Бала тәрбиесі жайлы жазылған кітаптарды парақтағанда көш басында Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасы» тұрады. Осыдан жүз жыл бұрын жарық көрген еңбектің ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ата-ана, мұғалімдерге шамшырақ іспетті болғаны рас. Бір қызығы, ғасыр бұрын жазылған кітаптан қазіргі жаңа ғылымды көруге болады.

«Педагогика» алғаш рет 1922 жылы Орынбор қаласында басылған. Арада бір жыл өткен соң Ташкентте қайта басылған кітап Мағжан Жұмабаев ақталған соң да жарық көрген. Бірақ еңбектің толық нұсқасы былтыр ғана түгенделіп, оқырманға қайта жол тартты. «Marfu Press» баспасы шығарған «Педагогиканың» басты ерекшелігі, ақынның өзі баспаға дайындаған 1922, 1923 жылғы нұсқаларды салыстыра отырып шығарылған. Бұл орайда баспа қызметкерлерімен қатар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкелері де үлкен үлес қосқан.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан жиырма жасында «хас ақын» деген ат алған Мағжанның «ұрпақ тәрбиесі жайлы, соның ішінде «Педагогиканы» жазуына не әсер етті?» деген сауалдың көпшілік көкейінде туындайтыны рас. Бұл жайында ақынның ойына тоқталмас бұрын қазақ даласында алғаш жарық көрген оқулықтар жайлы айтқан дұрыс секілді.

1912 жылы А.Байтұрсынұлының «Әліппесі» басылып шыққанға дейін қазақ даласында ұлттық емлемен жарық көрген бірде-бір оқулық болмаған. Осы қозғалыстан соң 1913 жылы Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы», одан кейін Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл құрал» оқулығы басылған. Бұл оқулықтар қазақ даласында білім жолындағы ізденістердің басталуына әсер етіп, зиялы қауым ұлттық оқу құралдарымен оқу керектігін, ұлтқа жақсы мұғалім, оқу бағдарламасы әрі қазақ мектептеріне ұлттық сипат беру қажеттігін түсіне бастаған.

Ал Мағжанның «Педагогиканы» жазуына мұғалімдер курсында оқуы себеп болған. Ақынның өзі бұл туралы: «Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден тізілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып, жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.

Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтың педагогика туралы еңбектері)», − деп жазады кітаптың алғысөзінде.

Кітаптың басты құндылығы сол, мұндағы педагогика, медицина ғылымдарының басты ережелері жан-жақты талқыланып, қазақ тұрмысына лайықталып жазылған. Содан болар, 100 жылдан соң да кітаптың жаңа оқырмандары көбейе түскен. Ақын еңбегін таразылап отырып, қазіргі педиатр, нутрицолог мамандардың айтып жүрген зерттеулерін қапысыз тануға болады. «Сонда ғаламторы жоқ заманда автор бұл мәліметтерді қалай білген?» деп таңқалмасқа шараң қалмайды. Тіпті, кей тұстарында Мағжанды педагог қана емес, дәрігер-педиатр деп қабылдағың да келеді. Сөзімізге кітаптың мына үзінділері дәлел:

«Қандай үйдің болса да жарық болуы керек болатын болса, бала бөлмесінің жарық болуы тым керек. Қараңғы үйде тәрбиеленген баланың өсуі шабан болады, тамағы қанша жақсы болса да, зағып, нашар болып өседі. Сондықтан бала жататын бөлменің жарығы мол болу керек.

Балаға шай ішкізу тіпті дұрыс емес. Кәмпит, бірәндік, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де жарамайды. Бір жасқа толмаған жас бала түгіл, 2-3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазартып отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шыныаяққа орап тазарт». Осы сынды баланың жан және дене тәрбиесіне қатысты ой түйерлік дүниелер кітапта кеңінен берілген.

      «Педагогика» − жоғары оқу орындарындағы болашақ ұстаздар оқуы тиіс әдебиеттер  қатарындағы басылым. Алдайда бұл еңбекті әрбір ата-ана оқыса құба-құп. Себебі бала тәрбиесі – жан-жақты зерттеуді қажет ететін үлкен бір ғылым.  

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде «Педагогика» жайлы жазылған оқырмандар пікірін жиі байқауға болады. Еңбекте айтылған ақпараттарды тәжірибеге ілестірсе, кітаптың құндылығы арта түсетіні анық. Осы орайда кітапты қайта баспаға дайындаушының бірі Марфуға Шапиянның өз тәжірибесі жайлы мына пікірін көзіміз шалды:

«Осыған дейін бала тәрбиесіне қатысты қанша кітап оқыдым, бірақ Мағжанның «Педагогикасында» қарапайым тілмен айтылған кей дүниелер ол кітаптарда жоқ. Өзіме көп инсайт алдым. Ішінде ескілеу де дүниелер бар. Бірақ көбісі дәл бізге керек екен. Өзім осы кітаптан үйренген бір нәрсені айтайын. Әдетте ұлым Кенесары жүгіріп жүріп құлап қалса немесе басын бір жерге соғып алса, сол жерді қолмен ұрып «мәқ-мәқ» дейміз, бала жылағанын қоя қояды. Әрі өзіне соққы әкелген жерді жазалағанына мәз болар. Ал Мағжан «Балаға өш алуды үйретпеңдер. Тіпті жансыз затты да ұрмаңдар. Мейрімді бала тәр­бие­лең­дер» дейді. Арты­нан сара­лап қара­сам, шыны­мен біз кіп-кішкен­тай балаға өшпен­ділікті үйретіп жатыр екенбіз. Өйткені Кенесары әпкесі Аяла жылатып қойса да, «мәқ-мәқ» деп тұра ұмтылады. Енді сол әдетімізді қойып келеміз», – дейді ол.

Бір ғасырлық тарихы бар кітап жайлы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ еңбекті егжей-тегжей зерделеп, кәдеге жарату қашанда тек оқырман еншісінде.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!