«Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының 10 жылдық мерейтойына орай қаланың сол жағалауындағы «Теннис орталығында» үстел теннисінен тұңғыш рет «Samruk Alaman» облыстық ашық турнирі өтті.
10 жылдық мерейтой аясында ұйымдастырылған дүбірлі додаға Түркістан, Шымкент, Байқоңыр және Қызылорда облысының барлық ауданынан келген 150-ге жуық спортшы ересектер, жастар және жасөспірімдер санаты бойынша бақ сынауда. Салтанатты шараның ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қоры бас директорының орынбасары Аман Төрегелдин, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев қатысты.
Алғы сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы аймақ спортының соның ішінде үстел теннисінің даму қарқынына тоқталып, тартысқа толы турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға ұсыныс білдіргендерге ерекше алғыс білдірді.
– Ең алдымен баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын!
Айтулы мерекемен қатар еліміздегі іргелі әрі бірегей қорлардың бірі – «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының 10 жылдығына орай республика көлемінде спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтуде. Бүгін мінекей, аталған қордың бастамасымен қаламызда үстел теннисінен облыстық ашық турнир ұйымдастырылып жатыр. Тартысты турнирде еліміздің бірнеше аймағынан және Қызылорда облысынан 150-ге жуық жас теннисші өзара бақ сынамақ.
Осы ретте, өңірдегі спортты дамытуға айрықша атсалысып, игі бастамаларды жүзеге асыруда үлкен қолдау көрсеткен «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорына алғыс білдіремін! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мұнан соң корпоративтік қор бас директорының орынбасары Аман Төрегелдин қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
– «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының 10 жылдық мерейтойы аясында республика көлемінде әртүрлі спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылуда. Ауқымды шаралардың барлығы «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының демеушілігімен салынған еліміздегі 19 заманауи спорт кешенінде өтеді. Бүгін мінекей, Қызылорда облысында бастау алған жарысымызға үздік командалар жиналып, өз шеберліктерін танытпақ. Жеңімпаз атанған спортшыларға аталған қорымыздың спорттық құрал-жабдықтар алуға арналған қаржылай сертификаттары табысталды. Осы ретте, жас теннисшілерге сәттілік тілеймін! – деді Аман Жақсыбайұлы.
Шара Сыр өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрерменге мерекелік ән-шашу тарту етілді.
Облыстық ашық турнирде үстел үстінде доп сырғытқан үздіктер өзара тартысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
2008 жылы туылған және одан кіші жасөспірім қыздар арасында:
І орын – Хадиша Әлжанова;
ІІ орын – Айзере Амандық;
ІІІ орын – Әмина Әлжанова;
ІІІ орын – Гүлсезім Есенбен.
2008 жылы туылған және одан кіші жасөспірім ұлдар арасында:
І орын – Есімхан Орынбасар;
ІІ орын – Кенішбай Бақдәулет;
ІІІ орын – Асылбек Қайсар
ІІІ орын – Мұхит Әлішер.
18 жасқа толған қыздар және одан жоғары жастағы әйелдер арасында:
І орын – Ақназ Декабрқызы;
ІІ орын – Марина Ким;
ІІІ орын – Майрагүл Ерлан;
ІІІ орын – Аружан Әлжанқызы.
18-39 жас аралығындағы ерлер арасында:
І орын – Түртбаев Азамат;
ІІ орын – Мағжан Шардарбеков;
ІІІ орын – Қуаныш Нұрталап;
ІІІ орын – Жасапбек Оспанов.
40 жасқа толған және одан жоғары жастағы ерлер арасында:
І орын – Дәулетяр Машрапов;
ІІ орын – Болат Бакуов;
ІІІ орын – Данияр Балжанов;
ІІІ орын – Менс Ким.
Жарыс нәтижесі бойынша спортшыларға «Samruk Kazyna Trust» корпоративтік қорының спорттық құрал-жабдықтарға арналған қаржылай сертификаттары табысталды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!