Абай Құнанбев мұрасы күндері Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты одан әрі нығайту мақсатында өткізіледі деп хабарлады turkystan.kz turanews.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасына арналған шараны Өзбекстанның Туризм және мәдени мұра, Сыртқы істер, Мәдениет, Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі, Халыққа білім беру министрліктері, Жазушылар одағы, Ғылым академиясы, Республикалық рухани-ағарту орталығы, Халықаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыстар комитеті, Ұлттық телерадиокомпания және Орталық Азия халықаралық институты ұйымдастыруда.

Мәдениет күндері аясында бірқатар ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, ақынның шығармашылығына арналған көрме ұйымдастыру. Сонымен қатар Өзбекстанның орта және жоғары оқу орындарында екі елдің белгілі ақын-жазушылары мен ғалымдарының қатысуымен Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған шығармашылық кеш, Ұлттық Академиялық драма театрда «Абай» қойылымы көрсетіледі.

Өзбекстан Жазушылар одағы мүшелерінің қатысуымен жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттерінде Абай шығармашылығына арналған іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар, Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінде Ташкент мемлекеттік шығыстану университетімен бірлесіп, «Абай философиясы мен Орталық Азия ойшылдары» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, «XIX ғасырдағы өзбек және қазақ ойшылдарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы және дүниетанымының нығаюы мен дамуы» тақырыбындағы ғылыми конференция, Абай өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілімі, Ташкент, Науаи, Жызақ, Сырдария облыстарында Абай шығармашылығына арналған мәдени-шығармашылық кештер болады деп жоспарланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!