Біздің анықтама:

Нұрбол Жұмабеков 1989 жылы туған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін «Агроинженерия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2010 жылы «КСМ және К» мекемесінде слесарь ретінде бастаған. Әр жылдары аймақтың жеке сектордағы жобалаушы мекемелерінде жауапты инженерлік қызмет атқарған. 2015-2023 жылдар аралығында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, Сырдария ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.

Елімізде саясат сахнасында жүрген жас кадрлар жетерлік. Бойдағы қуаты мен ойдағы арманын туған елді түлетуге арнаған азаматтар атқа қонса, қазақ тайлы-тұяғы қалмай қуанады. Таяуда ғана Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының әкімі қызметіне тағайындалған Жұмабеков Нұрбол Баянәліұлы – осы қатарда. Сәті түсіп, сұқбаттасуды жөн санадық.

– Нұрбол Баянәліұлы, көптен бері мемлекеттік қызметте екеніңізді білеміз. Біршама сатыдан өттіңіз. Мемлекеттік қызмет деген ұғымды жалпы қалай түсінесіз?

– Мемлекеттік қызмет – жай әншейін қызмет емес, елге қызмет ету, жақсы із қалдыра білу, адамның басына біткен бақ. Мен еңбек жолымды «КСМ және К» компаниясында слесарь болып бастадым. Зауыттың жұмысы ауыр. Кейде екінші ауысымға қалуға тура келеді. Түнгі сағат 2-3 тің шамасында сынып кеткен бетон араластырғыш машиналардың ішіндегі қатып қалған бетонын алып, қосалқы бөлшектерін ауыстырып жатқанда маған әріптестерім «Қызыл дипломды слесарь» деп күлетін. Мен сол кезде оларға «Ертең Алла бұйыртса, әкім болған кезімде осы сәттерді айтып отырамын» дейтінмін. Иә, менің мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу арманым кішкентайымнан қалыптасты. Қаншама ұлылар, президенттер еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады. Елдің арасында өсті. Тіпті, аймақты басқарған Еркін Әуелбековтей қарапайым болуды үлгі еттім. Қызмет жолында ең төменінен бастап көтеріліп, өмір мектебінен, қызмет сатыларының бәрінен өтуді қаладым. Иә, осы бағытым дұрыс та болды. Адамда екі сұрақ қана болады: «Кім? Не істеді?» деген. Осы екі сұраққа лайықты жауап болса екен деймін. Мемлекеттік қызметтің халыққа қызмет екенін, халыққа қолайлы жағдай жасап, елге еңбек ету керек екенін түсіну керек. Міне, мемлекеттік қызметтің түп төркіні осында жатыр.

– Ұстаз ұғымы кең ғой. Осы ұғым аясына тоқтала кетейік. Өмірлік ұстаз, мемлекеттік қызметтегі ұстаз деп кімді атар едіңіз?

– Мемлекеттік қызметті ауыл шаруашылығы саласынан бастадым. Өзімнің қызығушылығыммен осы саланы таңдадым. Ауыл шаруашылығы басқармасында Бақыт Жаханов, Сейілбек Нұрымбетовтен көп нәрсе үйрендім. Кез келген қиындықты сабырмен, ақылмен жеңуді көрсетті. Сырдария ауданы әкімі болған Руслан Рүстемовті ұстаз ретінде ерекше айтамын. Ол кісіден кітап оқуды үйрендім. «Болашақта компьютер білетіндерді кітап оқитындар басқарады» деген бар. Талғат Дүйсебаевтан қарапайымдылықты сіңірдім. Мәжіліс депутаты Мұрат Нәлқожаұлынан талап қоюды үйрендім. Оның әр салада өзінің маманы отыру керек деген ұстанымы алға жетеледі. Мұрат Нәлқожаұлының жетекшілігімен аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерді шештік. Иә, қызметтегі басшылардың әрбірінен бір-бір жақсы қасиеттен үйренсем де, маған өмірлік сабақ қатарына енеді. Сондықтан, менің өмірімдегі кез келген жан – менің ұстазым.

– Әрбір басшы өзі басқарып отырған уақытта ел есінде қалу үшін тыңнан түрен салуды қалайды. Жоғарыда өзіңіз айтып өткен артына із қалдыру дегенге саяды. Бұл ретте өзіңіз не айтар едіңіз? Қандай іс атқардым деп айта аласыз?

– Өзім кәсіппен де айналысып көрдім. Сол уақыттарда мемлекеттік мекемелердің бюрократиясына көңілім толмайтын. Сол кезде алға «мемлекеттік қызметке барамын, сол кезде мұны өзгертемін» деген мақсат қойдым. Ауданға қызметке келгенде  ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және жер қатынастары салаларына жетекшілік еттім. Міне, сонда кәсіпкерлік саласында әр бағдарлама бойынша қанша құжат жиналу керек, оны кімнен алады, неше күнде дайын болады, бағдарлама шарттары тәрізді мәселелерді жинақтап, «шпаргалка» жасаттым. Қарапайым халыққа түсінікті болатындай еттік. Әрбір ауыл әкімдеріне таратып, қолжетімді етуді қолға алдық. Әрине, кішкентай жұмыс. Бірақ, елге әжептәуір септігі тиді. Ал ауыл шаруашылығы бөліміне барғанда сала бойынша берілетін субсидиялар мен көмектерді де осы жүйемен түсінікті тілде дайындап, оны да халыққа қолжетімді еттік. Келушілердің қолына ұстатып жібердік. Шаруашылықтарға жететіндей етіп, оларды соңғы жаңалықтармен қамтамасыз етіп отырдық. Техника, тұқым, шикізат көздерімен кәсіпкерлерді қамтамасыз ету үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимеген сәт көп. Жетікөлге 80 гектар жерге жаңа сортты күріш ектік. Сол күріштің авторы – өзім. Бұл да бір жаңашылдық. Отыз жыл игерілмеген жерді қайта игерудің өзі неге тұрады? Әлбетте, Алатауды арқалап әкелдім деп айта алмаймын, бірақ осылайша елге оңтайлы етіп, жағдай жасауға тырыстық. Мұндай сан алуан жұмыс бар. Әрине, төреші – халық. Бағасын ел береді.

– Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметте адамға ең алдымен қандай қасиет керек?

– Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты құрметтеймін. Мен сол кісінің айтып кеткен сөздерін өмірлік ұстанымға айналдырдым. Халықтың бел ортасында, елмен етене жұмыс істеп, халқына пайдасы тиген Қонаевтай қайраткер болғым келеді. Міне, бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметкер қандай болу керек десе, мен Дінмұхаммед Қонаевтай болу керек дер едім. «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ең бірінші мінез керек. Мінездің ар жағында көп нәрсе бар. Алға қойған мақсат пен арманды қағазға түсіремін. Ал қағазға түскен нәрсе міндетті түрде орындалады. Әрбір жеткен мақсат пен орындалған арманнан ләззат аламын. Облыста алған тәжірибемді ауданға, ауданнан алған сабағымды ауылда пайдаланғым келді. Міне, ауылға келгенде осы мақсатыма жеттім.

– Хакім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген екен. Өзіңізге қаншалықты сенесіз?

– Әуелі Құдай, сосын өзіме сенемін. Армандаймын, мақсат қоямын. «Егер де армандай білсең, бүкіл әлем сенің арманыңның орындалуына жұмыс істейді» деген бар. Әкемнің «Балам, абыройға жұмыс істе. Абырой саған жұмыс істейді» деген керемет сөзі бар. Сол сөзі менің өмірлік ұстанымыма айналған. Елдің бағасы ердің мерейін өсіреді. Ал өзіне сенімді адам қай кезде де мықты екенін дәлелдейді.

– Уақыт тауып, сұқбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз.

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!