Фотолар ЖИ арқылы жасалған
Әлеуметтік желідегі бір ауыз боғауыз сөз бес тәулік қамауға, жалған ақпарат айыппұлға, ал орынсыз жазылған пікір сотқа ұласуы мүмкін. Цифрлық кеңістікте сөз бостандығы мен жауапкершіліктің шекарасы қай жерде?
«Өз парақшам – өз еркім. Не жазсам да, не айтсам да өзім білемін». Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында осындай түсінік бар. Телефонның экраны адамға кейде шынайы өмірдегі жауапкершіліктен уақытша алыстап кеткендей әсер береді. Камераның ар жағында полиция жоқ, қарсы алдында нақты адам тұрмағандай көрінеді. Ашумен жазылған пікір де, боғауыз сөз де, біреуді қаралайтын жазба да «виртуалды әлемде» қалып қоятындай. Бірақ олай емес. Экранның ар жағында да адам бар. Ал адамның құқығы интернетке кірген кезде жоғалмайды. Сол сияқты заң да әлеуметтік желіге кіргенде күшін жоймайды.
Кейінгі жылдары әлеуметтік желіге жүргізілетін мониторинг барысында анықталған құқық бұзушылықтар осыны айқын көрсетіп отыр. Бірі қоғамдық орында боғауыз сөз айтып, оны Instagramға жүктегені үшін бес тәулікке қамалды. Екіншісі TikTok-тағы тікелей эфир кезінде былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы облысында әлеуметтік желілерге бейәдеп сөздер айтылған видео жариялаған 22 жастағы тұрғын да бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал Facebook желісінде адамды жемқор деп атап, негізсіз айыптаған тұрғынның ісі айыппұлмен аяқталды.
Бұл оқиғалардың әрқайсысы – жеке жағдай. Бірақ бәріне ортақ бір мәселе бар: әлеуметтік желі заңсыздық жасайтын «көрінбейтін аумақ» емес. Қоғамдық орында боғауыз сөз айтып, оны әлеуметтік желіге жүктеген 26 жастағы тұрғынның оқиғасы соның бір мысалы. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, іс материалдарын сотқа ұсынған. Нәтижесінде ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
Қазақстан заңнамасында қоғамдық орында былапыт сөйлеу, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзу ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабында мұндай әрекет үшін айыппұлдан бөлек, қоғамдық жұмыстар немесе әкімшілік қамақ түріндегі жаза да көзделген. Яғни «ұсақ» деген атаудың өзі жауапкершіліктің ұсақ екенін білдірмейді. Әсіресе қайталанған жағдайда жаза қатаңдай түседі. Сондықтан қоғамдық жерде өзін ұстай алмаған, тілін тыймаған адамның әрекеті бірнеше минуттық эмоция болып қана қалмай, әкімшілік іс материалдарына айналуы мүмкін. Ал әлеуметтік желі бұл жерде оқиғаны жасыратын қалқан емес, керісінше құқық бұзушылықты анықтайтын дәлелдің біріне айналуы ықтимал.

Тікелей эфирдегі тіл мен желідегі пікір темір торға апармасын
Бұрын көшеде болған оқиғаға куәгер керек еді. Қазір біреудің заң бұзғанын анықтау үшін кейде смартфондағы бейненің өзі жеткілікті. Мәселен Түркістан облысында полиция TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде агрессивті мінез-құлық танытып, былапыт сөздер қолданған әйел адамның бейнежазбасын анықтаған. Интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталып, сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе бар. Тікелей эфир – адамның үйіндегі жабық әңгімесі емес. Оған кез келген адам кіре алады, көре алады, тыңдай алады. Ал эфир тоқтағаннан кейін оның жазбасы басқа парақшаларға тарауы мүмкін. Әлеуметтік желінің табиғаты осындай, бір айтылған сөзді кері қайтару өте қиын. Алматы облысында болған жағдай да осыған ұқсас. TikTok пен Instagram желілерінде бейәдеп сөздер айтылған видео жариялаған 22 жастағы тұрғын полиция назарына іліккен. Тексеру барысында қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын ашық түрде менсінбеу белгілері бар бейнежазба анықталған. Нәтижесінде видеоны жариялаған адамның кім екені белгілі болып, сот оны бес тәулікке әкімшілік қамауға алған. Әлеуметтік желіде боғауыз сөздің кез келген түрі автоматты түрде бір ғана баппен жазаланады деу дұрыс емес. Бірақ қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін, өзге адамды қорлайтын немесе заңда көзделген өзге құқық бұзушылық белгілері бар әрекет жауапсыз қалмайды.
Әлеуметтік желідегі балағаттың ең қауіпті тұсы – оның бір адамға бағытталуы. Ашумен жазылған пікір экранда бірнеше секунд қана тұруы мүмкін. Бірақ оны оқыған адамның көңілінде қалатын жара ұзаққа созылуы ықтимал. Ақтөбе қаласында болған жағдай осыны аңғартады. 28 жастағы тұрғын әлеуметтік желі арқылы өзіне және сәбиіне балағат сөздер айтқан әйелге қатысты мәселені сотқа дейін жеткізген. Жәбірленушінің айтуынша, ол өмірде ешқашан көрмеген адамның дөрекі сөздеріне тап болған. Тіпті әлеуметтік желідегі осы жайттың отбасы жағдайына әсер еткені айтылған. Іс барысында жәбірленуші моральдық зиян ретінде 800 мың теңге көлемінде өтемақы талап ететінін мәлімдеген.
Әлеуметтік желідегі құқықтық даулардың тағы бір үлкен бөлігі – жала жабу. Біреуге «сенің сөзің ұнамайды» деу – пікір. Ал «сен жемқорсың», «сен қылмыс жасадың», «сен пара алдың» деп нақты айып тағу – мүлдем басқа мәселе. Әсіресе мұндай сөздің шындыққа жанаспайтыны белгілі бола тұра көпшілікке таратылуы адамның беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Түркістан облысында әлеуметтік желіге жазылған осындай пікір үшін тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол Facebook парақшасында мектеп директорын жемқор деп атап, оны «басшы болуға лайық емес» деген мазмұнда жазба жариялаған. Жәбірленуші бұл сөздерді негізсіз деп тауып, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілгенін айтып сотқа жүгінген. Сотта құқық бұзушының кінәсі дәлелденіп, оған 465 192 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Кейін сот құқық бұзушының кешірім сұрағанын, жас отбасы екенін және жүктілігін ескеріп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартқан.
Сөз бостандығы – кез келген адамға кез келген айыпты дәлелсіз тағу құқығы емес. Сын айтуға болады. Келіспеуге болады. Мемлекеттік органды да, басшыны да, белгілі бір шешімді де сынауға болады. Бірақ сын мен жала жабудың арасы жер мен көктей. Сын нақты әрекетке, шешімге, фактіге сүйенуі керек. Ал көрінеу жалған ақпарат адамның абыройына, қадір-қасиетіне немесе беделіне нұқсан келтірсе, оның құқықтық салдары болуы мүмкін.
Аймағымызда да әлеуметтік желі арқылы әйел адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген тұрғын жауапкершілікке тартылған болатын. Азаматша Д. әлеуметтік желіде әйел адам туралы жалған ақпарат таратып, оның беделіне зиян келтірген. Жазба жалпыға қолжетімді түрде жарияланған. Сотта азаматша өз кінәсін мойындап, пікір жазғанын растаған. Іс бойынша полиция қызметкерлерінің баянаттары, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, түсініктемелер, сот психологиялықфилологиялық сараптамасының қорытындысы және басқа да құжаттар дәлел ретінде қаралған. Нәтижесінде азаматша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл арқалады.
Әлеуметтік желі қолданушысының ең жиі айтатын уәжінің бірі – «Бұл менің жеке парақшам». Иә, парақша сіздікі болуы мүмкін. Бірақ егер ондағы жазба мен пікір көпшілікке ашық болса, оның қоғамдық сипаты пайда болады. Үйде өзіңізбен өзіңіз сөйлесіп отырған жоқсыз. Пікіріңізді мыңдаған адамға көрсетіп отырсыз. Осы айырмашылықты түсіну маңызды. Бүгінгі эмоция ертең әкімшілік хаттамаға, ал жазба сот материалдарына айналуы мүмкін. Сондықтан пернетақтадағы әр батырманы баспас бұрын бір сәт ойланып алған жөн.
Біреудің кемшілігін сынауға болады. Бірақ оны қорлау міндетті емес. Бір мәселеге наразылық білдіруге болады. Бірақ қарсы тарапты балағаттау шарт емес. Биліктің әрекетіне күмән келтіруге болады. Бірақ нақты адамға дәлелсіз қылмыс немесе жемқорлық айыбын тағуға болмайды. Қоғамдық мәселені көтеруге болады. Бірақ жалған ақпарат тарату арқылы біреудің өмірін өзгертуге болмайды. Міне, әлеуметтік желідегі мәдениеттің шекарасы осы тұстан басталады.
Бір кездері «мәдениет» дегенде адамның қоғамдық орында өзін ұстауы, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, сөйлеген сөзі айтылатын. Бүгінде осы ұғымға цифрлық мәдениет те қосылды. Адамның мәдениеті оның көшеде қалай сөйлегенінен ғана емес, әлеуметтік желіде қалай пікір қалдырғанынан да көрінеді. Біреудің қателігін көріп, оны қорлау – мәдениет емес. Келіспеген адамды балағаттау – мәдениет емес. Жалған ақпарат таратып, кейін «әзіл еді» деу – мәдениет емес. Өзгенің абыройын түсіріп, одан кейін «менің парақшам ғой» деу де жауапкершіліктен босатпайды. Заң адам өз әрекетінің шегін түсінбеген жерде қоғамдық тәртіпті қорғау үшін қажет. Ал өркениетті қоғамда адам қамаудан қорыққаннан емес, ең алдымен өз сөзінің салмағын түсінгені үшін балағаттамауы керек.
Бүгінде әлеуметтік желі адамның кім екенін көрсететін айнаға айналды. Біреу сол айнадан білімін көрсетеді, бірі өнерін көрсетеді, енді бірі ашуын төгеді. Бірақ экранның ар жағында заң да, адам да бар. Сондықтан келесі жолы ашумен телефонды қолға алып, әлдекімге тіл тигізерде бір сәт саралаған жөн. Өйткені өшірілген сөздің өзі сақталуы мүмкін. Ал сақталған сөздің соңы сотқа дейін жетуі мүмкін.
Әлеуметтік желіде еркін сөйлеуге болады. Бірақ еркіндік – жауапсыздық емес. Сөзді бақылау – цензура емес. Сөзді бақылау – ең алдымен өзіңді бақылау.
Тілек ҚАБЫЛ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!