Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған білім қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиада өз мәресіне жетті.

Қала және аудандардан барлығы 250-ге жуық педагог қатысқан спорт додасының нәтижесімен жалпы командалық есепте​ І орынды Қызылорда қаласы иеленсе, ІІ орын Шиелі ауданына бұйырды. Ал, жүлделі ІІІ орынды Қазалыдан келген ұстаздар жеңіп алды.

​Сондай-ақ, шарада спорттың шағын футбол, ерлер және әйелдер арасындағы волейбол, үстел теннисі түрлерінен үздік атанған ойыншылар да марапатталды.

Командаларға облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымының алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтары табысталды.

Үздік шыққан жеңімпаздар Тараз қаласында өтетін республикалық бәсекеге қатысатын болады.

«Спартакида білім саласының қызметкерлері арасында спорттың футбол, волейбол, үстел теннисі 3 түрінен ұйымдастырылып, біліммен ғана емес жанына спортты серік еткен 250-ге жуық мұғалімдер қауымы қатысып бақтарын сынады. Жарыс барысында мықтылар анықталып, сайысқа қатысушы спортшылар дүбірлі додада жеңіске деген ұмтылыс пен жігер танытты. Сіздердің қоғам мен адамзат алдындағы баға жетпес еңбектеріңізді ескере отырып, өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолындағы өрелі жұмыстарыңызға, Жаңа Әділетті Қазақстанның дамуы жолындағы тынымсыз қызметтеріңізге толағай табыс тілеймін», – деді облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнар Есқалиева.

Айта кетейік, білім қызметкерлерінің спартакиадасы Республика күніне орай Сырдария ауданында 15 қазанда басталған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!