Тырналар

Тырналар ұшып барады,
Белгісіз жаққа тыраулап…
Бір сезім бойға тарады,
Қалсам ба деп сұрау сап?!

Ойланамын дегенше,
Ұзап кетті тырналар.
Қош бол, қайтып келгенше,
Қойыла жатар сұраулар.


Күміс күлкі көктеміңмен ерте кел!

Әйел – Ана,
Әйел – Ару,
Ертегі ел.
Сыры жұмбақ,
Нәзік жанды еркелі ел.
Аналарым,
Аруларым өзіңмен,
Күміс күлкі көктеміңмен ерте кел!

Аруларды келе жатқан гүл атып,
Алмайықшы тектен-текке жылатып.
Сезіммен де, сеніммен де аялап,
Жүрейікші жылы сөзбен жұбатып…

Сендер үшін ата берсін ақ таңдар,
Сырлы әлемнің сұлулығын сақтаңдар.
Сендерсіңдер отбасының тірегі,
Тіршіліктің тауқыметін тартпаңдар.

Әйел – АЛЫП,
Әйел – Бақыт,
Береке…
Әйелдерсіз керілмейді кереге.
Құтты болсын,
Құтты болсын Арулар
Көктемменен бірге келген мереке!

Сағыныш
Сыныптастардың сезімі мен сағынышы туралы бір үзік сыр.

Сол кездегі көгілдір,
Көктемді сағындым.
Білім берген мөп-мөлдір,
Мектебімді сағындым.

Он бір жыл өткен өзіңмен,
Қыс-жазымды сағындым.
Тәлім берген төзіммен,
Ұстазымды сағындым.

Сығынышты кім ұқпас,
Сонау жылы сыныптас,
Өздеріңді сағындым.

Сыйласатын сыпайы,
Сырласатын шынайы,
Сөздеріңді сағындым.

Жәудіреп тура қарайтын,
Жанардан шуақ тарайтын,
Көздеріңді сағындым.

Сезімдер ішке сыймайтын,
Сездіре алмай қинайтын,
Кездерімді сағындым…

Ай төбеден асқанда

Аспан асты, тым ашық,
Сол күн алғаш сыр ашып…
Есіңде ме, қалқатай,
Кеткеніміз қыр асып.

Ақша бұлт жоқ аспанда,
Қарадың сен аспанға.
«Қайтайық» деп қиылдың,
Ай төбеден асқанда.

Құрбым солай қиналдың,
Сол кешті мен қимадым.
Көп жұлдызды көктегі,
Көлді саған сыйлағым.

Жұлдыздарға көктегі,
Қолым бірақ жетпеді.
Сол кеш кейін көңілден,
Көпке дейін кетпеді…

Сондағы қайың сыбдыры,
Келеді дәйім құлаққа…
Судың да аққан сылдыры,
Қалып қойды құлақта…

Сол күндер

Албырт сезім аласұрып,
Бір көрмесем сағындым.
Талай түнде таң асырып,
Тәңірдей саған табындым.

Білдіре алмай бал сезімді,
Бәрі солай басталды.
Жеткізе алмай жан сезімді,
Жүрек неден жасқанды?

Іздеп барып үн қата алмай,
Өзіме лағнет атушы ем.
Тура барып тілдесе алмай,
Еңсем түсіп қайтушы ем.

Сол Мәжнүн кездерімде,
Сонан да алдым ләззат.
Сездің бе әлде сезбедің бе,
Шектім солай шын азап…

Тоғыспады тағдырымыз,
Таптың сен оны басқадан.
Мен де, сен де, барлығымыз,
Бүгінде болдық «басқа» адам.

Бұның бәрі айтуға оңай,
Ғашықтық екен ғазабат…
Сеземісің достым солай,
Ең алғашқы махаббат.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!