Роналду мен Месси. Фото: Yasser Bakhsh/Getty Images

«Интер Майами» футбол клубының ойыншысы Лионель Месси мен «Аль-Насрдың» шабуылшысы Криштиану Роналду жақында қайта кездеседі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

2024 жылдың ақпан айында Сауд Арабияда «Эр-Рияд маусым Кубогы» деген атпен жолдастық турнир өтеді. Аталмыш жарысқа құрамында Месси бар «Интер Майами» футбол клубы мен шабуыл шебінде Роналду ойнайтын «Аль-Наср» командалары қатысады.

Еске салайық, Роналду мен Месси қарсылас ретінде соңғы рет 2023 жылы қаңтар айында кездескен еді. Сол матчта аргентиналық футболшы «ПСЖ» сапында доп тепсе, Криштиану Эр-Рияд қаласының құрамасы сапында өнер көрсетті. Жолдастық кездесу 4:5 есебімен париждіктердің пайдасына шешіліп еді.

Айта кетейік, аргентиналық ойыншы Лионель Месси 2022/23 жылғы маусымның үздік ойыншысы ретінде танылып, «Алтын доп» жүлдесін жеңіп алды.

Материал авторы: Арқалық Феримхан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!