Жердің көркі – жасыл желек. Жанданған тіршілік пен көктемнің лебі де даланы жасыл түске бояған ағаштар мен гүлдерден сезіледі. Соңғы уақытта облыс орталығының ландшафты дизайны өзгеріп, талғамға сай түрленуде.
Қаланың көркін келтіретін тың ағаш түрлерін егіп, күтіп-баптаумен айналысатын «Garden Qyzylorda» мекемесінің директоры, агрономия ғылым­да­ры­ның ма­гистрі Рус­лан Қайыр­бек­ұлымен сұқбат­тасқан едік.

Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Өзім ауыл шаруашылық ғылымдарының магистрімін. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде 6 жыл білім алып, осы саланы толық меңгеріп шықтым. Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ ұлттық өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында 9 жыл орман қорғау бөлімінде аға ғылыми қызметкер ретінде еңбек еттім. ЖОО-да, зерттеу институтында жинаған білімім мен тә­жіри­бемді туған же­рім­нің гүл­де­нуіне жұмсағым келді. Туған елге ора­лып, қызмет етіп жат­қа­ны­ма 2 жыл­дай боп қалды. Не­ліктен бұл са­лаға бет бұр­дым? Қы­зыл­орда об­лысы осы бағыт бойынша кенжелеп қалған аймақтың бірі десем болады. Қызыл­ордалықтардың өзі «бізде ағаш жоқ, ағаш шықпайды» деп сырын білмей, сыртынан тон пішетіндіктен осындай ой қалыптасқан. Тіпті, басқа қаладан келген қонақтар да «Қызылордада тал жоқ» деп ойлайды. Алайда бұл жаңсақ түсінік. Өңірдің топырағы өнімге де, ағаш егуге де қолайлы. Тек ағаш егумен кәсіби білікті мамандар айналысуы керек, күтіп-баптау жұмыстарына жауапкершілікпен қарау керек. Шын мәнінде барлық ағаштың түрін егуге болады. Біздің климаттың Түркістан облысынан еш айырмасы жоқ.
Соң­ғы кезде шағын аудан орта­лық­тарына дейін ди­зайнға мән беретін болды. Жалпы бұл қызмет қан­ша­лықты сұ­ранысқа ие?
– Дұрыс айтасыз, соңғы кезде өңіріміз ланд­шафты дизайнға көбірек көңіл бөліп келеді. Ерекше ағаш түрлері, бұрын-соңды егілмеген жеміс-жидектер, ауыл шаруашылық дақылдарын егу бойынша қызылордалықтар жан-жақты ізденіске ұмтылып, әлеуметтік желілер мен интернет жүйесі арқылы жаңа өнім түрлерін көріп, бізге тапсырыс беріп жүр. Яғни, бұл көгалдандыруға көзқарастың өзгергенін білдіреді. Тапсырыс берушілердің көбі – басқа қаладан, шетелден оқып келген жастар.
Қаланың көркін ашып тұрған ағаш түрлеріне тоқталсаңыз…
– Әрине, климатымыз қиындау. Жазы ыстық, қысы өте суық. Топырағымызға темір, азот сынды кейбір элементтер жетіспейді. Сондықтан осы климатқа тез жерсінетін төзімді ағаш түрлерін ғана егеміз. Атап айтсақ, айлант, ясень, клён, катальпа, павловния, акация және телу арқылы шыққан жеміс түрлері бар. Қылқан жапырақты ағаштардан арша, туя, қырымдық қарағайдың көшеттерін ұсынамыз.
Осы уақытқа дейін «Тұзкөл» мұнай компаниясы, «Қазгер мұнай-газ» компаниясы, шыны зауытына, Қармақшы ауданындағы аймаққа көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, 95-97 пайыз жоғары көрсеткішке жеткіздік. Алдағы уақытта Қызылорда қаласының сол жағалау бойы мен Сұлтан Бейбарыс көшелерін көгалдандыру үшін жоспар жасалып, топырақ құрамы зерттелуде. Біздің мекемеге облыс басшысының өзі сенім артып, жауапкершілік жүктеп отыр.
Сапалы көшет, ландшафты дизайн ұсынудан бөлек, маманнан кеңес алу қызметі де бар. Кімдер кеңес сұрап келеді?
– Қазір қызылордалықтардың көгалдандыруға көзқарасы өзгергенін атап өттім. Бізге күніне қаншама адам келіп, бірі кеңес сұраса, бірі көшет алып кетеді. Әлеуметтік желіде де тұрақты контент ұсынып, тұтынушылармен кері байланыс жасауға тырысамыз. Орталықта тек кәсіби мамандар ғана қызмет етеді. Сонымен қатар тұтынушылардың қатарында Ақтөбе, Орал, Алматы, Ақмола, Талдықорған қалаларынан арнайы келіп, тапсырыс беретіндер бар. Әлеуметтік желіде де ешқандай сұрақты жауапсыз қалдырмай, байланысып отырамыз.
Алдағы уақытта үлкен жылыжай салу жоспарымда бар. Іске асса, қызылордалықтардың тек қана жылыжайда өсірілетін дақыл түрлерін қолжетімді бағада алуына мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қарапайым тұрғындар үшін өзекті мәселенің бірі – азық-түлік пен жеміс-жидек бағасының шарықтауы. Бағаның көтерілуіне бірден бір себеп – ипорт. Сондықтан жылыжай ашу арқылы өзіміздің өнімдерді шығарып қоймай, тұрғындардың талабына сай баға орнатамыз.
Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!