Білесіз бе, өңірдегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Майя Жалғасбаеваға бір емес, тоғыз бірдей оқу орны таласты. Еуропа төріндегі Германияның «Landshut Hochschule», «THWS», «Hochschule Coburg», «HSWT», «Hochschule München», «Hochschule München», «Deggendorf TH», «TH Ingolstadt» және «Westfälische Hochschule» жоғары оқу орны біздің қызға «Бізде оқы» деп ұсыныс білдірген. Білім биігіне қанатын қаққан Майяның таңдауы Ландсхута Қолданбалы ғылымдар университетіне түсіпті. Бүгінде ол аталған білім ордасында қазақ жастарының қаншалықты білімді, ынталы, талапшыл болатынын көрсетіп жүр. Сыр елі мақтан еткен перзентімен дидарласып, сұқбаттасудың сәті түсті.

– Жерлесіміздің елдің мерейін үстем етіп, білімнің биік шыңдарын бағындырып жүруі – біз үшін үлкен қуаныш. Сіз үшін біз өзіңіздей қуаныштымыз. Биыл он жылдығын атап өтіп жатқан алтын ұяңыз, Назар­баев зиятк­ерлік мек­тебіне ыстық ықы­ласы­ңыз­ды көріп қуан­дық. Сізге бұл мек­теп не берді?

– Ең алдымен, менің оқыған мектебім маған ең керемет базалық білім мен ары қарайғы дамуыма ең қажетті қасиеттерді сіңірді. Мектебім ақжарқын ұстаздарды сыйлады. Мұндай ұстаздардың сабағына қатысуға құлшынып тұрасың, ойландырған әрбір сауалыңның жауабын білетініңе сенімді әрі ол жерде жаныңа жылулық сыйлайтынын білесің. Осындай жайсаң жандардың берген білімімен қатар тәрбиесі де адамдық қасиеттің ауылына тұрақтайды. Тағы бір айта кетерлігі, мектебім әркез өзіңді алға жетелейтін ең керемет бәсекелестік ортаны сыйлады. Бұл орта мені бір орында тұрақтамауға, әрқашан алға жүруге ұмтылысымды арттыруға сеп болды. Ол орта мақсаттарыма жетеледі.  Мектеп бізге болашақ мақсаттардың негізін қалап береді. Қоғамда өзіңнің орныңды ойып тұрып алуға тәрбиеледі. Мен өзімнің тұлғалық дамуымның алғышарттары осы мектепте, Назарбаев зияткерлік мектебінде қаланғанына қуаныштымын.

«Білімдінің күні – жарық» дейді дана халқымыз. Білім алу үшін не керек, қандай қабілет керек? Бұл бағытта орта маңызды ма?

– «Кез келген жетістіктің артында 99% еңбек пен 1% талант тұрады» дегенді қолдаймын. Өмірлік ұстанымым десек те болады. Адам өзін белгілі бір салада шыңдау үшін еңбек пен тәртіп бірінші орында тұрады. Мақсатын белгілеп, оған жетер жолын жоспарлап алған әрбір адам шын мәнінде жетістікке жете алады. Адам баласының қалыптасуына ортасы маңызды рөл атқарады. «Егер сіз бес миллионермен аралассаңыз, алтыншысы сіз боласыз» деген бар. Сіздің ортаңызда өз уақыты мен мүмкіндігін, энергиясын ұтымды басқара білетін адамдар болса, сіз де өз мақсатыңызға жетер жолды айқындап, оған күш саласыз. Сондықтан сапалы білім алу үшін аспандағы айды алар құдырет керек емес. Бар болғаны ниетіңіз, дұрыс орта және тәртіп болса, жеткілікті.

– Германияда алып жатқан біліміңізге қандай баға берер едіңіз? Қандай мүмкіндіктер бар? Біздің елдің олардан үйренері көп пе екен?

– Осы жерде ерекше тоқталып өтетін бір нәрсе бар. Германияда оқуды таңдағанымның басты себебі практикалық түрде мамандану. Мен үшін бұл маңызды ерекшелік. Алған теориялық біліміңді тәжірибеде жүзеге асырып, өзіңді сынайсың. Оқып жүрген университеттің басты ұстанымы осында жатыр. Бұл көп нәрсені шешеді. Студенттердің өз мамандығы бойынша машықтануына, оқу бітірген соң қолына дипломын ұстап, бос қалмауына жасалған жағдай. Жұмысқа орналасқанда алдымда не күтіп тұрғанын білемін, жұмыс процесімен алдын ала таныс боламын. Бұл жұмыс берушінің де, жұмыскердің де мәселесін шешеді. Қазақстандық студенттерге осы нәрсе жетіспейді. Рас, елімізде теория мен тәжірибені ұштастырып, қолға алып жатырған оқу орындары бар. Бірақ тағылымдамадан өтушілерге жауапкершілікті тапсырмалар бермейді, аяққа оратылмас үшін жеңіл жұмыс беріп қойып, ісімен айналыса береді. Бұл ешқандай да құпия емес. Ал Германияда мүлдем басқаша. Өз ісінің хас шеберлері ізінен шәкірт тәрбиелеп, оларға бойындағы бар қабілеті мен өнерін үйреткісі келеді. Оны көріп тұрған студенттің ұмтылысы еселеп арта түседі. Бұл нәрсені біз немістерден үйренуіміз керек.

– Біздің елде, өзіңіз оқыған білім ошағында бәсеке бар ма? Жалпы, білім алуда бәсеке қаншалықты керек?

– Бәсеке алдыңғы орында тұрады. Иә, мен сондай адаммын. Бала кезден өнер мен ғылым бағытындағы көптеген байқауларда бақ сынадым. Өзімді жан-жақты қырымнан байқап көрдім. Міне, осы нәрсе бәсекеге қабілетті болуға, төтеп беруге, өзгеден оза жүруге тәрбиеледі. Әрине, бәсеке дегенді дұрыс жағынан түсінуге және оны қабылдауға үйрендім. Өйткені, оның екінші қыры бар. Одан қашық жүрген абзал. Көпшілік бәсеке мен бақталастықты ажырата алмай қалып жатады. Бұл жерде таза бәсекені айтып отырмын. Әрқашан алда болуым керек деп өз-өзіме мотивация сыйладым, әлі де солай келемін. Айналамдағы кез келген адамның жеңісі одан да күшті болуға итермеледі. Өзгелердің жеңісіне қуана аламын, қызғанбаймын, ал бәсекелестерің жауың емес, олар сенің жеңіс жолындағы сапарластарың. Осыны әркез ойда ұстау керек. Бәсекелестеріңсіз өз бойыңдағы мінді табу қиын, биікке өрлегенде артқа тартатын қандай қасиетің барын да оларсыз таба алмайсың. Сондықтан бәсеке дегенде де оның ең жақсысын таба білу керек.

– Жетістікке жетуде сіздегі ұстаным қандай және сізге мотивация берген қандай күш?

– Германияда білім алу ең биік мақсаттарымның бірі болды және бұл мақсатымның өмірімді өзгертіп жіберетініне сендім. Германияға оқуға түсу үшін неміс тілін С1 деңгейіне дейін үйренуім керек болатын. Айтарлықтай көп уақыт болған жоқ, сондықтан жағдайдың жеңіл емес екенін сезіндім. Өзімнің мүмкіндіктеріме сергек көзқараспен қарап, шыңдай түсуім керек болды. Әрбір минут, әрбір секунд, тықылдап жүрген сағат тілі мүмкіндіктер алаңымды тарылтып жатқандай еді. Үзіліс, қолым қалт еткен әрбір сәтте неміс тілін оқып, емтихан тапсырмаларының байқау сынамаларын тапсырдым. Күн санап білімімді арттыра түстім, неміс тілінен сөздік қорымды кеңейттім. Ойын-сауықты, қызықты кештерді ысырдым, бәрінен бас тартуыма тура келді. Есесіне тынымсыз ізденістің арқасында алған беттен қайтпайтын қайсарлығымның көмегімен емтиханнан өтіп, сертификат алдым, Германияның 9 жоғары оқу орнынан шақырту алдым.

Ең бірінші адам өзінің мақсатына қаншалықты ынтық, қаншалықты құмар екенін сезіну керек. Сіз мақсатыңызға жету жолында қандай нәрседен бас тарта аласыз, қаншалықты жан-тәніңізбен беріле аласыз, осының бәрін сараптаңыз. Мақсатқа жетуде дұрыс шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасай білу керек. Міне сонда ғана сіз мүмкін еместі шынайы өмірге алып келе аласыз.

– Сіз үшін өмірде ең маңыздысы не? Бәрінен бұрын не нәрсені биік қояр едіңіз?

– Бұл сұрақтың жауабы қарапайым. Мен үшін ең бастысы – отбасы. Мына ғаламда одан артық ешкім де, ешнәрсе де жоқ. Өзімнің бақыт әлемімді қалап, алтын ұяның іргетасын нықтасам деймін. Өмірімдегі ең басты құндылық – отбасы. Өзіңді қауіпсіз, бейқам сезінетін, ешкім ешқайда қуа алмайтын ең қымбат орта. Кеудеңді ең ғаламат сәттермен, бақытпен, шаттықпен, қуанышпен толтыратын, өзіңді дамытуға барынша көмектесетін, қуансаң қуанып, мұңайсаң мұңаятын, сенің өсуіңе бар күшін салатын ортаң – отбасың. Ол – сенің командаң. Болашақта өзіңнің мақтанышыңа айналуың керек ортаны қалыптастыру үшін ең алдымен өзіңді дайындауың керек. Бұл – ең үлкен жұмыс.

– Оқуыңызды бітірген соң жоспар қандай? Сонда қаласыз ба, әлде елге келіп қызмет етесіз бе?

– Шетелдік компанияларда жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинау – зор мүмкіндік және  бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысамын. Бірақ өмір бойы шетелде тұрақтап қалу тілегімдегі нәрсе емес. Әу бастан Қазақстан мен Германия арасындағы логистика саласындағы мүмкіндіктерді зерттедім. Оның болашағы зор екеніне көзім жетті. Осы саладағы қат мамандардың арасында елге қызмет етіп, өзімді осы саладан табатыныма сенімдімін. Осы жерде ерекшелеп айта кететін нәрсе: отбасымды, шаңырағым мен керегемді атамекенімде қалап, өзімнің туған жеріме туымды тігуім керек. Бұл – принципім. Болашақта өзімнің кіндік қаным тамған қасиетті қазақтың ортасында балаларымды туған тілге, Отанға, ұлтқа жанашыр етіп қалыптастырғым келеді. Олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіргім келеді. Ал мұндай үлкен жұмысты бөгде елде жасаған дұрыс емес. Қазақ мұндайда «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп кесіп айтқан. Ал дүниетанымыңды кеңейтіп, көзқарасыңды байыту үшін төрткүл дүниені шарласаң да қылмыс емес. Ол – өзіңді дамыту.

– Білім ошағына ақжолтай тілегіңізді білсек…

– Түлеп ұшқан алтын ұям – Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жасаған зор мүмкіндіктер үшін алғыс айтқым келеді. Оқу орныма талантымен талайды тәнті етіп, білімнің биік шыңын бағындырар, білім ошағының беделін көтеріп, мәртебесін үстем етер болашағы зор шәкірттері көп болуын тілеймін. Білім ошағымыз, алтын ұямыз көркейе берсін, дами берсін, қарқыны арта берсін.

– Уақыт тауып, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!