Көктем. Шұғылалы көктем айы… Жан-жағыңның бәрі түлеп, құлпырып, адамдардың бір-біріне деген мейірімі де артатын мезгіл. Қазақта «сәуір болмай, тәуір болмас», «сәуірде тәуір адамдар дүниеге келеді» деген тәмсіл, қанатты сөздер өте көп. Сірә, соған қарағанда адамға жылу сыйлайтын уақыт осы мезгіл сияқты…
Сәуір айын есте қатты ұстауыма тағы бір себеп, менің әке-шешем де осы айда туған аяулы да, ардақты жандар. Сондықтан да ата-анам мен бауырларымның осы айда туғанына байланысты жақсы көруім де заңдылық сияқты. Әлқисса әңгімем де осы айдың жылулығын сезіндірген және де бір мен үшін қымбат жан – ол менің аяулы анам туралы болмақ.
Ана… Бұл сөздің өзі аты айтып тұрғандай, оңынан да, солынан да оқысаң өзгермейтін сөз. Ана сөзіне синонимдер көп-ақ. Бірақ ананың балаға деген махаббаты мен мейірімін ешқандай сөзбен алмастыруға келмейтіні шындық.
Менің анам да мен үшін дәл сондай адам. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шы ғайын деп тұрған анамызға не арнасақ та, қандай жағдай жасасақ та, ол – перзентінің парызы. Бірақ оның балалары, яғни біз қаншалықты анамызға жақсылық жасап қайтарып жатырмыз, оның өзі бір Аллаға ғана аян. Әрине, ана баласынан ешқандай өтеу сұрамайды. Менің саған істеген жақсылығымды қайтар деп те айтпайды. Дегенмен, жасың орта жастан асқанда «Біз осы анамызға қаншалықты құрмет көрсеттік, қанша лықты жақсылық жасадық?» деген ой кейде санаға сілкініс сыйлап тұрады.

Анам, Нәзігүл Жақыпова 1946 жылдың 16 сәуірінде Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Отбасында 8 ағайынды болған. Нағашы атамыз Жақып пен нағашы әжеміз Гүлбаршынның отбасында ерекше махабатпен өскен жан – ол тағы да менің анам. Нағашы атамыз бен әжеміз сегіз баласын бір төбе, анамызды бір төбе қойып, ерекше ықыластарын арнаған екен. Әрине, біздің анамыз да соған лайықты болса керек. Үлкендердің айтуынша, анамыз бала кезінде өте кісі аяғыш болыпты. Сәл нәрсеге ренжігіш, жүрегі өте нәзік бала болып өскен көрінеді. Анамыздың айтуынша, сол заманда тұрмыстары өте жақсы болғанға ұқсайды, өйткені әкесі біраз жыл ауылда қазіргі тілмен айтсақ ауыл әкімі (ауылсовет) болып қызмет атқарған. Барлық баласын оқытып, ер жеткізген. Өз ауылымызда нағашы атамыз елге сыйлы, ауызы дуалы кісі болған көрінеді. Әлі күнге дейін ол кісінің аңыз етіп айтылар тұстары көп.
Анамыз бой жеткен соң үлкендер дің айтуымен Алматы қаласындағы қазір гі қыздар педагогикалық университетінің «Кітапхана ісі» мамандығына оқуға құжат тапсырып, тек бір емтиханнан өте алмай қалады. Содан соң Алматы қаласындағы бухгалтерлер дайындайтын кооперативті техникумға құжат тапсырып, оқуға қабылданады. Сөйтіп, ауылдан келген анамыз сол жерде төрт жыл табан тоздыра оқып, өз ауылына (Шіркейлі) келіп, сол жерде жұмысын жалғастырады. Біраз жыл ауылдағы балабақшада меңгеруші болған, тоқырау жылдарында балабақша жабылып, ауылдық кеңесте бух галтер, материалдық бухгалтер қыз меттерін зейнетке шыққанша абыройлы атқарды. Біз әке-шешемізден бес ағайындымыз. Ағам – Мейрамбек, апам – Айымжан, сіңлім – Гүлмайра, інім Біржан және мен.
Әкеміз бен шешеміз бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, дүние байлық жинамаса да біздің жақсы өмір сүруімізге барынша атсалысты. Әсіресе, анам Нәзігүл бала тәрбиесіне, оның ішінде қыз баласына қатты талап қоятын. Оған не жатады десеңіздер, үй шаруашылы ғы, тазалық, ауланың тап-тұйнақтай болуы, әр заттың өз орнында тұруына қатты мән беретін. Анамыз біз бой жеткен соң, қызға қырық үйден тыйым деген нәрсені миымызға құйып отыратын. Соның барлығы біздің жақсы адам болып өсуімізге әсерін тигізді.
Анам балаларының оқығанына қатты мән беретін. Үнемі ізденгенімізді қалап отыратын. Балаларын жоғары оқу орнында оқыту анамыздың басты арманы, мақсаты болды. Қазіргідей материалдық құндылықтар (ақша, қымбат үй, машина) алға шыққан уақытта, анам үнемі оқыңдар, үнемі ізденіңдер, сендердің адам болғандарың керек, материалдық құндылық уақытша, басыңдағы біліміңді ешкім тартып ала алмайды деп үнемі үгіттеуінің, керек кезінде жақсы ақыл айтуының арқасында қазіргі кезде жақсы өмір сүруіміз де анамыздың бізге салған «білім капиталы» деп айтқан болар едік.
Қазақстан тәуелсіздігін енді алып жатқан кез еді… Сол 1994-1995 жылдары апам Айымжан мектеп бітірді. Қызылорда қаласында ақылы негізде бірінші рет «Сейхун» институты ашылып жатқан болатын. Әкем мен анам қыздарының жақсы оқығанын ескеріп, ақылы болса да осы оқу орнына түсуіне жатпай-тұрмай кірісті. Сол кезде адамдардың түсінігінде ақылы оқу деген нәрсе қалыптаспаған, тіпті жағдайы өте жақсы адамдар да «ақылы» деген сөзден қорқып, бұл оқу орнына сол кезде ауылдан екі ата-ананың ғана баласы оқуға түсті. Қазір ойласам, сонда әке-шешемнің көрегенділігі, балаларының болашағына алаңдап, біздердің қазіргі кездегі жақсы өмір сүруімізге сол кезде іргетас қалаған екен.
Анам өнер десе ішер асын жерге қояды. Сондай мақсатпен, мені ауылдағы музыкалық мектептің қобыз сыныбына берді. Қосымша тартатын аспап – баян. Ауылдағы мәдениет үйінде болатын үлкен мерекелік кештерде біз би билеп, ән саламыз. Сондай кештердің барлығында анам мені қолдап үнемі қасымнан табылатын.
Музыкалық мектепке түскен соң, міндетті түрде төрт жыл оқуың керек. Қобызды үйретуші Дария апай, екінші жылы егер жақсы кәсіби қобыз шы болам десең, қобыз сатып алу керек деді. Содан анам ол арманымды да орындап, қобыз сатып алып берген. Музыкалық мектепті толық аяқтап шыққанмен, өкінішке қарай қобызшы бола алмадым. Бірақ Абай атамыз айтқандай «өнерге әркімнің де бар таласы…».
Анам қазірге дейін сұлулыққа жаны құмар, әдемі ән айтқан қыздар мен мың бұрала билеген бишілерді көрсе ерекше тамсанып қалатыны бар. Қазір анам сексеннің сеңгірінде. Оның күшқуаты, өмірге құштарлығы, балаларына деген шексіз махабаты, мейірімі бір де бір тоқтаған емес. Біз отқа түссек, бірге жанып, суға батсақ, бізді судан шығарып алушы үнемі анам болды. Сізге қарыздармыз.
Қазіргі тілмен айтсам, анам өте коммуникабелді, тіпті креативті адам. Ол қандай істерінен көрінеді десеңіз, бірінші киім киісі, жүріс тұрысы деуге болады. Үнемі ұялы телефонда болып, үзбей жаңалықтар көреді, «You Tube» желісінде отырады, мәдени, шоу жаңалықтарды көріп, өз пікі рін айтып ортаға салады. Жаңа жас әншілердің әндерін тыңдайды. Әсіресе, Т.Төрәлі, Н.Абдуллин, К.Төлембаева, А.Мамырова тәрізді эстрада жұлдыздарының әндерін сүйіп тың дайды. Әлемде болып жатқан жаңа лықтарды бізден бұрын біліп отырады. Киім киісі де елден ерек. Киімді үйлестіріп киюдің шебері.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дегендей, сіз тұрғанда біз әлі де баламыз. Дүние тұрғанша тұрыңыз! Көңіліңізді ешқашан мұң шалмасын! Біз сізбен мақтанамыз!
Күнімжан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
PhD философия докторы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!