фото: ашық дереккөзден алынды

Дударари-дудым,

Бір сен үшін тудым!

Шіркін-ай,

Дудара-ри-дудым!

Осы бір ән жолдарын естігенде, қазақ даласының кең тынысты әуені мен жүрекке жететін шынайы сезімі бірден көз алдыңа келеді.

«Дудар-ай» тек әуезді ән ғана емес, ол – махаббаттың, сағыныштың және тағдыр тәлкегінің көрінісі. Ғашықтарда махаббат тілі болады. Оны бірі − өлең жолдарымен, бірі − күймен жеткізсе, енді бірі − ән арқылы жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» да содан туған махаббат символы.

Бұл туындының тарихы тереңде жатыр. ХХ ғасырдың басында қазақтың ән мұрасын жинаумен айналысқан зерттеуші Затаевич ел арасынан «Дудар-айдың» бірнеше нұсқасын жазып алған. Әннің әртүрлі адамнан жазылуы оның халық арасында кең таралғанын аңғартады. Ән баяу ғана «Мәриям Жагор деген орыс қызы» деп басталып, «Он алты-он жетіге келген кезі» деп үшінші бір тараптың қызды сипаттауымен жалғасады. Қызығы, әннің нағыз қазақ тілінде, ешқандай қоспасыз таза жазылғаны.

Мәриям орыс қызы болса, «Дудар-ай» қалай халық әніне тән иірімдермен жасалғаны көпке сұрақ болды. Әннің бір нұсқасы Ғани Мұратбаевтан алынса, енді бірі Әміре Қашаубаев арқылы жеткен. Әміре атамыздың нұсқасындағы «Дудар-ай» тез жылдамдықпен айтылған. Профессор Жантас Жақыпов «Бұл әннің бізге жеткен, бүгінгі нұсқасы бастапқыдан әлдеқайда дамып, түрленген»,− деп пікір білдірген. Оның айтуынша, «Дудар-ай» жай ән емес, талай жүректі тебірентіп, сазымен сананы жаулаған тамаша туынды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов «Хабар» арнасының «Бір туынды тарихы» деректі фильмінде берген сұқбатында басынан өткен бір оқиғасымен бөлісті.

− «Дудар-айдың» кереметтілігін көзіммен көрдім. Пекиннің «Миньзу» деген университетінде штаттан тыс профессормын. Бір күні қонақ үйдегі көрші нөмірден аспап сүйемелдеуімен әндеткен әйел адамның даусын естідім. Күнде бір әнді қайталай береді. Бірнеше күннен кейін тағы әндете бастағанда құлағыма таныс ырғақ келді. Өзіміздің «Дудар-айды» шырқап бастады. Орнымнан атып тұрып, өзімнің көмекшімді шақырдым. Қасымызға аудармашы жігітті ертіп, әлгі бөлмеге бардық. Америкадағы қытай қызы екен. Халықаралық ән байқауына қатысушылардың бірі. Ән репертуарынан халық әнімізді естіп, жүрегімді мақтаныш керней кетті»,− дейді белгілі профессор.

Әннің мәтініне үңілсек, оқиға бірден кейіпкердің өз аузымен емес, сырттай баяндаумен басталады. Бұл – шығарманың авторы бар екенін аңғартатын маңызды белгі. Кейінгі шумақтарда Мәриям есімді қыздың ішкі жан дүниесі ашылып, оның қазақ жігітіне деген адал сезімі әсерлі жеткізіледі. Әсіресе «Қор болып бір жаманға кеткенімше Алдымнан қазулы көр табылсайшы!» деген жолдар қыздың сүйгені үшін бәріне дайын екенін білдіріп, әннің эмоциялық қуатын арттыра түседі.

Ел арасында ұзақ уақыт бойы бұл әнді Мәриямның өзі шығарған деген пікір айтылып келді. Алайда зерттеушілер мұнымен толық келіспейді. Өйткені әннің әуендік құрылымы мен диапазоны кәсіби деңгейдегі композиторлық шеберлікті қажет етеді. Белгілі композитор Евгений Брусиловский де бұл туындының табиғаты арқа әншілік мектебіне тән екенін атап өткен.

Кейінгі дерекке сүйенсек, «Дудар-айдың» шынайы авторы − Үлебай Әнетов екен. Ол – өз дәуірінде әншілік, серілік өнерімен танылған тұлға. Аңыз бойынша, Үлебай Дүйсен есімді досымен бірге жүріп, Мәриям есімді қызға ғашық болады. Қыздың таңдауы Дүйсенге түседі. Бірақ олардың қосылуы үшін түрлі кедергі кездесіп, екі жас біршама сыналған. Осы сәттерде Үлебай олардың арасындағы хаттарды өлеңмен жеткізіп, сол сезімнің әсерімен «Дудар-ай» әнін дүниеге әкелген делінеді.

Осылайша, уақыт өте келе бұл ән халық жадында сақталып, ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. «Дудар-ай» – тек өткеннің естелігі емес, ол бүгінге дейін жеткен шынайы сезімнің үні.

Ақбота ҚОЛҒАНАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!