8 маусымда Филиппиннің Минданао аралы жағалауында магнитудасы 7,8 болатын жер сілкінісі болды. Өңірде цунами қаупі жарияланды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі eadaily-ге сілтеме жасап.

Ел президенті кіші Фердинанд Маркос тұрғындарды цунами қаупіне байланысты биік жерлерге көшуге шақырды.

«Цунами туралы ескертуді елеусіз қалдырмаңыздар. Дереу биік жерлерге шығыңыздар», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, жер асты дүмпулері салдарынан кемінде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған. Сондай-ақ бірнеше ғимарат қираған.

Минданао аралындағы Генерал-Сантос халықаралық әуежайы жер сілкінісіне байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. Бұл туралы Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасы мәлімдеді.

«Филиппиннің Азаматтық авиация басқармасы жер сілкінісіне байланысты Генерал-Сантос әуежайының жұмысын уақытша тоқтатқанын хабарлайды», – делінген ведомство мәлімдемесінде.

Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының дерегінше, қуатты жер сілкінісінен кейінгі екі сағат ішінде кемінде 11 афтершок тіркелген. Олардың магнитудасы 4,8 бен 6,5 аралығында болған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!