Бүгінде кәсіпкерлік пен маркетингті қатар алып, бизнестің дамуына жаңа тәсіл енгізген жастар қатары артып келеді. Заманауи технологиялар мен жаңа әдістер кәсіпкердің жетістікке жетуіне жол ашады. Осындай табысты жас кәсіпкердің бірі – «One Pro Group» агенттігінің негізін қалаушы Оңталап Айбатов. Ол 6 жыл бизнес саласында жұмыс істеп, өз кәсібін дөңгелетуде білімін жетілдіріп, маркетинг әлеміне бет бұрды. Біз оның жетістігі мен маркетингтің бизнеске әсері туралы сұрадық.

Оңталап Айбатов − бастапқы мамандығы есепші болғанымен, кәсіби мансабын кәсіпкерлікке бағыттаған жалынды жас.

− Негізгі мамандығым − есепші. Дегенмен бизнес саласында жүргеніме 6 жыл болды. Өз кәсібімді жүргізу барысында оны дамыту, сату көлемін арттыру тақырыптары мені ерекше қызықтырды. Білімімді толықтырып, кейін маркетинг саласына бет бұрдым.

Екі жыл бұрын Қызылордада SMM маманын табу қиын еді. Бір маман төрт жобамен айналысып, бұл сапалы жұмыс істеуге кедергі келтіретін. Мұндай мәселелерді байқаған соң, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында маркетинг агенттігін ашуды қолға алдым, − деді ол.

Әрине, кәсіп бастау оңай емес. Оңталап та түрлі қиындықтарға тап болғанын айтты.

− Біз барынша келісімшарт бойынша жұмыс істеуге тырысамыз. Бірақ кейде тапсырыс берген кәсіп тоқтап қалады немесе кәсіпкерлер жаңа деңгейге шығуға қорқады. Жақсы нәтижеге қол жеткізіп келе жатқанда біздің де жұмысымыз тоқтайды. Екіншіден, Қызылордада білікті кадр әлі де тапшы. Күн сайын мамандар іздеуге үлкен күш жұмсаймыз, − деді кейіпкер.

Маркетинг агенттіктері арасында бәсекелестік жоғары. Дегенмен «One Pro Group» өзіндік ерекшеліктерімен танымал. Оңталаптың айтуынша, компанияның басты артықшылықтары – сапа мен жауапкершілік.

− Біздің агенттік SMM, таргетинг, мобилография сияқты салаларда сапалы қызмет көрсетуге ұмтылады. Әрине, жұмыс барысында түрлі стратегияларды қолданамыз. Бірақ нақты бекітілген тәсіл болмайды. Себебі әр бизнеске сәйкес стратегия өзгереді, − деп атап өтті Оңталап Айбатов.

Маркетингтің бизнеске әсері сөзсіз маңызды. Ол компанияның өсуіне, тұтынушылардың назарын аударуға және нарықта бәсекеге қабілеттілікті сақтауға мүмкіндік береді.

− Бизнес адам болса, маркетинг оның жүрегі іспеттес. Жүрек қалай адамның өмір сүруіне қажетті ең маңызды орган болса, маркетинг те бизнес үшін сондай маңызға ие. Ол істің алға жылжуына, клиенттермен байланыс орнатып, өнім мен қызметті тиімді сатуға жол ашады. Маркетинг − бизнесті алға жетелеуші күш, оны даму мен өсудің қозғалтқышы десек те болады , − деді кәсіпкер.

Компанияның ашылғанына бір жыл енді болды. Агенттіктің қол жеткізген жетістіктері де аз емес.

− «Study Link» оқу орталығының Түркістан мен Қызылордадағы филиалдарымен жұмыс істедік. Бір жыл ішінде оң нәтижелерге қол жеткізіп, келісімді тағы бір жылға ұзарттық. Оқушылар саны 600-ден 1200-ге дейін өсті. Қызылордада орталықтың үшінші нүктесі ашылды. Ал өткен жылы «For men» дүкенімен 3 ай бірге жұмыс істедік. Бір жарым ай ішінде олардың айналымы 57 миллион теңгеге жетті.

Көбі бізді SMM агенттігі ретінде қарастырады. Бірақ біз әлеуметтік желілер, SMM, таргетинг, бизнесті дамыту, сатуды арттыру және бренд қалыптастыру бойынша да қызмет көрсетеміз, − дейді Оңталап.

Маркетинг – бизнеске жаңа мүмкіндік ашатын және тұрақты өсуін қамтамасыз ететін қуатты құрал. Жақсы ойластырылған маркетингтік стратегия компанияның нарықтағы позициясын күшейтіп, тұтынушылардың сенімін арттыруға қабілетті.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!