Байқаған боларсыз, қазір қазақы нақыштағы киімдер сәнге айналды. Ұлттық мейрамханалар трендте. Тіпті текемет пен оюы бар киізге де сұраныс артқан. Қазақы рухымыздың қайта жаңғыруы ма, әлде тұрмыс сапасының жақсаруы десек пе екен, бүгінде ерекше дизайндағы тарихи дүниелерге деген көзқарас бөлек.

Қазір елдің көкейіндегісін тап басып, сапалы әрі стильді бұйым жасайтын кәсіпкерлерге деген қолдау да жоғары. Жалпы әлем бойынша адамның сан қырлы идеясынан бастау алған шығармашылық туындыларға, яғни креативті мамандарға деген сұраныс ерекше екені рас.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өңірімізде креативті индустрия бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Осы мақсатта «Анаға тағзым» орталығында ақпан айынан бастап «Креативті индустрия» бөлімі ашылды. Ал қыркүйек айында озық ойлы, жаңашыл кәсіпкерлердің басын қосқан «Creative Orda» бизнес клубы өз жұмысын бастады.

Әлі күнге дейін «креативті индустрияның кәдімгі индустриядан не айырмашылығы бар?» деп сұрайтындар аз емес. Адамның ой еңбегі, зияткерлік қабілеті арқылы дамитын бұл экономикалық қызмет түрлері кейбір елдерде ерекше қарқын алған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия» деп атап өткен болатын.

– Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес.

Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе, – деген болатын ел Президенті.

Атап өту керек, креативті индустрияға жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін бекіту туралы Үкіметтің 6 маусымдағы №448 қаулысы бекітілді. Оған 43 экономикалық қызметтің жалпы жіктемесі енгізілді.

Олардың ішінде зергерлік іс, кино және анимация, кітапханалар және музейлер, мәдени мұра, музыка, сәулет және сән, телевизиялық бағдарламалар, фотография, халық кәсіпшілігі, ІТ және геймдевелопмент сынды салаларға қатысты қызмет түрлері бар.

Бүгінде аймақта осы салалардың жұмысын жандандыру, жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жаңа жобалар жүзеге асуда. «Анаға тағзым» орталығы директорының креативті индустрия жөніндегі орынбасары Айдана Хабиева шығармашылық пен шеберлікті ұштастырған кәсіпкерлердің клубын құру идеясы осы жылдың басында туындағанын атап өтті.

– Орталықта «Креативті индустрия» бөлімі ашылғаннан кейін шығармашыл тұлғаларды қолдау бағытындағы жобаларды бастап кеттік. Соның алғашқысы – көптің көңілінен шыққан «Брендке бір қадам» көрмесі. Көрмеге зергерлік іс, сәндік-қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнерін табысқа айналдырып жүрген шеберлер жиналды. Шара барысында креативті кәсіпкерлер 10 миллион теңгеден астам қаржы жинады.

Көрме халыққа да, бизнес өкілдеріне де тиімді болды деп айта аламын. Жиналған жұртшылық ерекше дизайндағы дүниелерге қызығушылық танытып, сауда жасады. Ал кәсіпкерлер елмен тығыз байланыс орнатып, көрме арқылы көбірек табыс табуға болатынын білді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер тарапынан шеберлік сағаттарын өткізіп, ақпараттық қолдау көрсетсеңіздер деген ұсыныс жиілей түсті. Себебі қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар, маркетинг талаптарын білу, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнату өте маңызды. Бір қызығы қызылордалық танымал кәсіпкердің семинар-тренингтерге қатысу үшін Алматыға жиі баратынын көретінмін. Осыдан кейін ойымда «неліктен бизнес клубты Қызылордада ашпаймыз?» деген сұрақ туындады. Соның нәтижесінде сырбойылық шығармашыл тұлғалардың басын қосып, креативті кәсіпкерлердің клубын ашу туралы идеяны жүзеге асырдық, – деді Айдана Маратқызы.

«Creative Orda» бизнес клубының мақсаты – жас кәсіпкерлердің ортасын құру, бір бірімен тәжірибе алмасып, коллаборация жасауына мүмкіндік беру, танымал бизнес өкілдерінің қатысуымен шеберлік сағаттарын өткізу. Бүгінде облыстағы креативті кәсіпкерлер ұлттық брендті әлемдік нарықта танымал ету мақсатында жұмыс істеуде.

– Бизнес клубқа тіркелген кәсіпкерлерге арнайы куәлік беріледі. Олар сол куәлік арқылы біз ұсынған тізімдегі киім дүкені, сұлулық салоны, зергерлік дүкендерде 50 пайыздық жеңілдікпен сауда жасай алады. Креативті кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары алдағы уақытта да кеңейе береді. Отбасы орталығында ай сайын 2-3 рет көрме өткізіп, қолөнер бұйымдарын ел назарына ұсыну жоспарда бар. Қазір тойдағы рәсімдерде камзол, шапан сыйға беріледі. Ұлттық киімдеріміздің көбі өзге елдің өнімі. Алдағы уақытта халық өзімізде өндірілген, Қызылордада жасалған киім, тұрмыстық заттарды тұтынса дейміз, – деді Айдана Хабиева.

Аймақта тоқыма бұйымдарын жасайтын қолөнерші аз. «Creative Orda» бизнес клубының мүшесі Айғана Ақатаева – тоқыма бұйымдарын жасаудың шебері. Он жылға жуық медицина саласында еңбек еткен ол бала күтімі кезінде жаңа кәсіпті қолға алған. Бүгінде көпбалалы ана бас киім, аяқ киім, сондай-ақ сүйкімді мультфильм персонаждарын тоқиды. Айтуынша, ойыншыққа деген сұраныс жоғары.

– Тоқымамен айналысқаныма 6 жылға жуықтапты. Кейінгі кезде тоқыма тоқуды үйретіңізші деген қыз-келіншектердің қатары көбейді. Бірақ бала күтімімен үйде болғандықтан, сабақ өткізуге арналған орын іздеу қажет болды. Курстың бағасы мен сабақ өткізетін орынды жалға алу ақысы да ойландырғаны рас. Осы орайда «Анаға тағзым» орталығындағы «Креативті индустрия» бөлімі көп қолдау көрсетіп, арнайы кабинетте шеберлік сабағын жүргізуіме мүмкіндік берді.

Мамыр айынан бастап 40 адамға тоқыма тоқу өнерін үйреттім. Олардың ішінде 9 жастағы оқушы қыздардан бастап 50 жасқа дейінгі апалар да бар. Бұл салада табыс табу үшін қазіргі медианы, маркетингті тиімді пайдалану керек. Айына 150-200 мың теңге табыс табамын, ал «Анаға тағзым» орталығында өткізілген көрмелер кезінде 300-500 мың аралығында қаржы түсті, – деді Айғана Ерболқызы.

Әдемілік пен шеберлікті ұштастырған Айғана тоқыма тоқу өзге дүниені естен шығарып, ерекше демалыс сыйлайтынын айтты.

Қазіргі уақытта «Creative Orda» бизнес клубында 30-ға жуық креативті кәсіпкер тіркелген. Олардың ішінде ұлттық өнердің бағасын биіктеткен қолөнершілерден бөлек, картинасы арқылы сан жанарды жаулаған суретшілер де бар.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!