Спорт – бұл салауатты өмір салтын ұстанудың алғышарты ғана емес, сондай-ақ, ұлттың мықтылығын, азаматтың айбарлығын өзге елге танытатын негіз. Бұрын ат үстінен түспей, жорықта жанын сауғалаудан гөрі арын алдыңғы орынға қоятындарды, қабырғасы қайысса да, қабағын шытпаған шымырды батыр деп атаған. Ал, бүгінгі күннің батырлары деп спортта жүрген айбынды азамат пен қайсар қыздарды атауға әбден болар.

Оңайлықпен келмейтін жеңіске ие болу үшін тапқырлық пен табандылықты түйістіре білетіндердің ісіне тәнті болатынымыз тағы рас. Асылында, спорт мұрынды бет қылатын ұрып-жығудан тұрмайды. Тиісінше, спорт алаңы бұзақылықтың ордасы емес. Бұл сана мен іс-қимылдың өз сәтінде сауатты өрбуі. Яғни, ақыл мен айланың арқасында орға жығылмай, ой мен әрекеттің нәтижесінде жеңіске жету. Осы ретте, қағидадан қашпай, өз ұстанымынан бас тартпайтын, діттегені мен көздегеніне жетпей қоймайтын қайратты болу маңызды. Ал, айтылған талапты түйсігінде сақтап, жадында жаңғыртып жүретін Сыр спортшылары сенім үдесінен шыға білді.

Сайып келгенде спорт салауатты өмір салтын сақтаудың ғана емес, өз-өзіңді қорғаудың таптырмас тәсілі, қорғанудың жолы екені бәрімізге мәлім. Топ бала тап беріп, төбелеске түскенде жер бауырлап қалмай, жеке басты қорғауға сеп болады. Әсіресе, каратэ қатерден сақтайтын спорт түріне жатады. Себебі қарусыз-ақ аяқ-қолдың қайратымен қарсыласты жайратып тастауға мүмкіндік мол. Тек әдіс-тәсілді естен шығармай, ширақ қимылдың қалпын бұзбаған жөн. Шапшаңдық пен жылдамдыққа сүйеніп, спорттан сауаты мықты Сыр спортшылары каратэден жеңісті еншілеп келеді.
– Облыста мейбукан годзю-рю каратэ-домен 2019 жылдан бастап айналыса бастадық. Үш жыл ішінде өте жақсы дамып келе жатыр деп айтуға негіз бар. Өйткені спортшылардың жеткен жетістігі мен көрсеткен нәтижесі көрсеткішімізді айғақтап береді. Сондай-ақ, спорт саласына ерекше ден қойып, дамуына зор үлесін қосқан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Зұлфқарұлына алғыс айтамыз. Өңірде осы спорт түрімен 200-ге жуық спортшы мен 10-ға жуық жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр. Асудан асып, белесті бағындыруда жаттықтырушының білім-білігі мен спортшы қабілеті ықпал етеді. Бүгінде үзеңгілестерінен оқ бойы озып, каратэде көш бастап келе жатқан мықты спортшыларымыз бар. Олар – Ернұр Рысбек, Еркін Әбіш, Азиз Мұса, Айым Алдаберген, Дамир Есдәулет, Райан бақытбек, Аяулым Тілектес, – деді облыстық мейбукан годзю-рю каратэ-до федерациясының аға жаттықтырушысы Еркін Боханов.
Қарусыз күрес саналатын каратэде кейін шегінбейтін күш керек-ақ. Шаршы алаңда шалыс баспау үшін өз-өзін қорғау тәсілін меңгерудің маңызы зор. Осы тұста тактика мен техниканы тез меңгерген спорт саңлақтары әлемге де өзін мойындатып үлгерді. Үздіктердің жеңісте үзіліс жариялағысы келмейтіні қуантады. Каратэдегі көрсеткіш бойынша сан соғып қалмайтын Сыр спортшылары жүлде санын арттырып, аймақ абыройын асқақтатып келеді.
– 2022 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында жалпы есепте ІІ орын алдық. Биыл чемпионат Сыр елінде өтіп, біздің команда тағы да сол белесті бағындырды. Сондай-ақ, Жанкерей Асқарұлы мен Еркін Әбіш Петропавл қаласында өткен ел біріншілігінде іріктеуден өтіп, Италияда әлем біріншілігінде қола медальді қанжығаға байлады. Енді келесі Әлем чемпионаты 2024 жылы Австрия елінде өтпек. Бұл сыннан да сүрінбейтін спортшыларымыз іріктеуден іркілмей өтіп, жеңімпаз атанатынына кәміл сенеміз, – деді жаттықтырушы Е.Боханов.
Жетістікті жіпке тізер болсақ, Сыр елінің еншісіне тиген жүлде мен жеңіс аз емес. Қабілет-қарымы артып, күш қайраты тасыған біліктілер додада діттегеніне жетіп, мәртебені биіктете түсуде. Мұндай көрсеткіш, нанымды нәтиже ел дамуының негізгі тетігі десек артық айтқандық емес. Тиісінше бұл спорттың саласының деңгейін де анықтап береді. Бүгінде сүйінші хабар мен ақжолтай жаңалықтардың өзінен айтулы саланың алға шыққанын аңғаруға болады. Иә, бұрын спорт көптің аузында кемшін тұсы көп айтылатын еді. Ой үстінде ойнамалы боп тұратын саланың бүгінгі орны орнықты һәм тұрақты. Өйткені Сыр спортшыларының жетістігі мен жеңісі спорт саласының айнасына айналды. Жаттықтырушы өз сөзінде облыстық спорт басқрамасының каратэге жақсы көңіл бөлетіндігін тілге тиек етті. Расында да қолдау мен демеу азаймаса, шыңға шығатынымыз анық.
Түйіндей келе, рух пен жігер спортшының қос қанаты десек, спортшының қанаты қайырылмағаны ләзім. Ал, басқарманың қолдауы, жаттықтырушының еңбегі, спортшының қабілеті сабақтасса, осы үштікте үндестік табылса жеңісті күндер көбеймек.


Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!