Өңірде қарқынды дамыған спорт түрі көп. Соның ішінде Сыр елінде ілгерілеп келе жатқаны – көгалдағы хоккей. Ерлер құрамасының жетістігі өз алдына, қыздар құрамасының да ақжолтай жаңалықпен сүйіншілетіп тұратыны бар. Соның бірі жуырда төбемізді көкке жеткізген қуанышты хабар.
Нақтылай түссек, Индонезия елінің Джакарта қаласында 20-29 сәуір аралығында көгалдағы хоккейден Азия ойындарына іріктеу турнирі өтті. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрама өкілдері азулы қарсыластармен иық тіресіп, үздік бестіктен көрініп, алда өтетін Азия ойындарына жолдама жеңіп алды. Ал ұлттық құрама сапында жергілікті аруларымыз да бар.
Атап айтсақ, үздік ойын өрнегін көрсеткен «Қайсардың» құрамында Бахаваддин Гузал, Ляпина Виктория, Сазонтова Наталья, Ізбасарова Гулсина, Болғанбаева Қарлығаш, Ерсұлтан Ақжан, Шаймарданова Виктория, Чепкасова Алиса болды.
– Шынын айту керек, көгалдағы хоккей көбіне көп жастың қызығушылығын тудыра бермейді. Кейінгі уақытта Сыр елінде бұл спорт түрі ілгерілеп келеді. Оған дәлел – біздің ұлттық құрамада өнер көрсетіп, Азия ойындарына жолдама алғанымыз. Жуырда өткен жарыстың нәтижесінде алға қойған мақсаттарымыздың бірі орындалды. Енді Азия елдерінің алдында өзімізді дәлелдеп, елге жүлде сыйлауды көздеп отырмыз. Сәтін салса тілегіміз қабыл болып, ол күнге де жетерміз. Командаластар болып, бізді қолдаған жандарға алғыс білдіреміз, – деді спортшы арулар.
Айта кетейік, спортшыларымыздың жаттықтырушысы – «Қайсар» ойын түрлері бойынша спорт клубының аға жаттықтырушысы Ерасыл Қайқыбеков.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!