Шымкент мұнай өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмыстары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазМұнайГаз компаниясына сілтеме жасап.

Бұндай жұмыстар кәсіпорынның технологиялық қондырғыларын одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы азаматтық қорғау туралы заңда тиісті талап та бар. Сондықтан зауыттағы жоспарлы алдын алу жұмыстары энергетика министрлігінің жоспарына енгізілген.

Зауытта жұмыс басталған уақытта ішкі нарыққа мұнай өнімдерін біркелкі тиеп жөнелту үшін барлық өнім желісінің жеткілікті қоры жинақталды. Бұл ретте Павлодар мұнай-химия және Атырау мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде отын өндіруді жалғастырады, – дейді зауыт мамандары.

Қазіргі кезде мердігер ұйымдармен жоспарлы алдын алу жұмыстары бойынша алғашқы жиын өтті. Сол жерде қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау және жұмыс процесін тиімді жоспарлау міндеті қойылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!