Бүгін «25 қазан – Республика күніне» орай Қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыс жастары арасында «Syr Jastary» атты веложарысы өтті. Жастар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен велоспортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған сайысқа жас велоспортшылар қатысып, өзара бақ сынасты.

Шарада облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Оспанұлы барша қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтап, сайысқа сәттілік тіледі.

  • Құрметті жас достар! Құрметті жас спортшылар! Баршаңызды, ең алдымен, ұлттық мерекеміз «25 қазан – Республика күнімен» құттықтаймын. Бұл мерекенің мазмұны, тарихы өте тереңде. Біздің тәуелсіз ел болуда ең алғашқы жасаған нық қадамымыз 1990 жылы 25 қазанда қабылдаған Тәуелсіздік туралы декларациямыз еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа жолдауында аталмыш күннің мереке мәртебесін қайта қайтаруды ұсынған болатын. Сондықтан «Республика күні» елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы бола отырып, алдағы уақытта жыл сайын еліміздің егемендік күнін кең көлемде атап өтетін боламыз, – деді Т.Тілес.

Сайыс барысында велошабандоздар «Болашақ» университеті мен «Эдельвейс» айналма жолында 20 шақырымдық топтық сайысқа түсті. Ал №3 облыстық веломектебі бекіткен төрешілер алқасы веложарысқа қазылық етіп, үздіктерді анықтады. Сайыс қорытындысымен, жеңіс тұғырына Тұрар Асылхан I орынмен жайғасса, II орынды Айдархан Саят қанжығасына байлады. Жүлделі III орынмен Тұрат Диас үздіктер қатарын қорытындылады.

Ал қыздар арасында Өтеген Әлия жүлделі I орынды иеленсе, Қуатбаева Ғалия II орынға жайғасты. III орынды Асылбек Інжу иеленіп, үздіктер қатарын толықтырды.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і директорының дипломдары мен арнайы медальдары және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!