фото: ЖИ арқылы жасалған
Мен болашақ мамандығым туралы ойланған сайын спорт журналистикасына деген қызығушылығым арта түседі. Себебі спорт – жай ғана жарыс емес. Ол – мінездің мектебі, ерік-жігердің өлшемі, халықтың рухын көтеретін үлкен күш. Ал сол сәттердің барлығын елге жеткізіп, көрерменнің жүрегіне әсерлі етіп ұсынатын адам – спорт журналисі.
Көпшілік спортшының жеңісін көреді, медалін көреді. Бірақ сол жеңістің артындағы ауыр еңбек пен төгілген терді әрдайым байқамайды. Спорт журналистикасының басты міндеті де осында деп ойлаймын. Ол тек есеп беріп қана қоймай, спортшының тағдырын, күресін, жеңілістен кейінгі күйзелісін және жеңістен кейінгі қуанышын халыққа жеткізе білуі керек.
Бүгінде ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Әлемде спорт журналистикасы қарқынды дамып келеді. Жасанды интеллект, виртуалды студиялар, интерактивті репортаждар мен деректер журналистикасы спорт жаңалықтарын жаңа деңгейге көтерді. Алайда Қазақстандағы спорт журналистикасында әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Кейде материалдар құрғақ статистикамен ғана шектеледі. Кейбір спорт түрлері мүлде назардан тыс қалып жатады. Әсіресе ауылдан шыққан талантты спортшылар туралы ақпарат аз беріледі. Біз көбіне жеңімпазды ғана көрсетеміз, ал жеңіліп қалғанымен үлкен еңбек еткен спортшылар тасада қалып қояды.
Егер мен болашақта спорт журналисі атансам, осы олқылықтардың орнын толтыруға тырысар едім. Ең алдымен спортшылардың өмір жолын көрсететін деректі жобалар дайындағым келеді. Әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, қысқа әрі әсерлі бейнерепортаждар жасауды қолға алар едім. Сонымен қатар еліміздің шалғай ауылдарындағы жас таланттарды таныстыратын арнайы бағдарламалар ашуды армандаймын. Себебі болашақ чемпиондар үлкен қалаларда ғана емес, қарапайым ауылдарда да өсіп келеді.
Спорт журналистикасына деген қызығушылығымның қалыптасуына өзімнің спортқа жақындығым мен атақты комментаторлардың еңбегі әсер етті. Әлемдік спорт тарихында жанкүйерлердің есінде мәңгі қалған сәттер көп. Мысалы, 1986 жылғы футболдан әлем чемпионатында аргентиналық аңыз Диего Марадонаның Англия қақпасына соққан голын сипаттаған комментатордың эмоциясы әлі күнге дейін спорт тарихының бір бөлігі саналады. Ал 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ямайкалық желаяқ Усэйн Болттың мәреге бірінші болып жеткен сәтіндегі әлемдік телеарналардағы қуанышқа толы дауыстар миллиондаған көрерменнің есінде қалды.
Қазақстандық спорт журналистикасында да ерекше тұлғалар аз емес. Мен өзім спорт комментаторларының ішінен Амангелді Сейітханды ерекше құрметтеймін. Оның футбол матчтарын жүргізудегі шынайылығы мен эмоциясы көптеген жанкүйердің жүрегінен орын алды. Ол матчты жай ғана баяндап қоймайтын, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлайтын. Оның дауысы қазақ спорт журналистикасының жарқын белгісіне айналды. Білуімше, оның ұлы Бегасыл Сейітхан да әке жолын қуып, өзінің кәсіби мамандығынан бөлек, комментаторлықпен де айналысады. Сондай-ақ Диас Ахметшәріптің де еңбегі зор деп есептеймін. Ол тек журналист емес, спорттың жанашыры еді. Оның репортаждары мен сараптамалары жастарға үлгі болды.
Шетелдік мамандардан мен ағылшын комментаторы Мартин Тайлерді үлгі тұтамын. Оның футболдағы тарихи сәттерді ерекше эмоциямен жеткізе білуі таңғалдырады. Сонымен қатар америкалық спорт журналисі Эрни Джонсонның кәсіби мәдениеті мен көрерменге деген құрметі де маған ұнайды. Осындай тұлғалардан үйренетін нәрсе көп.
Менің ойымша, болашақ спорт журналисті тек ақпарат таратушы емес, қоғамға ықпал ететін тұлға болуы керек. Ол әділ болуы қажет. Кейде біз спорттағы мәселелерді ашық айтуға қорқамыз. Допинг даулары, спорт инфрақұрылымының кемшіліктері, жас спортшыларды қолдаудың әлсіздігі секілді түйткілдер жеткілікті. Журналист мұндай мәселелерді жасырып қалмай, кәсіби тұрғыда көтере білуі тиіс. Себебі сын түзелмей, мін түзелмейді.
Спорт журналистикасы – микрофон ұстап, жарысты баяндаумен ғана шектелмейтін күрделі сала. Бұл – халықтың қуанышы мен үмітін жеткізетін үлкен жауапкершілік. Мен болашақта осы салада еңбек етіп, спортшылардың табандылығын, елдің жетістігін және спорт әлеміндегі өзекті мәселелерді көрерменге шынайы түрде жеткізсем деймін.
Мирас ҚАЗТАЙ,
И.В.Панфилов атындағы
мектеп-лицейінің
11 «Г» сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!