Бұрын-соңды гауһартастың әуеден алынатынын естіп пе едіңіз? Енді бұл жаңалықтың рас екенін британ компаниясы дәлелдеп, арнайы құрылғы дайындап та үлгерді. Аталған қондырғы ауаны сорып, екі аптадан кейін гауһартас шығарады. Сапасы да көпшілік көңілінен шыққан.
– Бізге атмосферадағы көмірқышқыл газы керек. Ендеше шикізат тапшылығы болмайды. Оның әсерінен қазір климат өзгеріп жатқанын білеміз. Ал сутегін алу үшін жауын суын ыдыратамыз. Сөйтіп осы екі затты қосқан соң, метан аламыз. Одан кейін күннің бетіндегі температураға, яғни 8000 градус цельсияға дейін қызатын шар плазмасы түзіледі. Гауһартасты осылайша екі апта бойы өсіреміз, – дейді жобаның авторы Дейл Винс.
Бұл қиял ғажайып оқиға іспетті. Бірақ жеті жыл бойы зерттеу жұмысын жүргізген эколог Дейл Винс алмазды экологиялық таза тәсіл арқылы өсіруге болатынын дәлелдеді. Енді осы саладағы ірі деген кәсіпорындар ғалым ұсынған тәсілге көшуде. De Beers компаниясы жақында американың Орегон штатында алмаз өсіруге арналған фабрикасын ашып та үлгерді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!