Қаржылық сауаттылық – сенімді, қауіпсіз болашақтың кепілі. Елімізде соңғы жылдары сұранысқа ие бола түскен «өмірді сақтандыру» қызметі соны дәлелдейді. Сақтандыру мен депозитке ақша жинаудың айырмасы неде? Бізге керек пе? Аталған қызметтің артықшылықтары жөнінде «Халық-Life» АҚ Қызылорда қаласы бойынша филиалының директоры Әлімхан Абдулпаттаевтан білген едік.

– Өмірді сақтан­ды­ру қызметі шетелде өте жақсы дамыған. Сақтандыру жүйесін депозитпен салыстырсақ болады. Алайда депозиттен артықшылығы не кемшілігі неде?
– Өмірді сақтандыру жүйесінің негізгі әлеуметтік функциясы клиент пен оның жақындарын шарттың кез келген мерзімінде күтпеген жағдайлардың салдарынан материалдық қорғау саналады. Мысалы, жазатайым оқиға орын алып, сырқаттанған адамның жұмыс істеуге жағдайы жетпеуі мүмкін. Бұл отбасы бюджетіне үлкен соққы болып тиеді. Әдетте төтенше жағдай орын алса, асыраушы қайтыс болған кезде, отбасы өте қиын қаржылық жағдайда болып жатады. Сақтандыруды депозит жүйесімен салыстыра отырып, басымдықтарына тоқталып кетсек. Басты артықшылығы, сақтандыру сомасы сақтандыру шарты аяқталған кезде төленеді немесе қолданылу кезінде сақтандыру шарттарында көзделген жағдайы басталғанда төленеді. Сондықтан ұзақ мерзімді жинақтау полисі адамның 10-20 жылдық болашағына инвестиция жасайды.
Компания жинақтары ұзақ мерзімді сақтауға есептелген. Мысалы, депозитті ұзақ мерзімді қаржы құралы ретінде қарастыруға болмайды, ал сақтандыру шарты 2 жылдан 30 жылға дейінгі мерзімге жасалады. Осы кезеңде адам тұрақты жарналар жасау арқылы тәртіпке келеді. Ол сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда клиент сатып алу сомасын алады, ол әдетте сақтандырудың алғашқы жылдарында төленген сақтандыру жарналарының сомасынан аз болады. Кепілдендірілген табыс, яғни, жинақталған қаражат инфляцияның ықпалынан қорғалған. Сақтандыру шартының талаптарына байланысты кепілдендірілген табыстылықтың мөлшері түрленеді. Сақтандыру шартының тұрақты талаптары, яғни, тариф пен тәуекелдер шарт жасалған кезде нақты айқындалады және оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді.
Қауіпсіздік барда, сенім де бар. Өмірді жинақтаушы сақтандыру полисі бойынша төленетін барлық жарналарының ерекше мәртебесі бар. Уәкілетті органдарда сақтандыру шарт иесінің міндеттемелері бойынша тыйым салуға немесе сот арқылы өндіріп алуға мүмкіндігі жоқ, сондай-ақ ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде сақтандыру жарналары бөлінбейді.
Салық жеңілдігін алу мүмкіндігі шарттың мерзімі аяқталғанда сақтандыру төлемінен табыс салығы ұсталмайтынын білдіреді. Бұл сақтандырушы шартты өз пайдасына немесе жақын туыстарына, жұбайына арнаған жағдайда қолданылады. Бұдан басқа, полисті сатып алуға арналған шығындарға салық салынбайды. Ең бастысы – қауіпсіз әрі ыңғайлы, реттелген қаржы жинау жүйесі. Бір ғана сақтандыру шартының көмегімен ақшаның жинақталуы, оның сақталуы және форс-мажор, оқыс оқиғалардан қорғалуы қамтамасыз етіледі.
– «Халық-Life» компаниясында қанша адам сақтандыру үшін жинақ ашты?
– Бүгінгі күні «Халық-Life» нарықта мінсіз көшбасшы дей аламыз. Ол өмірді сақтандыру компаниялары арасында сақтандыру төлемдерінің көлемі, сондай-ақ активтердің, резервтерінің мөлшері мен өз капиталы бойынша топ бастап тұр. Осы жылы да біз нарықтағы үлесімізді 36%-ға дейін арттыра отырып, сақтандыру сыйақыларының көлемі мен төлемдер көлемі бойынша абсолютті көшбасшы ретінде жабамыз деп сенімді түрде айта аламыз. Бізде ең үлкен клиенттік база бар. өткен жылдың соңында 1,4 миллионнан астам адамды құрады. 2023 жылы біз қазақстандық сақтандыру нарығында және жақын шетелдердің сақтандыру нарығында өз қатысуымызды одан әрі арттыруға ниеттіміз. Сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және өмірді жинақ арқылы сақтандыруды дамыту бойынша жұмыс істеуге ниеттіміз. Сонымен кез келген бизнес секілді біз үшін де дамудың маңызды бағыты ретінде цифрландыруды қолға алдық. Қазірдің өзінде компанияның кейбір сақтандыру өнімдерін Halyk Homebank қосымшасы арқылы немесе компанияның сайты арқылы онлайн сатып алуға болады. Келесі қадамда біз өз клиенттерімізге онлайн қолжетімді болатын сақтандыру өнімдерінің тізбесін кеңейтуді белгіледік, бұл ел халқын өмірді сақтандыру қызметтерімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Заңнамаға сәйкес компанияның сақтандыру сомаларын жариялауға құқығы жоқ. Өткен жылы «Халық-Қазына» өнімі бойынша сақтандыру шартына отырған клиенттерімізге жасалған талдаудың нәтижесінде қызметімізге жүгінгендердің 49%-ін әйелдер, қалған 51%-ін ер адамдар құрап отыр. Алайда жарналардың мөлшеріне қарай ер адамдар әйелдерге қарағанда көбірек инвестиция құяды. Осылайша, әйелдер үшін сақтандыру жарнасының орташа мөлшері 20 млн теңгені көрсетсе, ерлер үшін – 44 млн теңгені құрап отыр. Компания қызметіне жүгінетіндердің көпшілігі орта жастағы, 40 жастан асқан қазақстандықтар екенін байқауға болады. Аталған дерек өмірді сақтандыру бағдарламаларына инвестиция салатын адамдар, әдетте, отбасының, балаларының және мұрагерлерінің болашағына алаңдайды деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Олар үшін өз жинақтарын барынша тиімді инвестициялау, оларды валюта бағамдарының ауытқу қаупінен қорғау және күтпеген оқиғалар болған жағдайда өз өмірін қаржылық қамтамасыз ету маңызды. Өйткені жинақ ашатындар өз өмірі мен жақындары үшін үлкен жауапкершілікке ие. Ал белсенділігі жағынан халық саны көп Алматы, Шымкент, Астана қалалары үздік үштікті құрайды.
– Мәселен, ҚР азаматы 10 жылға жеке өзінің болашағы үшін сақтандыру жинағын ашып, ақша жинай бастады делік. Алайда ажал айтып келмейді. Егер ол қайтыс болса, жинағына кім жауапты?
– Әрине, алдымызда не күтіп тұрғаны ешкімге аян емес. Алайда түрлі себеппен оқыс оқиғалар орын алса, оның ішінде жинақ ашқан адам қайтыс болған жағдайда сол сәтке дейін азаматтан салынған ақшаларды және пайыздарды мұрагерлерінің, ұрпағының бөліп алуына мүмкіндік бар. Бұл ретте сақтандыру төлемі шартта көрсетілген тұлғаға бірден жүзеге асырылады. Мұрагерлік құқығын ресімдеу талап етілмейді. Сонымен қатар өмірді сақтандырудың жинақтаушы бағдарламалардың сыйақылары тәркілеуден, мүліктік даулар кезінде үшінші тұлғалардың наразылығынан қорғалады. Жинаққа тыйым салынбайды, жұбайлар арасында бөлінуге жатпайды. Осы ретте сіз бұл ақшаны жинақтап, белгілі мақсаттар үшін көбейте аласыз. Яғни, жинақтарыңызға салық салынбайды, сонымен қатар сіз салған қаражат мөлшері мен шарттың басқа талаптары туралы ресми ақпараттар ешқайда жарияланбайды.
– Қазіргі жас алдыңғы буынға қарағанда қаржылай сауатты. Сақтандыру үшін ақша жинақтау – соның дәлелі. Шетелдік тәжірибе бойынша бұл қалыпты дүние. Қоғамның бұл жүйеге көзқарасы қалай?
– Әрине, жоғарыда айтып кеткендей өмірді ерікті сақтандыру саласының дамуы көбінесе ел экономикасының жай-күйіне, оның даму деңгейіне, адамдардың әл-ауқаты мен сақтандыру мәдениетіне байланысты. Қазақстандықтар алдымен базалық қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін қаржы жұмсайды. Олар: тамақтану, киім-кешек, тұрғын үй, автокөлік, медициналық қызметтер, білім беру және несиелер. Міне, осы қажеттіліктерін қамтамасыз ете алған адам ғана өмірді алдын ала сақтандыруға байланысты шығындарға назар аудара бастайды.
Өмірді сақтандырудың ұзақ мерзімді жинақтаушы шарттарын көбінде табысы ортадан жоғары қазақстандықтар жасайды. Компанияның «Халық –Қазына» бағдарламасы қаражатты валютада жинақтаумен қатар, оған 3,52 пайызы мөлшерінде кепілдендірілген инвестициялық табысты ұсынады. Сонымен қатар күніне 200 теңгелік жарнаны жасауға мүмкіндік беретін «Лайф – Персона» полисі бар. Ол бойынша шарт аяқталған соң жинақталған сома клиентке қайтарылады. Демек, біздің қызметтің түрлері түрлі санаттағы адамдарға арналған.

– Франклинше айтсақ, инвестицияның ең құндысы – білімге құйылғаны. Компанияның жаңа өнімі де білімді сақтандыруға бағытталған екен. Тиімді тұстарына тоқталсаңыз…
– Жақында ғана көптен күткен «Bilim-Life» атты жаңа сақтандыру өнімін нарықта алғаш боп шығарып, көпшілікке ұсындық. Аталған өнім Қазақстанның кез келген азаматына өз баласын еліміздің, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердің жоғарғы оқу орындарына оқытуға қажетті соманы жинақтауға мүмкіндік береді.
Әрине, өмірді сақтандандыру бағытына бет бұра бастаған қазақстандықтар үшін «Bilim-Life» бірегей сақтандыру өнімі болмақ. Оның жүзеге асырылып, халыққа қолжетімді болуын еліміздің сақтандыру саласындағы нағыз серпіліс деуге болады. Өйткені, бүгінгі күнге дейін Қазақстанда бірде-бір сақтандыру бағдарламасына мемлекет тарапынан сыйақы берілген жоқ. Әлеуметтік маңызын ескере отырып, сақтандыру қауымдастығы мен мемлекеттік институттардың, яғни, «Қаржы орталығы» АҚ белсенді жұмысының арқасында бізде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында жаңа мақсатты сақтандыру өнімі пайда болды. Ата-аналардың бала болашағының берік іргетасын қалау мақсатында оған жақсы білім беріп, оның ересек өмірге дайын болуы қаншалықты маңызды екенін бәріміз түсінеміз.
Аталған жоба негізінде кез келген қазақстандық ата-аналарға өз баласын оқытуға «Bilim-Life» сақтандыру бағдарламасының арқасында жинақтау сомасына 5% мөлшерінде мемлекет сыйлықақыны алуына мүмкіндік бар. Ал көпбалалы ата-аналар жылдық 7%-бен қаражат жинақтай алады. «Bilim-Life» өмірді сақтандырудың басқа өнімдерімен салыстырғанда сақтандыру шартының қолданылу мерзіміне жоғары кепілдендірілген кірістілік мөлшерлемесімен және мемлекеттен сыйлықақымен артықшылыққа ие.
«Bilim-Life» бойынша сақтандыру жарналарының мөлшері айына ең аз дегенде 3 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК-тен) басталады және оның мөлшері шектелмейді. Мысалы, ата-аналар қазір 7 жастағы баласына «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша 10 жылға шарт жасасуды ұйғарды делік. Оның 17 жасқа толуына орай білім алуға жеткілікті соманы, яғни 10 млн теңгені алу үшін ай сайын 42 мың теңгеден жарна салып отыруы қажет. Жинақтау мерзімі аяқталғаннан кейін бұл сома бала оқитын білім беру мекемесінің шотына түседі. Өнім өте тиімді. Себебі тұтынушы 8%-ға дейін кепілдендірілген кіріс (2,3 млн теңге) және мемлекеттен сыйлықақы, яғни, 7% көлемінде арнайы әлеуметтік санатқа жататын (әке-шешесінен айырылған балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және аз қамтылған жанұяның балалары) және 5% көлемінде қалған барлық санаттағы тұрғындар (2,6 млн теңге) есебінен қомақты қосымша соманы алатын болады. Алайда өнімнің ең басты басымдығы сақтандырылған ата-ана үшін сақтандыру қорғанысының болуы. Шынында да, сақтандырудың бүкіл мерзімі үшін тұтынушы ата-ана кез-келген себеппен мүгедек болудан немесе өмірден қайтыс болудан сақтандырылған. Сондықтан компания клиенттері «Bilim-Life» бағдарламасы бойынша балаларының ата-аналарымен қандай да бір жағымсыз жағдай орын алса да, жоғары оқу орнына түскен кезде барлық соманы алуға кепілдік беріп отыр.
– Ата-ана баласына арнайы сақтандыру шотын ашты делік. Алайда ізденісі мен білімінің арқасында бала білім беру грантын жеңіп алды. Мұндай жағдайда не болады?
– Егер бала білім беру грантын жеңіп алатын болса, мұндай жинақтарды сақтандыру компаниясынан инвестициялық табыспен және мемлекет сыйлықақысымен алуға немесе басқа балаға сақтандыруды қайта рәсімдеуге болады.
Бұдан бөлек бағдарлама бойынша жинақтың мөлшеріне шектеу жоқ және осы жинаққа сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры толық кепілдік береді. Компания тұтынушыларының салықты үнемдеуге – салық салынатын кірісті сақтандыру сыйлықақыларының сомасына (күнтізбелік жылда 320 АЕК-ке дейін) азайтуға мүмкіндігі бар. Бұл ретте сақтандыру жарналарының мерзімі мен мөлшері шектелмейді.
– Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!