Құрметті «Дода» бетінің арнайы оқырманы, бұған дейін пенчак силат деген спорт түрін естуіңіз бар ма? Мұндай спортқа қызығатын қызылордалықтарды саусақпен санайсыз. Ал бұл жолда жетістікке жетіп жүрген спортшылар қатарында Нұрбақыт Жұмабек бар.

Жуырда Астана қаласында пенчак силат бойынша жастар мен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылды. Аталған бәсекеге жерлесіміз Нұрбақыт Жұмабек 75 кг салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

Қызығы сол, Қызылорда облысының құрама командасы аталған спорт түрі бойынша ҚР чемпионатына бірінші рет қатысып отыр. Ал алғашқы додада қола жүлдеге ие болу, үлкен жетістік.

– Пенчак силат – Индонезия мен Малайзия аймағынан шыққан, қарулы және қарусыз жекпе-жекке, сондай-ақ өнер мен мәдениет элементтеріне негізделген көне жауынгерлік өнер. Бұл жүйе өзін-өзі қорғауға, жылдамдыққа және шабуыл мен қорғаныстың тепе-теңдігіне бағытталған. Бұл спорт түрі Сыр елінде енді дамып, қызығушылық білдірушілер қатары артып келеді. Сәтін салып, Астана қаласында өткен тартыста өңір абыройын қорғау бұйырды. Алғашқы қатысушы ретінде қола жүлдеге қол жеткізу мен үшін үлкен абырой. Алдағы уақытта да жеңіс туын желбіретуге күш саламын, – деді спортшы.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!