Әлемдегі нөмірі бірінші ойын – футбол. Ал сол футбол тарихында «Сиқыршы» деген атаумен танымал аяқ допшыны білмейтін адам кемде-кем. Тіпті, футбол жанкүйері болған әр адамның тым құрығанда оның есімін бір естімеуі неғайбыл?! Біздің айтпағымыз, кезінде католониялық «Барселона» клубының жарық жұлдызы болған бразилиялық – «сиқыршы» Роналдиньо.

Ол 1980 жылы 21 наурызда Порту-Алегри қаласының Фиу-Гранди-ду-Сул штатында орта шаруа отбасында дүниеге келеді. Анасы Дон Мигуэлина саудагер болып жұмыс жасаған. Ал әкесі Жуан да Силва Морейра «Гремио» футбол клубының тұрағында қарауыл болып қызмет атқарған. Әкесі жергілікті жанкүйерлерден құрылған «Крузейро» командасының сапында ойнайды. Яғни, Роналдиньоның футболға деген қызығушылығын оятып, бағыт-бағдар берген әкесі болатын.
Ол бір естелігінде, кішкентай кезінде күндіз-түні үй көрмей, көшеде доп тепкенін айтады. Қара бала, футбол десе, ішер асын жерге қоятын жанкүйерлердің бәрін өзінің ойнау мәнеріне тәнті еткен. Үлкен футболға аяқ баспас бұрын шағын футболдың добын теуіп жүрген Роналдиньо, небәрі 13 жасында «Белу-Оризонти» клубының сапында жергілікті командаға қарсы ойында 23 гол соғады. Көргендер осынау талантты баланың шеберлігіне таңданыспен қарап, көптеген жаттықтырушы менеджерлер оны үлкен футболға қосқысы келеді. Осылайша, өзін шыңдап өскен ол 1995 жылы «Гримионың» жасөспірімдер клубына қабылданып, 1997 жылы клубпен алғашқы келісімшартына отырады. Бұл оның футбол әлеміне жасаған алғашқы қадамы еді. Бірақ ол кезде оны әлем жұртшылығы танымайтын. 2000 жылы үздік өнер көрсетіп, Бразилиядағы «күміс доптың» иегері атанады. Әр ойын сайын гол соғып, әдемі финттерімен жарқырап жүрген аяқдопшыға осы кезден бастап еуропалық грандтар қызыға бастайды.
2001 жылдың ақпан айында Францияның «Пари Сен-Жермен» клубынан ұсыныс түседі. Өзін одан әрі шыңдауға құмар қара бала келісім береді. Франциялық клубтың сапында өзінің өзге қырларын көрсеткен ойыншы испандық клубтардың көзіне оттай басылады. Әрі 2002 жылы Жапония да өткен әлем чемпионатында Бразилия қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанған еді. Сол жылы ұлттық құрама сапында чемпион болады. Әрі әлем чемпионатының символдық құрамасына кіреді. Осыдан кейін ойыншы өз еркімен 2003 жылы жазғы трансферлік терезеде аты әлемге әйгілі «Барселона» клубына ауысады. Католондық клуб сапында жұлдызды жарқырай түскен ол айналдырған 3-4 жылда бүкіл футбол жанкүйерлерінің жүрегін жаулаған жұлдызды ойыншыға айналады. Жаттығу алаңына бірінші барып, соңынан қайтатын еңбекқор ойыншы өзінің шебер ойыны арқылы үздік екенін мойындатады. Түрлі дриблинг пен финттерін көрген жанкүйер оны аузының суы құрып тұрып айтатын болған. Осыдан кейін Роналдиньо «сиқыршы» атанып кетеді. 2004 жылы Испания чемпионатының үздік ойыншысы атанып, сол жылы ЕФЕ трофейін (Испания чемпионатындағы үздік оңтүстік америкалық ойыншы) жеңіп алады.
2004-2005 жылдары ФИФА-ның жыл ойыншысы және екі мәрте УЕФА-ның үздік шабуылшысы атағы беріледі. Сол жылы әлемнің ең үздік ойыншысына беретін «Алтын доптың» иегері атанады. 2005 және 2006 жылдары Испания чемпионы, сол екі жылда Испания супер кубогінің де иегері болады. 2006 жылы Еуропаның ең маңызды турнирі саналатын Чемпиондар лигасында бағы үстем болып жеңімпаз атанады. Осы жылдары World Soccer версиясы бойынша жыл ойыншысы, УЕФА-ның клубтық ойыншы дәрежесі беріледі. Карьерасындағы сәтті кезеңдер де Комп Ноудағы стадионында өткен осы жылдар болатын. «Барселонада» маңызды голдар соғып, ұтымды ұтқыр пастар шығарады. Бразилиялық шабуылшы ешкімнің ойына кіріп шықпайтын алаңдағы әрекеттерімен ерекше есте қалып, клуб тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Роналдиньо 2008 жылы шілдеде испандық клубпен келісімшарт уақыты бітіп, Италияндық «Миланның» су жаңа ойыншысы атанады. 2011 жылы Италия чемпионы болады. Бірақ «Милан» сапында жұлдызды сәттері сөне бастайды. Себебі, ол кезде ойыншының жасы отызға таяған болатын. Көбіне қосалқы құраммен шығып, маңызды ойындарда бой көрсетпейді. Өзінің мансабындағы құлдырау кезеңін бастан өткеріп жатқанын сезген ол 2011 жылы өз Отаны – Бразилияға оралып, еліндегі «Фламенго», «Атлетико Минейро», «Флумененсе» секілді белді клубтарда доп тебеді. Содан соң спортпен қош айтысты. Айта кетейік, Роналдиньо 1999-2013 жылдар аралығында ұлттық құрама сапына шақырылып, 97 ойында 33 рет мергендігімен көзге түскен.
Қазір футбол жанкүйерлері аргентиналық Месси мен португалдық Роналдуды жиі салыстырады. Тіпті, қос ойыншының жанкүйерлері бір-бірін жек көргені сонша тәжікелесіп те жатады. Алайда, мұндай дүние «Сиқыршының» басынан өтпеген. Өйткені, футбол сүйер қауымның барлығы оны ойыны мен жұмсақ мінезі үшін ерекше жақсы көрген. Әрі ол үнемі күліп жүретін, көңілді шабуылшы болған.
Міне, бұл – кезінде әлем жұртшылығының жүрегін жаулаған Рональдиноның футболдағы дара жолы. Бұл ұлы ойыншы тек қазақ балаларының ғана емес, әлемнің көптеген жас футболшыларының кумирі екені талассыз. Мұның барлығы жас буынның осындай ұлы футболшылардың өмір жолынан мотивация алып, келешекте қазақтан да талантты ойыншылар шығатын болар деген сенімнен туған дүние еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!