Биыл дзюдодан өңірдің жетістігі жоғары болды. Ішкі біріншілікті есепке алмағанда саңлақтар халықаралық жарыстардан бірнеше жүлдені қоржынға салды. Әсіресе Франциядағы гимназия ойындарында Сырдың балуандары татамиде белсенділік танытып, ел намысын Парижде абыроймен қорғады. Соның бірі – Самал Мәлікқызы. Десек те соңғы кездері Самалдың спорттағы аяқалысы сирей түсті. Жанкүйерлердің сұрауы бойынша татамиден тасада жүрген Самалмен байланыс орнатып, сан сауалға жауап алдық.

Самал, көпшілік өзіңнен татамиде көз жазып қалды. Әңгіменің ауанын осыдан бастасақ.
– Иә, дзюдодан алшақтап кеткеніме 2 ай болды. Бұл үлкен спорттан кетті деген сөз емес. Жыл бойы жаттығу мен жарыстарда жүретін болғандықтан денсаулығымызды реттеуге мұршат болмайды. Сондықтан үзіліске бет алып, жыл соңында жарақаттан айығудың амалын қарастырып жатырмын. Жазда жазымтай жағдайға тап болып, денсаулығымды қиындатып алдым. Соған қарамастан күні кешеге дейін жаттығу мен жарыстарды үзген жоқпын. Бірақ қанша дегенмен қиын жағдайдың кері әсері көп болды. Бапкерлеріммен ақылдаса келе 2 ай үзіліске бет алғанды құп көрдім.
– Қазіргі жағдайың қалай?
– Жағдайым жаман емес. Дәрігерлердің көмегіне жүгініп, ем қабылдадым. Қазір жаттығуға қайта қосылдым. Бүгінде Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынында тер төгіп жатырмыз.
– Екі ай спорттан алшақтап қалу кәсіби спортшы үшін үлкен мәселе емес пе?
– Әрине, жаттығудан бір күн қалғанның өзінде бабыңды жоғалтасың. Оның қасында екі ай жаттығуға бармай қалғанды түсініп тұрған боларсыз. Қалыпқа келу мақсатында үздіксіз жаттығу істеп жатырмын. Көбіне физикалық жаттығуға ден қойдым. Өйткені ұзақ үзілістен кейін күшім сарқылып қалды.
Жыл жабар тұсқа жақындадық. Биылғы жыл Самал үшін табысты болды деп айта аламыз ба?
– Барыс жылына өкпем жоқ. Жыл басында Астана қаласында Қазақстан чемпионатында топ жарып, үш дүркін жеңімпаз деген атқа ие болдым. Одан кейін Францияда халықаралық жарысқа қатысуға мүмкіндік алдым. Бүкіләлемдік гимназия ойындарында қола жүлдегер атанып, ел мерейі сынға түскен сәтте барымды салдым. Жетістігімнің арқасында жоғары оқу орнына грант негізінде оқуға түстім. Жеңіс бар жерде жеңілістің де қатар жүретіні ақиқат. Тамыз айында Босния және Герцеговинада өткен әлем біріншілігінде жүлде салу мүмкін болмады. Мұның да себебі бар. Өйткені онда ауыр жарақатпен барып, ел намысы үшін сынға түсуге тура келді. Қазан айында қоғам қайраткері Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған хадлықаралық жарыстың күміс жүлдесін жеңіп алдым. Сондықтан бұл жылға ренішім жоқ. Мен үшін ойдағыдай өтті десем болады.
Соңғы жарысыңыз Сүлейменовті еске алу бәсекесінде негізгі салмағыңыз 52 келіде өнер көрсете алмапсыз. Мұның себебін білсек…
– Спортшылардың барлығында салмақты тұрақты ұстап тұру қиын шаруа (күліп). Сондай қиындыққа Сүлейменовтің жарысында тап болдым. Таразыдағы салмағым 54 келі болғандықтан ұйымдастырушылар 57 келіге жолдама берді. Амал жоқ, жаңа салмақта сынға түсуге бел будым. Финалға дейін жақсы нәтижеге қол жеткізгеніммен ақтық сында физикалық күш қуатым жетпеді. Осылайша күмісті қанағат тұттым.
– Дзюдо уақыт талғамайтын спорт түрі саналғандықтан жарыстардың легі көп екенін білеміз. Алда өзіңді қандай жарыстар күтіп тұр?
– Жыл аяғы болғандықтан жарыс сирейді. Мұндай уақытта тек оқу-жаттығу жиындары өтеді. Алдағы қаңтар мен ақпан айларында да жаттығу залында боламыз. Наурыз айының бастапқы он күндігінде Орал қаласында Қазақстан біріншілігі өтеді. Сол аламанға бапкерлерім Ришат Бурлов пен Рамазан Мұстафаевтың нұсқауымен дайындық үстіндемін.
Спортшылардың дені Олимпиада ойындарында топ жаруды мақсат санайды. Сізде қалай?
– «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» демекші Олимпиада ойындарында бақ сынаудың өзі үлкен арман. Егер төртжылдықтың басты додасында жүлдегер болсаң, спорттың биік шыңын бағындырдым деп қарастырған дұрыс шығар. Алдағы мансабымда қандай жаңалық болатыны беймәлім. Сондықтан Олимпиадаға бару үшін тер төгемін деп құрғақ уәде бермегенім абзал. Өйткені басты принципім – уәдеге берік болу. Бұйырған кетпейді. Егер Олимпиадаға баруға мүмкіндік болып жатса, мансабымның керемет көрінісі деп санаймын.
– Сәттілік серігіңіз болсын!

Ерасыл ШӘРІБЕК