Алдағы жылдары Қазақстанның бірнеше өңірінде халықаралық деңгейдегі 24 жаңа қонақүй ашылады. Қонаев, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Павлодар және Қостанай қалаларында Hilton, Marriott, Rixos, Novotel және басқа да танымал қонақүй желілерінің нысандары бой көтермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтің мәліметінше, алдағы бірнеше жылда Қазақстанның 11 өңірінде әлемдік деңгейдегі 24 жаңа қонақүй бой көтереді.

Жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық жеңілдіктер ұсынылады.

Қай қалаларда қандай қонақүйлер салынады?

  • Hilton және Marriott – Қонаев қаласында; 
  • Novotel – Павлодар қаласында; 
  • Courtyard by Marriott – Қостанай қаласында; 
  • Rixos – Қызылорда қаласында; 
  • Hilton Garden Inn, Hilton Park Almaty және Radisson Blu – Алматы қаласында; 
  • Hilton – Шымкент қаласында. 

Үкіметтің мәліметінше, халықаралық қонақүй желілерінің келуі қызмет көрсету сапасын арттыруға, нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге және Қазақстанның шетелдік туристер үшін тартымдылығын жоғарылатуға ықпал етеді.

Премиум санаттағы қонақүйлерден бөлек, Қонаев қаласында жаңа казино да ашылмақ. Алматы облысы әкімдігінің хабарлауынша, нысанда қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Алматыда дөңгелек терезелерімен ерекшеленетін жаңа сәулеттік үлгідегі қонақүй салу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!