екі қазақ бар еді) мені қатарларына шақырды. Ол кезде олар әлемдік аренада жай ғана салмақты ойыншылар емес, аты аңызға айналған команда еді. Сондықтан  бас тарту қиын болды, – деді Абай.

 Мұндай мүмкіндіктің  сирек кездесетінін түсінген кейіпкеріміз командаға ауысқанына өкінбейді. Өйткені киберспортта белгілі бір табысқа жету қиын шаруа.  Ең алдымен бұл спортта талант, табандылық және керемет мотивация маңызды.

Абайдың қазіргі арманы  киберспорт аренасында Қазақстанды лайықты түрде көрсету.

– Қазақстанның халықаралық деңгейдегі өкілдері көп емес. Саусақпен санарлық. Сондықтан елімізде киберспортты барынша жақсы жағынан көрсету маңызды, сонда барлығы бізде қандай таланттарымыз бар екенін түсінеді», – деп атап өтті кейіпкеріміз.

Әу баста Абайға лақап есім табу қиынға соғыпты. Лақап есіммен ойнау киберспорттың негізгі ережесі. Сол себепті Абайға жарысқа шығу үшін лезде шешім қабылдау керек болған.

– Бастапқыда нақты лақап атым болған жоқ. Екібастұздағы жергілікті әуесқойлар турниріне барғанымда «хоббит» болдым, сонда мен ең кішкентай қатысушы саналдым. «Сақиналардың әміршісі» фильмі көрермендерге жол тартқан кезі. Азамат ағам фильмнен лақап есім қоюға кеңес берді. Осылайша ел арасында «хоббит» деп таныла бастадым, – дейді Абай.

Кибер­спорттың үлкен спорт­тан айырма­шы­лы­ғы некен саяқ. Мұндада кәсіби спортшы секілді күнделікті жаттығу үзілмейді.

– Әрине, бірінші кезекте елдің абыройы үшін ойнаймын. Сон­дықтан жаттығу­ларды қалт жібер­меймін. Жарыс­тар болмаса, былайынша ішінара  ойындар  қызықты бола бермейді. Бір маусым 4-5 айға созылады. Маңызды турнирлерді үдіксіз ойнаған соң физикалық және психикалық тұрғыдан қатты шаршайсыз», – деп спорттың қиындығына тоқталды Абай Хасенов.