«Ата Заңым – айбарым,

Желбіре көк байрағым», – дегендей, туған елдің айбынын асырып, мерейін тасытар 30 тамыз – ҚР Конституция күні – елдігіміздің, өзгелермен теңдігіміздің белгісі. Осы ретте өңірдегі заң үстемдігін қамтамасыз етіп жүрген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірі, жас маман Закирова Феруза Рамильқызымен сұқбаттасудың сәті түсті. Мамандығын мақтаныш етіп, әділеттің ақ туын көтеріп жүрген ол – 1-сыныпты заңгер.

– Ең алдымен, заң органының қызметкері ретінде мерекеңізбен құттықтаймыз. Сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Бала күніңізден армандаған мамандығыңыз ба еді?
– Рақмет, сіздерді де Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жылдан-жылға біздің басты құндылықтарымыз – тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Мектептегі сәттерде құқық қорғау органында жұмыс атқарсам деген арман болған. Жоғары оқу орнына түсіп, білім алу барысында прокурор боламын деп алдыма мақсат қойдым. Жоғары білім алып жүргенде прокуратура органдарында жұмыс істеп, қоғамға шынайы көмегімді тигізе алатынымды түсіндім. Ал 2018 жылы Шиелі аудандық прокуратурасының көмекші прокуроры қызметіне тағайындалып, саладағы алғашқы еңбек жолымды бастадым. Бүгінде Қызылорда қалалық прокуратурасының бөлім аға прокуроры қызметін атқарып келемін.
Жұмысыңызды мақтан ететініңіз байқалып тұр. Бірақ сонда да осы мамандық иесі екеніңізді ойға алып, кеудеңізде сондай бір ғажап сезім болатын сәттер бола ма?
– Әрине, ондай сәттер болып тұрады. Бес жылдан бері лауазымдық міндеттемеме сәйкес азаматтық, әкімшілік, аса ауыр санатындағы қылмыстық істерге қытысып, уәкілетті органдармен заңдылықтың сақталуына біршама тексеру және талдау жүргізіп, қадағалау актісі негізінде кәмелетке толмағандардың, мүгедек тұлғалардың құқықтарының қорғалуына қол жеткізіп, мемлекет бюджетіне қаржы өндіріліп, заң бұзушылықтарға жол берген тұлғалар тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ерекше қуаныш сыйлайтын сәттердің бірі – қызмет атқару барысында азаматтардың құқықтарының қорғалуына қол жеткізіп, ол азаматтардың прокуратура органына алғысын білдіргенін, сондай-ақ біз сиякты жас мамандарға сенімділікпен қараған сәті деп ойлаймын.
– Әр мамандықтың өз ерекшелігі бар ғой. Ал прокурор қандай болу керек?
– Прокуратура адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етеді, заңның орындалуын бақылайды, құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіреді. Прокурор елге адал қызмет ететін, еңбекқор, парасатты және өр мінезді қажет етеді. Ант беріп, иығыңа шенді таққаннан кейін тек мемлекетке қызмет етсем деген алға мақсат қоямын. Елдің сенімі – халықтың аманаты. Сонымен қатар, прокурор болып қызмет атқару кәсіби дайындықпен бірге мінсіз моральдық қасиеттерді талап етеді. Заңдылықтың сақталуын қадағалау – басты орында.
Өмір болған соң көп жағдай болады. Кейде «заңдық тұрғыдан өзіңіздікі дұрыс, адамдық тұрғыдан онікі дұрыс» деген жағдайлар бола ма?! Әрине, Ата Заңның орындалуына барынша атсалысатын орган өкілісіздер, кейде көз жұма қарайтын сәттер бола ма?
– Әрине, жұмыста мен әртүрлі өмірлік жағдайларға тап боламын. Адам тағдырын өзі шешеді, менің прокурор ретінде міндетім – құқық бұзушылықтарды жою, алдын алу және заңдылықты қамтамасыз ету. Менің ойымша, прокуратура қызметкерінің кәсібилігі, ең алдымен, оның шешім қабылдаудағы төзімділігі мен әділдігіне байланысты. Қандай жағдай болмасын эмоцияға берілмей, тек заң аясында шешім қабылдаймын.
Заң үстемдігінің орындалуына атсалысып, бұрыс шығарылған үкімдердің күшін жойып, қарапайым азаматтың мүддесін қорғаған сәтіңіз болса, айта отырсаңыз…
– Жоғарыда атап өткендей, қызмет барысында заңсыз қыбылдаған сот және уәкілетті органдырының шешімдеріне біршама қадағалау актісі енгізілді. Мысалы 2022-2023 жылдар аралығында 3000-ға жуық кәмелетке толмағандардың, 278 кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарының қорғалуына прокурорлық қадағау актісі негізінде қол жеткіздім. Сонымен қатар, осы атқарған жұмысым негізінде «2022 жылдың Үздік прокуроры» сайысында жеңіске жеттім.
– Сұқбатыңызға рақмет.


Әңгімелескен
Дәулет ҚЫРДАН.
Суретке түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!