Жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беру заманымыздың өткір талабы екендігі айқын. Жаһандану уақытында білім беру жүйесінде тәрбие беру ұлттық және рухани негізде үйлестіре жүргізуді қажет етеді. Осыған орай адам тәрбиелеу – адамзаттың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі,  азаматтық борышы.

       Ықылым заманда айтылған «Бала тәрбиесі – мемлекеттің маңызды міндеті» деген  Платонның  сөзі бар. Өйткені ұрпақ тағдыры дегеніміз – қай заманда да ұлт тағдыры. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешілуде. Бүгінгі тәжірибемізде жастарға адамгершілік-рухани құндылықтардың  даму  жолдарын айқындап беру өзекті мәселе болып отыр.

 Сара Алпысқызы Назарбаеваның жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы тәрбие ісіне теңдессіз үлес қосып келеді. Бағдарлама жас ұрпаққа білім берудің барлық деңгейлерінде олардың рухани-адамгершілік кемелденуінің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз етеді.

Білім беру ұйымдарының алдындағы негізгі мақсат- жастардың бойында жалпыадамзаттық құндылықтарды дамытып, қалыптастыру жолдарын ғылыми және практикалық тұрғыда зерттеу әрі оның әдістемесін жасау. Білім беру жүйесінде тәрбиенің оқытудан басымдылығы және шын мәнісінде, тәрбиені оқытудың құрамдасы ретінде енгізу, адам бойындағы рухани құндылықтарды қалыптастыру, оны тәжірибеде қолдану қағидалары қарастырылады.

        Руханилықтың негізінде адамның мінез-құлқы қалыптасады, өзін-өзі бағалау және адамгершілік сапалары дамиды. Жеке адамның адамгершілік санасының дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайды. Бұл жастардың санасында рухани жаңғырудың басымдықтарын қалыптастырудың өзектілігін айқындады.

         Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар қазіргі қоғамдағы білім беру мәселелерінің өзегі болғанда ғана өз шешімін табады. Сондықтан болашақ мұғалім алдымен өзінің жоғары рухани табиғатын жете түсінуі және жалпыадамзаттық құндылықтарды күнделікті өмірде қолданудың үлгісі болуы тиіс. Сонда ғана ол әрбір оқушыға рухани-адамгершілік білімді жеткізе алмақ.

       «Өзін-өзі тану» пәнінің негізгі міндеті әрбір білім алушыға өзінің адами және кәсіби мұратын жаңаша түрде ұғынуына мүмкіндік туғызу десек, бұл пәннің адамгершілік-рухани құндылықтарын қалыптастырудың маңызды құралы екендігі айқындала түседі. Өзін-өзі таныған, өмірдің мәнін түсінген адамның ешқашан сол қалпында қала алмайтынын әйгілі Томас Манн айтып кеткен болатын.

     Бағдарлама мазмұны Қазақстан қоғамындағы жастардың бойында жалпы адамзаттық, жалпыұлттық, этномәдени және тұлғалық құндылықтарды үйлесімді дамытуға бағдарланған. Аталған құндылықтардың адамның өзін толық іске асыруына, өз рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғынуына, қоғамға қызмет етуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.

     Рухани-адамгершілік білім беру мынадай жалпы мақсаттарға негізделеді:

    – әрбір жастың жан дүниесін сезінуіне және өзінің дербестігін түсінуіне ықпал ету;

 –    өзінің өмірлік позициясын анықтау;

   –   әртүрлі мәселелерді адамгершілік нормаларға сәйкес конструктивті шешу;

       – өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау.

       Рухани-адамгершілікті тұлға бойында дамытуда күтілетін нәтижелер-  өзін-өзі тануға, өзгелерді тануға, әлемді тануға, адамзаттың рухани тәжірибесін тануға қабілетті болу.

      Бұл нәтижелердің көп деңгейлік жүйесі бір жағынан, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді оқу-тәрбие мақсаттары түрінде бағдарланса, екінші жағынан, білімгерлердің рухани-адамгершілік даму көрсеткіштері және рухани-адамгершілік құндылықтардың көрсеткіші болып табылады.

Еліміздегі білім беру үдерісінде жастардың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру жоғары деңгейде көрініс тапқан.

Рухани-адамгершілікті қалыптастыруға бағытталған бағдарламалардың балабақша тәрбиесінен бастап ЖОО-да жүргізілетіндігі – үздіксіз үдерістің  жарқын айғағы.

        Білім берудегі инновациялық ерекшеліктерді ескере отырып, «Өзін-өзі тану» пәні еліміздің болашағы – жастарды, ұдайы өзін-өзі дамытуға, кемелдендіруге, рухани баюға бағытталған тұлғалық дамуды қамтамасыз ететін білім берудің маңызды бөлігі ретінде қаралады.

          Рухани-адамгершілік құндылықтарды дамыту, педагогикалық кадрларды даярлау және ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру сынды негізгі бағыттардың жолға қойылуы – қоғамның негізгі даму басымдықтарын айқындайтын білім беру саясатының үлкен жетістігі.  Яғни, еліміздің туын асқақтатар білімді, білікті, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – біздің алдымыздағы ең басты міндет. Ал ұрпақ тәрбиесінде рухани-адамгершілік тәрбиесінің маңызы қай қоғамда, қай кезеңде болмасын күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Бірінші ұстаз Аристотельдің «Ғылымда ілгері ұмтылғанмен, адамгершілігі ақсап жатса, ондай адамның алға басуынан гөрі, кері кетуі тезірек» — деген сөзі жасалған  қадамдарымыздың дұрыстығын дәлелдей түседі.

«Бөбек» балалар қайырымдылық қорының Президенті С.А.Назарбаеваның бастамасымен Қазақстан Республикасында 2001 оқу жылынан бастап балабақша, орта мектеп және жоғары кәсіптік оқу орындарына «Өзін-өзі тану» эксперименттік курс ретінде енгізілді. Осы бастама негізінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда  университетінде 2002-2003 оқу жылында  эксперименттік алаң іске қосылған еді. Соңғы жылдары да университетімізде білім алушылар мен оқытушылардың рухани құндылықтарын қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«Өзін-өзі тану» кабинетінің қазіргі талапқа сай материалдық-техникалық құралдармен жабдықталуы, психологиялық жайлы жағдай жасалуы білім алушылардың бұл пәнге деген қызығушылықтарын еселеп арттыруда.

 «Өзін-өзі тану» пәнін оқыту барысында өз-өзімен толық үйлесіммен өмір сүруге дайындау бағытындағы бейне-жазбалар, дыбыстық сүйемелдеу (жоғары оқу орындарына арналған), аудио таспалар және классикалық музыкалар кеңінен пайдаланылады. Сабақты жүргізушілер республикамыздың беделді ғалымдарының жасаған философиялық, педагогикалық, психологиялық, этнопедагогикалық, әдіснамалық тұжырымдамаларын басшылыққа алуда.

 «Өзін-өзі тану» курсын облыс аймағына кеңінен насихаттау мақсатында университетте бірқатар жұмыстар атқарылды. Білікті мамандар отандық ақпарат құралдары арқылы жастарға рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау жұмыстарын жүргізді.  «Өзін-өзі тану»  курсы бойынша сабақтар  «Хабар» телеарнасы арқылы бүкіл елге  таратылды. Сондай-ақ, облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Новая Кызылорда» және  «Сыр түлегі» газеттері беттерінде бірнеше рет «Өзін-өзі тану» пәні сабақтарының маңыздылығы, жастарды тәрбиелеудің өзектілігі туралы мақалалар жарық көрді. «Русское радио-Азия», «Радио-Сета» радиоарналарында «Конфликтідегі адам» тақырыбында бірінші курс студенттеріне өткізілген сабақ жастардың адами құндылыққа бағытталған пікірлері мен көзқарастарын қалыптастыруға ықпал етті.

        Жалпы білім беру жүйесін ізгілендіру қажеттілігі, қазіргі таңда рухани -адамгершілік тәрбие беру мәселесінің өзектілігі күн санап арта түсуде. Осы ретте «Адамның үйлесімді дамуы  ұлттық институты» филиалының ашылып,  Ынтымақтастық меморандумы  жасалғанын атап өткеніміз орынды. Аталмыш институт филиалы ЖОО арасында алғаш рет біздің университет базасында құрылды. Алдағы уақытта облыс аймағындағы педагогтер мен ЖОО оқытушыларына «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша біліктіліктерін арттыру, жастарды тұлғалық дамыту, ішкі үйлесімділіктерін қалыптастыруды тәжірибелік жүзеге асыру жоспарлануда.

Адамның рухани жан дүниесін ашуға көп көмегін тигізіп келе жатқан «Өзін өзі тану» пәнінің балаларға, ата аналарға, ұстаздарға берер көмегі зор.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дары «Бө­бек» қайырымдылық  қоры  барша қауымға, әсіресе жетім балалар мен ата-ана қам­қор­лығынан тыс қалған сәбилер үшін ауыр кезеңде  қа­йы­рымдылық, ізгілік қолын соз­ғаны баршамызға аян. Ана жылуынан айырылған балаларға әлеуметтік көмек беруде қыруар шаруалар атқарған қайырылымдық қоры бүгінге дейін сол ізгілікті істерді жүзеге асырып келеді. «Бөбек» қоры талай жүрегі жүдеу  жас өскіннің бойында болашаққа деген сенім ұялатып, оларды рухани жағынан тәрбиелеп,  өмірдің дұрыс жолына бағыттады.

Осы орайда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің атқарған жұмыстарын атап өткіміз келеді. Университетте білім алатын тұл жетім, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шықан білім алушыларға, сонымен қатар, спортта, өнерде жетістікке жеткен белсенді  студенттерге әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 

Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаев «Кімде-кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе, адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі дейміз» деп айтқандай, рухани-адамгершілік құндылықтарды ұрпақ бойына дарытып, әлеуметтік ортадағы мейірімділік, ізгілік қасиеттерге тәрбиелеу, жастардың өмірге оң көзқарастарын қалыптастыру бүгінгі нақтылықтың негізгі мәселесіне айналды.

С.Дәрібаева

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті

Педагогикалық-психологиялық білім беру және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы