Фото: ашық дереккөзден алынды
Кейде балалық шақта көрген қарапайым ғана мультфильмнің өзі есейгенде терең ойға жетелейді. Соның бірі – «Қадірдің бақыты».
Иә-иә, сөзіміз бақытын бір жерде дайын тұрған қазынадай елестетіп, оны табу үшін алысқа аттанған Қадір жайында. Жол үстінде түрлі адаммен кездесіп, сан түрлі жағдайды бастан өткерген жалқау кейіпкердің тағдыры арқылы бақыттың алыстан іздейтін дүние емес, ол адамның өз өмірінде, өз еңбегінде, өз болмысында жатқанын түсінгендейміз
Бірақ бір қызығы – дәл осы сұрақтың жауабы әр адам үшін әртүрлі. Біреу үшін бақыт – байлық пен мансап болса, енді біреуге тыныш өмір мен отбасының амандығы жеткілікті. Ал кейде адам бақытты алыстан іздеп жүріп, дәл қасында тұрған қарапайым қуаныштарды байқамай да қалады. Ендеше, шынында бақыт деген не?
Қарапайым, бірақ күрделі сұрақты әуелі студент Аружанға жолдадық. Сауалды естіген ол ойланбастан бақытты алыстан іздеудің қажеті жоқ екенін айтты.
− Үйге келгенде атаанамның аманесен отырғанын көру, дастархан басындағы қарапайым әңгіменің өзі мен үшін үлкен бақыт, − деді ол.
Ал жас маман Нұрсұлтан бақытты мүлде басқа қырынан түсіндірді. Ол үшін ең маңыздысы – өз ісіңнен ләззат алу. Таңертең оянғанда жұмысқа асығып баратынын айтып, дәл осы сезімді бақытқа теңеді. «Көп адам ақша табуды бірінші орынға қояды, бірақ егер істеп жүрген ісің ұнамаса, ол жұмыстан бақыт таба алмайсың», − деген ойымен бөлісті.
Ал келесі кейіпкеріміз − жас ана Айдананың сөзінен өмірге деген көзқарасының өзгергенін байқадық. Бұрын бақытты үлкен жоспарлармен байланыстырса, қазір бәрі басқаша. Ол үшін қазір баласының күліп тұрғанын көру, денсаулығы – нағыз бақыт.
Мектеп оқушысы Ернар болса, бақытты еркіндікке теңеді. Оның ойынша, адам өз ойын ашық айтып, өз жолын таңдай алса – сол жеткілікті.
Ал кәсіпкер Мейрамбек бақытты ішкі күймен байланыстырады. Ол жетістікке жеткен адамдардың бәрі бірдей бақытты бола бермейтінін айтып өтті. «Егер адам өзөзімен келісімде болмаса, сырттағы ешқандай дүние де оны қуанта алмайды», − дейді ол. Оның пікірін тыңдап, бойында тәжірибеден туған салмақ бар екенін сездік.
Иә, бақыттың жалғыз формуласы жоқ. Әркім оны өз өміріндегі маңызды жайтпен өлшейді. Бәлкім, бақытты күрделендірмей, дәл сол сәтті сезіне білу керек шығар. Себебі кейде адам іздеп жүрген бақыт − дәл қасында тұрады.
Камилла САҒЫНДЫКОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!