Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, медиаменеджер Батыр Қазыбаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның анасы танымал қаламгер, ұстаз Орынша Қарабалинаға көңіл айту жеделхатын жолдады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Ардақты ұлыңыз Батыр Кәкімжанұлы ақпарат саласында табысты қызмет етіп, ірі медиажобаларды жүзеге асырды. Отандық ақпараттық порталдар, радио мен телеарналардың негізін қалап, еліміздің журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Өзінің табиғи қарапайымдылығымен, ұшқыр ойларымен және іскерлігімен елге сыйлы болды. Өмірде адал еңбек етіп, өз ісінің білгір маманы ретінде соңына өшпес із қалдырған Батыр Кәкімжанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Айта кетейік, кеше, 27 наурызда Tengrinews.kz негізін қалаушы және Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Қазыбаев ұзақ аурудан кейін қайтыс болды. Ол 53 жаста еді.

Батыр Қазыбаев – белгілі қазақстандық журналист әрі жазушы, көп жыл бойы облыстық және республикалық газеттердің редакцияларында басшылық лауазымдарда қызмет атқарған, Қазақстан Компартиясы ОК хатшысы болған Кәкімжан Қазыбаевтың ұлы. Батыр Қазыбаев әкесінің жолын қуып, журналистиканы таңдап, табысты медиаменеджер болды.

Батыр Қазыбаев 10 жылдан астам уақыт құрамына Tengrinews.kz, Vesti.kz, Massaget.kz ақпараттық порталдары кіретін медиахолдингті, Жұлдыз FM радиостанциясы, Ретро FM Қазақстан, СТВ телеарнасын басқарды, «Жетінші арнаның» негізін қалады.

Батыр Қазыбаевты медиасфераға жол салған тұлға деп атауға болады. Ол әрқашан жаңа идеяларға ашық еді, бірінші болудан және тәуекелге барудан қорықпады. Осылайша, 2010 жылы Tengrinews жаңалықтар порталы пайда болды.

«Телеарна мен баспасөзге бәсекелес веб-сайт құру туралы шешім тәуекел еді, бірақ Интернет-ресурстар өсетіні түсінікті болды. Бұл қазір өзіміз көріп отырған факт, бірақ 2010-да көп адам күмәнмен қарады. Екінші себеп – Қазақстанның ақпарат кеңістігі шетелдік ресурстарға толы болды. Бұл намысқа тиетін. Мен өзіміздікі болғанын, жаңалықтар Қазақстан тарапынан берілгенін қаладым», – деген еді ол жоба туралы.

Сондай-ақ, Батыр Қазыбаев Қазақстандағы алғашқы Tengri FM рок-радиостанциясын, ал кейінірек елдегі алғашқы қазақ тіліндегі Жұлдыз FM толқынын құрды. Ол негізін қалаған The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалі Алматының визит картасына айналып қана қоймай, үлкен мәдени жобаға айналды.

Батыр Қазыбаевтың бастамасымен 2014 жылы «Жеңімпаздар» жобасы іске қосылды, ол – қазақстандық ҰОС ардагерлері туралы база. Жоба Tengrinews.kz оқырмандарының арқасында толықтырылып отырады.

Ол қазақтілді аудиторияға бағытталған жобаларға да ерекше назар аударды. Massaget.kz жастар сайты іске қосылды. Tengrinews.kz сайтының қазақ тіліндегі нұсқасы, «Жұлдыз ФМ» радиостанциясы, бүгінде қоғамдық-саяси сайтқа айналған «Алаш айнасы» газеті ашылды. «Қазір қазақ тілінде жаңа контент пайда болып жатқан қызық уақыт, оған қатысу – мен үшін мақтаныш», – деген Батыр Қазыбаев.

Нағыз алматылықтар сияқты Батыр Қазыбаев та туған қаласын жақсы көрді. Ол қаладағы Виктор Цой ескерткішін орнатуға бастамашы болған адамдардың бірі. «Біз сүйікті қаламызға сыйлық жасауды ұйғардық, өйткені қаланың жаны болуы керек, қаланың қандай екенін көрсететін маңызды заттар керек», – деді Батыр Қазыбаев ескерткіштің ашылуында.

Alash Media Group ұжымы үшін Батыр Қазыбаев сүйікті басшы болды.

«Ол жан дүниесі үлкен, жүрегі ашық адам еді. Қарапайым, ақылды, әділетті. Қызметкерлерді әрдайым қолдап, тәжірибесін, даналығын бөлісетін. Ол бәріне көмектесуге тырысты, біздің жүрегіміз, идеялардың генераторы болды. Біздің оған деген құрметіміз бен таңданысымыз шексіз. Біз оның мұрасын сақтауға және құндылықтары мен мұраттарын жоғары бағалай отырып, ісін жалғастыруға тырысамыз», – дейді Tengrinews қызметкерлері.

Tengrinews ұжымы, сондай-ақ Alash Media Group Батыр Қазыбаевтың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.