«Евразия» спорт кешенінде панкратионнан жасөспірімдер, юниорлар, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті. Ауқымды шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың, Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті, ММА және панкратион ұлттық федерациясының құрметті президенті Гаджи Гаджиев, федерация президенті Сағындық Мекеев, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев, облыстық жекпе-жек айқастары бойынша панкратион және грэпплинг федерациясының құрметті президенті Алмат Жүнісов қатысты.

Республикалық байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймағынан 20 команда, 800-ге жуық спортшы үш жас ерекшелігі бойынша, әртүрлі салмақ дәрежесінде сынға түседі.

– Баһадүр бабаларымыз, ержүрек батырларымыздан аманат болған жекпе-жек өнері ертеде елді ішкі-сыртқы жаудан қорғайтын жауынгерлер арасында кеңінен таралса, қазіргі күні батылдық пен ептілікті талап ететін спорт түріне айналды. Біздің өңірімізде 600-ден астам спортшы панкратион, яғни жекпе-жек өнерімен тұрақты шұғылданады. Екі дүркін Әлем чемпионы Абылай Шәкірбеков, Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Олжас Есқараев және жастар арасында Әлем чемпионы атанған Әли Мұсағалиев сынды Сыр спортшыларын ерекше мақтанышпен айтамыз. Бүгін олардың ізінен ерген болашақ чемпиондарымыз маңызды жарыстарда өзара тәжірбие алмасып, шеберліктерін шыңдайды. Бұл дода өскелең ұрпақтың қайратты да батыл, намысы биік әрі жігерлі азамат болып қалыптасуына жол ашады деп сенемін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Рәсімде Гаджи Гаджиев пен Сағындық Мекеев жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, қолдау білдірген барша спорт жанашырларына алғысын білдірді. Данияр Еренғалиұлы қонақтарға дәстүрге сай құрмет көрсетті.

Шара Сыр өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бес күнге созылған жарыс нәтижесінде Сыр спортшылары 4 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.

Ерлер арасындағы жарыс нәтижесі бойынша:

58 кг салмақ дәрежесінде Бекарыс Нұржаубайұлы – 1 орын🥇

62 кг салмақ дәрежесінде Ернұр Әбжамиев – ІІ орын🥈

66 кг салмақ дәрежесінде Дінмұхаммед Тұрғанбеков – І орын🥇

77 кг салмақ дәрежесінде Зейнолғабиддин Кеңесов – ІІІ орын🥉

84 кг салмақ дәрежесінде Бақжан Ғабитұлы – ІІ орын🥈

93 кг салмақ дәрежесінде Төрехан Абытхан – ІІІ орын 🥉

100 кг салмақ дәрежесінде Ербол Байназаров – І орын 🥇

100 кг салмақ дәрежесінде Хамит Сардар – ІІ орын 🥈

+100 кг салмақ дәрежесінде Ербол Серғалиұлы – ІІІ орын🥉

Қыздар арасындағы жарыс нәтижесі бойынша:

58 кг салмақ дәрежесінде Болатбек Сания – І орын🥇

+75 кг салмақ дәрежесінде Мұрат Гүлназ – ІІ орын🥈

Жарыс барысында үздік атанған жерлестеріміз Бекарыс Нұржаубайұлы, Тұрғанбеков Дінмұхаммед, Шәкірбеков Абылай, Әли Мұсақұлов, Олжас Есқараев Өзбекстанда панкратионнан өтетін Азия чемпионатына және Азия ойындарына қатысып, бақ сынамақ. Аймақ абыройын әлемдік аренада қорғап жүрген спортшыларымызға сәттілік тілеп, жеңісті жорықтары жалғассын демекпіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!