Өмірдің көшірмесін кітапқа қаз-қалпында түсіру оңай емес. Балалық пен даналық ара­сын­дағы жолды есті естелікке айналдыру жақсы ой. Бұған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Айналайын, Азат­тық!» атты кітабының жарық көруі мысал. Кітаптың тұсаукесері Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өтті.
Жиынды белгілі ғалым, тарих ғылым­да­рының кандидаты, облыстық кітапхана дирек­торы Нұрлыбек Мыңжас жүргізді.

– Кітаптың тілі шұрайлы, ұғынықты жа­зылған. Әсіресе, маған әлемдік саясатқа тікелей ықпал еткен тұлғалардың бірі Генри Киссинджер және пинг-понг саясаты туралы тарауы ерекше ой салды. Киссинджер АҚШ пен Қытай қарым-қатынасын реттеуде түрлі саяси айла-тәсілдер ойлап тапқан адам екен. Кітап осындай құнды естеліктерге толы, – деді ол.
Сонымен қатар облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, ізгі істің басы-қасында жүрген қайраткер жайында ой бөлісті. Әкім, министр, елші сынды маңызды қызметті абыроймен атқарғанын тілге тиек етті.
– Кітап атауының өзінде философиялық тұжырым жатыр. Қазақтың айналайын деген сөзі сенің жолыңда менің жаным құрбан, сенің мұңыңды маған берсін дегенді білдіреді. Осы бір ғана сөзде жанашырлық, мейірім мен шексіз махаббат жатыр. Ойлап қарасақ, бұл сөзді өзге тілге аудару да, өзге ұлтқа түсіндіру де – қиынның-қиыны. Оны түсіну үшін қазақ болып туу керек. Ал азаттық сөзі – еркіндік. Азаттықтан айырылу – адамның да, халықтың да табиғи болмысына кереғар құбылыс. Азат халық қана әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына түсіп, тарих сахнасында сақталып қала алады, – деді Н.Байқадамов.
Кітаптың тарауы айрықша тақырыбы, мәнді мазмұнымен ерекше. Азаттық таңы атқан еліміздің іргелі дамуы мен саяси мәселе де қаузалып, ұстаздары жайында да тебірене жазған. Жиында Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, саяси ғылымдар докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы да сөз алып, тарауын тарқатып айтты.
Жиын соңында қатысушылар «Елім деп соққан жүректер» тақырыбында жасалған арнайы кітап көрмесін тамашалады. Мұнда Көшер­баевтар әулетінен тараған Елеу Көшербайұлы, Айтбай Көшербайұлы, Қырым­бек Елеуұлы мен Жомарт Елеуұлының әр жылдары жарық көрген кітаптары, мерзімді басылымда жарияланған мақалалары қойылған.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!