KAZINFORM – Бразилиялық аңыз футболшы Пеленің 1958 жылғы әлем чемпионатының финалында киген спорттық жейдесі аукционда 6 миллион доллардан астам сомаға сатылуы мүмкін. Бұл туралы The Athletic порталы хабарлады.
1958 жылғы әлем чемпионаты Швецияда өткен. Финалда Бразилия ұлттық футбол құрамасы алаң иелері – Швеция ұлттық футбол құрамасын 5:2 есебімен жеңіп, өз тарихында алғаш рет әлем чемпионы атанды. Ол кезде Пеле небәрі 17 жаста еді және шешуші кездесуде екі гол соқты.
Порталдың мәліметінше, Пеленің футболкасының болжамды құны 6 миллион доллардан асады. Сауда-саттық 29 маусымда басталып, 16 шілдеде аяқталады.
2022 жылы футболшының спорттық киіміне қатысты рекордтық сомаға аукцион өткен. Сол кезде аргентиналық Диего Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатында ағылшындар қақпасына екі гол соққан кездегі формасы 9,28 миллион долларға сатылған.
Пеле 2022 жылдың 29 желтоқсанында 82 жасында қайтыс болды. Ол Бразилия құрамасы сапында 1958, 1962 және 1970 жылдары әлем чемпионы атанды.
«Сантос» клубының ойыншысы ретінде Пеле Бразилия чемпионатын алты рет жеңіп алды. Сондай-ақ екі мәрте Либертадорес кубогы мен Құрлықаралық кубоктың иегері атанды.
Ол мансабында 1 279 гол соғып, осы көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Пеле бірнеше рет спорттық басылымдардың нұсқасы бойынша ХХ ғасырдың ең үздік футболшысы атанды және ғасырдың символикалық құрамаларына енгізілді.
1999 жылы FIFA ХХ ғасырдың үздік футболшысын анықтау үшін спорт шенеуніктері, журналистер мен жаттықтырушылар арасында сауалнама жүргізіп, оның қорытындысында Пеле бірінші орын алды. Алайда интернет арқылы өткен жанкүйерлер дауыс беруінде Диего Марадона жеңіске жетті.
Нәтижесінде FIFA «Ғасыр ойыншысы» атағын екі футболшыға бірге беру туралы шешім қабылдады.
Сол жылы Time журналы Пелені ХХ ғасырдың ең ықпалды 100 адамының қатарына қосты.
1999 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті Пелені Олимпиада ойындарына ешқашан қатыспағанына қарамастан, ғасырдың ең үздік спортшысы деп таныды.
Ол Латын Америкасы аумағында Олимпиада алауын алып жүрген алғашқы адам болды. Бұл 2004 жылы Афина Олимпиадасы қарсаңында жүзеге асты. «Футбол королі» атанған Пеле Маракана стадионынан алауды алып шығып, эстафетаны бастаған алғашқы адам ретінде тарихқа енді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
